Қазақ пен майялықтарды не байланыстырады?

Қазақ пен майялықтарды не байланыстырады?
ашық дереккөз
Қазақ пен майялықтарды не байланыстырады?
Балалардың жүрегін жаулаған «Коконың құпиясы» анимациялық фильмін әр қазақтың баласы қызыға көреді. Өйткені, біздің балапандарға ондағы мексикалықтардың жеті нан пісіру, туыс пен дос жарандарды жинап ас беру, қайтыс болғандарды еске алу, дұға оқу, жақындардың жатқан жерлеріне бару сияқты әдет-ғұрыптары таңсық емес. Жер шарының екі жағында орналасқан мезоамерикалықтар мен ортаазиялықтардың арасындағы бұл ұқсастық нені білдіреді? Мексиканың көне замандардағы тұрғындарына жататын майялықтардың өркениетін зерттеген ғалым, халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Әділ Ахметов «Aq jol»-ға берген сұхбатында осы сауалдың жауабын айтты.

Сөздердің ұқсастығы – сөзіміздің дәлелі

1990 жылы АҚШ-тың Аризона штатындағы Тусон қаласына Алматы қаласының өкілі болып бардым. Онда докторлық диссертацияға материал жинаумен бірге, америкалық студенттерге қазақ тілінен сабақ та бердім. Сонда мені таңғалдырған бір ерекше жағдай орын алды. 68 жасар Дисауэр атты студентім болды. Ол мені бір күні тауға шақырды. Сол жолы жол бойынан «Ваba toak» деген белгі жазуға көзім түсті. Ол «Бақа тау» дегенді білдіреді екен. Яғни, «toak» дегені – тау. Небид Даг, Аю Даг немесе өзіміздің Қаратау, Алатауымыз сияқты. Содан Аризонадағы топонимдерді зерттей бастадым. Сөйтсем, жергілікті жер-су атауларының ішінен «ойдақ», «жайдақ», «дөң», «тау» деген сөздер шығып жатыр. Енді бастапқыдан бетер ынталанып, қолым жеткен «үндістердің» сөздіктерін ақтара бастадым. Сөйтсем, америкалық «үндістердің» тілдері екі мыңнан асады екен. Бірақ ішіндегі жазу-сызуы бар тек қана майялықтар болып шықты. Бір буынды сөздерде ұқсастық бола береді. Бірақ екі буын, үш буын немесе бірнеше буынды сөздердің ұқсастығында кездейсоқтық жоқ. Түркі және «үндіс» тілдерінде жаңағы сөздердің, кейбір сан есімдердің ұқсас болуы немесе құда, балдыз деген сөздердің кездесуі, америкалық эскимостардың тілдеріндегі ата, ана, аға, ему, етік, қайық, аттас деген сөздердің ұқсастығы олардың, біріншіден, Азиядан шыққандығын айғақтаса, екіншіден, түркітектес халық екенін дәлелдеп тұр.

40 мың жыл бұрын Америкада халық болмаған

Археология ғылымының тұжырымы бойынша 40 мың жыл бұрын Америкада халық болмаған. Осыдан келіп «америкалық үндістердің арғы тегі түркі халықтарынан тараған» деген пікірге сақтықпен қарай бастадым. Ең алдымен, америкалық үндістердің шығу тегін этнография, генетика, хронология, лингвистика саласы тұрғысынан зерттеген ғалымдардың еңбектерін сүзіп шығу қажет болады. Жалпы, америкалық үндістер туралы айта бастағанда, ерекше мәліметтер көрініс табады. Археология ғылымының пайымдауынша, үндістердің «жаңа әлем» атанып кеткен Американы мекендеп келе жатқанына арысы – 40 мың жыл, берісі – 12 мың жыл өтіпті. Алғашқы америкалықтар Алтайдан бастап жол түзеп, Саян тауына жеткен. Одан соң сапарларын әрі қарай жалғастырып, құрлықпен алға жылжи берген. Ол кезде екі құрлықтың да аңдары мен жан-жануарлары бірдей болған. Адамдар бұғаз пайда болмастан бұрын-ақ ары-бері өтіп жүрген. Сосын адам деген шұрайлы, жайлы жер іздемей ме?! Сөйтіп, алғашқы азиялық америкалықтар оңтүстікке қарай жылжи- жылжи бірнеше ғасырды артқа тастап, бүкіл континентке жайылып орын тепкен екен.

Алғашқы тұрғындардың – тегі алтайлық

Қазіргі ғылымда «Моңғол дағы» деген бар. Бұл – бүкіл түркі халықтарының, оның ішінде Шыңғысхан заманындағы моңғолдарға да, корейлерге, жапондарға, эскимостарға және ең бастысы, «үндістерге» де ортақ генетикалық маркер десек болады. Қазір сол дақ еуропалықтардың да арасынан байқалып отыр. Бұл енді бізден кеткен қыздардың сол жаққа күйеуге шығып жатқанының әсерінен. Айтайын дегенім, майяларда да дәл сондай дақ бар. Яғни, Американың байырғы тұрғындарының тегі, алтайлық деуге әбден болады. Сөйтіп, генетиктерге келген кезде көзім әбден ашылды. Генетиктердің зерттеуі бойынша, америкалық «үндістердің» 90 пайызының ДНК-сы, тұқымқуалаушылығын айтып отырмын, тегі айналып келгенде Алтайға кеп тіреледі. Ал, Алтайды кім мекендейді? Ресей жағында – буряттар, шорлар, алтайлықтар, сағайлар, ал бергі жағында – қазақтар тұрады.

Нөлді бірінші болып қолданған – майялар

Нөлді де бірінші болып қолданған – еуропалықтар, арабтар немесе қытайлар емес, майялар. Оны майялар өздері ойлап тапқан. Сондықтан, олардың архитектура, күнтізбе саласындағы қол жеткізген табыстары, өнер-білімі терең. Америкадағы пирамидаларды білесіз ғой? Олар Хеопс пирамидаларынан кем емес. Қиюын келтіріп салған пирамидалар майялардың архитектура ғылымын ғана емес, математиканы, өнерді, құрылыс технологияларын да терең меңгергенін айқындап тұр. Олардың күнтізбесі де бізге ұқсас. Олардың бір айында 28 күн бар. Күнтізбенің 18 түрі бар. Соның ішінде ең кереметі – 260 күндік күнтізбе. Ана мен баланың күнтізбесі. Ал бізде ананың баланы көтеріп жүруі 9 ай 9 күнге есептелген. Осындай әпсанамызға олардың осы күнтізбесі дәл келеді. Есептеп көрдім. 9 айды 28 күнге көбейтіп, оған 9 күнді қоссақ, 260 күн болып шығады. Осының өзі оның арғы жағында бізден екенін көрсетіп тұр.

Қорықтықты майялықтар да жасаған

Сүтті шикілей ішуге болмайтындықтан, халқымыз қорықтық жасап ішкен. Оны дайындау үшін алдымен қазылған жерошаққа даланың жұмыр тастары әбден қыздырылады. Қызып тұрған тастарды оттан шығарып желпіп, күлін түсіреді де, шелектегі сүтке бірнешеуін салып жібереді. Осылайша, бірер минут ішінде қорықтық дайындап ішеді. Ол біздің малшылардың тамағы. Міне, осы тамақ іспеттес тағам түрі мексикандықтарда да бар. Олардың ішінде бізге ең жақыны – осы майялықтар. Олардың бізге жүзік-білезіктері де, алашалары да ұқсас. Нанды қазанға қарып пісіреміз. Олар да сөйтеді. Жеті шелпекті де пісіреді. Осындай ортақ ұқсастықтарымыз көп.

Григорий күнтізбесі – жалған күнтізбе

Майялардың күнтізбесімен байланысты осыдан 5126 жылы тасқа басылған біздің заманға тікелей қатысы бар өте мәнді ақпарат қалған. Ғалымдардың топшылауынша, бұл – Григорий күнтізбесіне сәйкестендіріп есептегенде, біздің заманымыздан 3114 жыл бұрын 13 тамыз күні таңбаланған жазу екен. Онда: «5126 жылдан кейін, яғни 2012 жылғы 21 желтоқсанда күн мен түн теңеледі, күн жүйесіне кіретін планеталардың шеруі басталады, сол кезде ұлы өзгерістер болады» деген сәуегейлік сөз жазылып қалған. Бұл жазу – галактикамыздың мүшел жастан шығатын мезгілі. Өйткені, 5126 жыл – он үш бөліктен тұратын мүшел жас. Галактиканың мүшелі. Ол галактиканың ішінде біз де жүрген жоқпыз ба? Ал енді мүшел – мәдениетімізде бар құбылыс. Мүшел қашанда 13-пен байлынысты. Оның үстіне 13 – галактикалық өзгермейтін тұрақты сан. Бір жылда ай жерді 13 рет айналады. Мойныңыздан екі тобығыңызға дейінгі үлкен буындардың 13 болуы сондықтан. Тіпті, әйел затында жыл бойы әр ай сайын қайталанатын физиологиялық процестердің саны да 13. Бұл тұрғыдан келетін болсақ, әрбір адам – күнтізбе. Майялардың 13 айлық, әр айы 28 күндік, бір жылы 364 күнге теңелетін күнтізбесі керемет. Оны бір рет қабырғаға ілсеңіз, миллион жыл өзгермейді. Қай күні, қай айда тудыңыз, сол қалпында өзгермей жыл санап келіп тұрады. Біздің қолданып жүрген Григорий күнтізбесі – жалған күнтізбе. Мысалы, биыл сенбіде тусаңыз, келесі жылы жексенбіге ауысуы мүмкін. Сынап сияқты сырғып кетеді. Яғни, ғылыми негіз жоқ.  

Гүлжан РАХМАН

Ұқсас жаңалықтар