Сайлаушылар сенімінен шығу – міндетім

Сайлаушылар сенімінен шығу – міндетім
ашық дереккөз
Сайлаушылар сенімінен шығу – міндетім
Жақында елімізде маңызды саяси науқан – Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өткені белгілі. Осы сайлауда мен екінші рет қатарынан облыстық мәслихаттың депутаты мандатына қол жеткізіп, тағы бір мәрте сайлаушылардың сеніміне ие болдым. Бүгінде сол сайлаушылар сенімінің үдесінен шығу үшін бар күшімді салуға кірісіп те кеттім. Себебі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген: «Депутат болу – биік мансап емес, бұл – зор жауапкершілік және маңызды міндет. Сіздерді халық сайлады. Жұрт өздеріңізге сенім артып отыр. Ел сенімі – ел аманаты» деген сөзі әр халық қалаулысының жадында сақталып қалғаны әрі оларға үлкен міндет жүктеп отырғаны сөзсіз. Ел арасында жүргеннен кейін депутаттық мандаттың артында үлкен міндет тұрғанын жақсы түсінеміз. Депутат деген аты үшін ғана депутат болмау керек, елмен, халықпен бірге жүріп, олардың мұң-мұқтажын біліп, оның шешілуіне ықпал етуге тиіспіз. Облыстың барлық өңірінде өзекті мәселелер жетерлік, соны орны-орнымен көтерген жөн. Бұл біздің жұмыстың, депутаттық мандаттың бір парызы деп есептеймін. Бұған дейін де халық қалаулысы бола жүріп, елмен, қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істеп келдім. Жүрген жерімде көп мәселе көтеріп жүремін, әсіресе, білім саласының төңірегіндегі түйткілді мәселелер толғандырады. Мектептердің жай-күйі, олардың күрделі, ағымдағы жөндеулері дегендей мәселелерді өз назарымнан тыс қалдырмауға тырысамын. Өйткені, білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін сапалы білім беру керек. Ол үшін мектептер көптеп соғылуы тиіс, барының өзін жақсы деңгейде ұстап, уақтылы әрі сапалы жөндеп отыру қажет. Өткен шақырылымның депутаты болған кезімде Талас ауданындағы бірнеше мектептің күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу мәселесін облыстық мәслихат сессиясында көтеріп, олар өз шешімін тапқан болатын. Мені азамат ретінде де, депутат ретінде ауылға қатысты барлық мәселе толғандырады. Мемлекет басшысының Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобалары ауылды дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаға арқау болуға тиіс. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейту маңызды. Өнім көлемін арттыруға және оны әртараптандыруға баса мән берген жөн. Ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға сапалы заңдар қажет», дей отырып, ауыл шаруашылығы саласын дамыту қажеттігін тағы бір мәрте еске салғаны да тегіннен тегін емес екені анық. Мен де сайлауалды бағдарламамда алдыма ауылдағы өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ететін мақсаттарды қойдым. Ең алдымен қолға алған мәселемнің бірі – Талас ауданындағы бірқатар ауылдық округтер бойынша әлі күнге жылу жүйесі табиғи газға қосылмаған әлеуметтік нысандардың жайын көтеру болды. Мәселен, елді мекен толықтай табиғи газға қосылғанымен, Үшарал ауылындағы Ә.Сағынтаев атындағы орта мектебі, ауылдық мәдениет үйі мен спорт кешені, Бозарық негізгі мектебі, Арал ауылындағы Талас негізгі мектебі, ауылдық медициналық пункті, Қайыр ауылындағы Абай негізгі мектебі мен осындағы медициналық пункт, №1 фермадағы бастауыш мектептің жылу жүйелері әлі күнге табиғи газға қосылмай отырғанын айтуға болады. Алдағы уақытта бұл мәселелерді мүмкіндігінше тезірек шешу жайы менің жіті назарымда болмақ. Депутат – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Олар көп арасында жүріп, қоғамның өзегінде қайнап жатқан өткір мәселесін көтереді. Жалпы, менің ең басты мақсатым – туған Отанымның, тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне қолымнан келгенше үлесімді қосу. Сондықтан депутаттық міндетті ауыр жүк деп емес, азаматтық парыз деп қабылдай отырып, өзіме сенім артқан сайлаушыларыма үлкен алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта өзімнің сайлауалды бағдарламамда көтерген өзекті мәселелердің оң шешілуі жолында жұмыс істей бермекпін.  

Жұмахан ТӘНКЕБАЕВ,

жеке кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты.

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар