Мәдениет үйі: билік неге жөндеуге емес, бұзуға бейіл?

Мәдениет үйі: билік неге жөндеуге емес, бұзуға бейіл?
ашық дереккөз
Мәдениет үйі: билік неге жөндеуге емес, бұзуға бейіл?
«Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» демекші, Теріс ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу мәселесінің көтеріліп келе жатқанына біраз жыл болды. Іргетасынан бастап қабырғасы таспен қаланған ғимаратты ел игілігіне айналдыру Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданның Құрметті азаматы, марқұм Тұрмағанбет Мықтыбековтің арманы еді. Ол кісі бұл мәселені көзі тірісінде аудандық «Жаңа өмір» мен облыстық «Aq jol» газетінде талай көтеріп, билік назарына жеткізуге тырысып бақты. Ардагердің өтініші әкімдікте талай қаралып, бірнеше рет қаржы да бөлініп, жоспарға да енген болатын. «Өмір бар жерде өлім бар» демекші, ардагер бақилық болған соң, бұл мәселе де қайта жабулы күйінде қалып қойды. Соңғы жылдары ауыл тұрғындары бұл мәселені қайта көтеріп, облыс әкіміне дейін шықты. Ауыл тұрғыны Қалан Мәмбеталиевтің «Ауыл жастарына мәдениет үйі керек» деп, бармаған жері, баспаған тауы қалмады. – Жүз елуден астам тұрғын үйі бар ауылда мәдениет үйі жоқ деген не сұмдық? 2005 жылға дейін жұмыс істеп келген мәдениет үйін күрделі жөндеуге қоямыз деп жапқалы да біраз жыл болды. Әне жөнделеді, міне жөнделеді деп жүргенімізде уақыт шіркін де зымырап өте шығыпты. Әнебір жылы бұза қаламыз, орнына ойын алаңын саламыз дегендер де болды. Оған халық өре түрегеліп қарсы болды. Жақсылап күрделі жөндеуге кіргізіп, қайта жаңғыртып берсе әлі жүз жыл тұрар еді бұл ғимарат, – дейді ол. Бұл мәселе аудан әкімінің алдында да үнемі көтеріліп келеді. Былтыр ауыл халқы мәдениет үйімен қатар, ауыз су мен ағын су мәселесін де көтерген болатын. Қос мәселе жергілікті билік тарапынан оң шешімін тапты. Қалып отырғаны осы мәдениет үйі. Кезінде мəдениет үйінің тасына қызыққандар оны бұзып, тасын тасып əкету үшін барлық құйтырқылыққа барған. Осы күнге дейін кəсіпкерлердің көзі түскен ғимаратты көздің қарашығындай қорғап келген халық енді одан шынымен айырылып қаламыз ба деп уайымдайды. Өйткені, алдыңғы жылы аудан əкімдігі ол ғимаратты жарамсыз деп таныту үшін облыстан арнайы мамандар шақыртып, құжатын жасатқан. Ғимаратқа қорытынды шешім шығаруға келген адамдар «Мына ғимаратты бұзудың өзі обал. Əлі екі-үш ғасыр тұратын нысан екен. Мықты соғылыпты. Тастың берік қаланғаны соншалықты, қабырғаға жарық сызаты түспеген» деп таңданыпты. «Ал, енді неге мұны жарамсыз етіп шығарғалы отырсыздар?» деген тұрғындарға «Бізге сондай тапсырма түсті. Обал-ақ. Мəдениет үйі сіздерге керек болса, бұздырмауға тырысыңыздар» деп кетіпті. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары талай мəдениет үйлері мен клубтар болмашы ақшаға сатылып, бұзылып кетпеді ме? Ал, бұл 150 орындық мəдениет үйі ауыл тұрғындарының ұйымшылдығының арқасында бұзылудан аман қалған еді. Мəдениет үйі 1973 жылы пайдалануға берілген. Іргетасынан бастап таспен өрілген ғимаратты Кавказдан келген құрылысшылар екі жылда тұрғызыпты. Дəл осындай клуб Нұрлыкент ауылында да болған. Жекеге өткен мəдениет үйі бұзылып, жиырма жылға жуық орнында үйіндісі шашылып жатты. Бұл да бұзылса, соның кебін киері анық. Ал, қазір сол Нұрлыкент ауылына 150 орындық мəдениет үйі қайта салынып, былтыр ғана пайдалануға берілді. Жоғарыда айтқанымыздай, ғимаратты кезінде Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Тұрмағанбет Мықтыбеков жөндеу керек деп айтып, бірнеше рет жазып жүріп, биліктің назарына жеткізген еді. Ал, осыдан бірнеше жыл бұрын оны жөндеуге 30 миллион теңге қаралған. Белгісіз себептермен ол тоқтап қалды. – Бір-екі жыл бұрын алдыңғы аудан əкімдерінің бірі келіп, мəдениет үйін бұзамыз, орнына ойын алаңын саламыз деді. Біз бірден қарсы болдық. Өйткені, бұзу оңай. Ал, оны қайта салу мүмкін емес. Оңай жолмен ғимаратты сырып тастай салмақ. Əйтпесе, кезінде құлайын деп тұрған, қышпен соғылған ғимараттардан да балабақша ашты емес пе? Тәуелсіздік алғанымызға отыз бір жыл болды. Осы жылдары ауылда бір ғимарат салынып, бір ғимарат күрделі жөндеуден өткен жоқ. Еш болмаса тәуелсіздіктің игілігі үшін осы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп берсе немесе басқа жерден жаңасын салып берсе, – дейді Қалан Мәмбеталиев. Дегенмен, ауыл тұрғындары тартысқа түсіп барып, бұзылып кетуден аман қалған ғимараттың қайта жаңғыртылғанын қалайды. Әзірге «баяғы жартас сол жартас» күйінде қалқайып тұр. Қашанға дейін осылай тұра берерін кім білсін? – Мұндай ғимарат түкке тұрмайтын ақшаға сатылып, бұзылып кетсе, əрине, обал болады. Оның іргетасы мен қабырғасы мықты. Тек төбесі мен есік-терезесін ауыстырса, еденіне шағал төсеп, бетондаса жетіп жатыр. Бұл ғимарат əлі біздің шөпшегімізге дейін қызмет етер еді. Ал, жекенің қолына өткен соң, ол бұзып тастай ма, əлде дүкен аша ма, өз еркінде. Біз оған түк істей алмаймыз. Жалпы, неге екенін білмеймін, аудан басшылары осы бір мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге ықылас танытпай-ақ қойды. Қанша жыл болды ары-бері құбылып, ниет танытпауда, – дейді ардагер ұстаз Аташбек Әмірқұл. Қорыта айтқанда, Теріс ауылында түйіні тарқатылмаған мəселе жетерлік. Дегенмен, округке әкім болып жаңа тағайындалған Мәлік Сейтаев тастан соғылған мəдениет үйін сақтап қалуға, оның күмəнге толы құжатын қайта көтертіп, жөндетуге мұрындық болады деп сенгіміз келеді.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар