Тұрарға кімдер арнау өлең жазған?

Тұрарға  кімдер арнау  өлең жазған?
ашық дереккөз
Тұрарға кімдер арнау өлең жазған?
6Мекемтас Мырзахметұлы, профессор.

Қазақ халқының біртуар перзенті Т. рысқұловтың туғанына – 120 жыл

Арнау өлең түрі қазақ әдебиеті тарихында Бұқар жырау заманындағы, қазақ-қалмақ соғысында, елі үшін, жері үшін көзсіз ерлікке барған даңқты қазақ батырлары мен Абылай ханға айтылған арнау өлеңдерінен бастап тұрақты дәстүрлі құбылысқа айналғаны байқалады. Арнау өлең бірде үдере дамып белең алса, кейде жер бауырлап баяулаған замандар да болған. Әрине, бұл құбылыстың тікелей қоғамдық саяси-әлеуметтік жағдайына орайлас түсіп жатуы да шындыққа үйлесім тауып жатқанын сезінеміз. Заманында тыңдаушыларына танымал болған, бірақ уақыт өтіп, рухани әлеміміз күрт өзгерістерге түсіп ауытқуы себепті, Түркістан Республикасының бас ақыны ретінде танылған шайыр Мәди Меркішұлы мен «Ақбөпе» дастаны қазақ даласына кеңінен жайылған Шу бойының суырып салма ақыны Сауытбектің әдеби мұрасы ұмытылуға айналды. Олардың шығармалары бүгінгі оқырмандардың назарынан тыс қалып, мұрағат сөресінде жатып қалды. Әр талантты дарынды ақындардың артында іздеушісі болмаса, танылмай қала беретіні белгілі жәй ғой. Мысалға алатын болсақ, Кәмина молла Мәһти ибн-Меркіш әл Майлыкентидің(1866-1924) екі революция аралығында Ташкент қаласында басылым көрген «Туһфа ва жұмқұрият» рисаласы мен «Бірі едім жарлының» деген өлеңдер жинағы табылып отыр. Ал, қалың қазаққа танымал болған Сауытбектің «Ақбөпе» дастаны Белгібай ақынның Сауытбектің өз аузынан жазып алып, бізге жеткізуі рухани олжамызға айналып отыр. Осы екі ақын мұрасымен мен ерте танысып, хабарым болғанымен тереңдей зерттеп, оқырмандарға жеткізуге уақыт таба бермедім. Осы себепті Мәди Меркішұлы мұрасын зерттеп, ғылыми еңбек жазуды ізденгіш еңбекқор шәкіртім Саттар Өмірзақовқа тапсырдым. Түркістаннан Тараз қаласына ауысқан кезде Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің озат оқытушысы әрі менің шәкіртім Сейсекүл Исматоваға Сауытбек ақын мұрасын зерттеп, кандидаттық диссертация жазуға жетекшілік еттім. Екі шәкіртім де зерттеу тақырыбына қызу кірісіп, ізденіп, кандидаттық диссертацияларын қорғап, екі ақын туралы монографияларын жариялап та үлгерді. Ұмыт қалған екі ақынды қалың оқырман қауымға танытып әрі олардың беймәлім туындыларын мұрағат сөресінен іздеп тауып, олардың туындыларын молықтыра түсті. Міне, осы екі ақынның халқымыздың мақтанышына айналған ұлт қайраткері Тұрар Рысқұловпен жүзбе-жүз кездесіп, табан астында суырып салған арнау өлеңдерін Тұрар Рысқұловтың 120 жылдығында қалың оқырман қауымның назарына ұсынудың жөні келді деп білемін: Мәди Меркішұлы Түркістан Республикасының басшысы Тұрар Рысқұловпен бір басқосу мәжілісінде кездесіп, 1920 жылы 27 сәуірде өзінің Тұрарға айтқан арнау өлеңі:

Мәди МЕРКІШҰЛЫ

Хас ықылас Сізге ей, молла Тұрар, Дауда жігіт әділет жолда тұрар. Көбейсе молла жігіт, батыр жігіт Дәулетіміз кетпестен қолда тұрар.

Болдыңыз ата өліп жетім бала, Ғылым оқып, ғақылға болып дана. Түркістан өлке ревком райысы, Орныңыз – шәрі мәркез Ташкент қала.

Құдайдың Сізге берген дәулеті бұл, Атаңыз еді батыр ер Рысқұл. Ескі залым Саймасай зор болыпты, Атып өлтіріп қылды қатынын тұл.

Бабаңыз Әлменбеттей батыр екен, Батыр боп ел ішінде жатыр екен. Заманында мылтық ап жауға тисе, Бір өзі мың кісіге татыр екен.

Сол ерлер қорықпас екен тұқмат даудан, Жол тауып жүреді екен қиын таудан. Жалғыз ауыл атсыз бір қамсыз уақта, Ажалы жетіп өлген қалың жаудан.

Қапылыста батырдан ел айрылған, Міне алмай жылқыдағы ат айғырдан. Әлменбеттей енді ер тумайды деп, Естіген барша Алаш ел қайғырған.

Сондай ер кемеліне келген екен, Нашар халықтың қамын жеген екен. Онан арғы бабаңыз халыққа мағлұм, Хан елшісі – Қарақұл деген екен.

Естіп кісілерден қисса қылып, Көңілдің дәптеріне жазып алып. Бабаларың осындай болғандығын, Алып едім Сайбекбайдан сұрап алып.

Сол ерлер, сол батырлар баласынан, Ер тудыңыз нашарға жаны ашыған. «Иштрокиюн» газеті айтты мұны Шығып тұрған Ташкенттің қаласынан.

Кез болсам сол газеттен гәп сұраймын, Рысқұлов ағам бар деп сұраймын. Нашарға қамқор ерлер аман болсын, Кейінгі бала қамын жеп сұраймын.

Сарт ат көп, қырғыз ат көп, қазақ ат көп, Жанына жан жуытпас қазанат көп. Амалдар болса ептеп елді жегіш, Іс еткіш, майрампаздық азамат көп.

Амалдар болғанымен құды Сіздей, Қамқорлықта келмейді тұры Сіздей. Толған айдан жарықпын дегендер көп, Нашар көңілін жарытпас нұры Сіздей.

Құдайым берсін Сізге ұзын өмір, Әр пәле, әр қатадан аман болғыр. Нашарлардың қолынан келіп тұрсын, Ғаділет қолыңыздан шыққан нөмір.

Мұсылман Россияға теңгеріп қой, Нәсіп те қыз алуға қылыпсыз ой. Тауариш, ескі хаким қызын алып, Беріпсіз Ташкент барып елге бір той.

Келінмен қоса қары, молла Тұрар! Туысқан туысқанға іші бұрар. Бізде бір сыртыңыздан қарарсыз дос, Мырзаны аман қыл деп сұрау сұрар.

Перзентің көп болып, молда болсын, Қағаз жазып, айырсын емле жосын! Бәрі де Қошқар атадай қайыл болып, Ғибадат қылса, алды қыбла болсын.

Мұсылманнан күйеу қып, орыс келін, Алыпсыз ислам елден қоныс, келін! Мұсылман басшысына жұпты бопсыз, Ай менен күндей болып тоғыс, келін.

Бұл күнде орыс, мұсылман тауарыш та, Хикмет бар ғой қыз беріп, қыз алысса. Орыс құдамыз бен құдағиға Мәңгі спасиба, пажалыста.

Осыны жазған ақынның мекен-жайы және өзінің атасының аты төмендегі өлеңнен мәлім болады:

Түркістан уәлаяты – қонысымыз, Сырдаряның облысы – облысымыз. Уезком тұрған жері – шәрі Шымкент Майлыкенттің болысы – болысымыз.

Сөзді ашық айтайын бүкпей шыли, Руым – Майлыкентте еді Құли. Аулымыздың нөмірі он үшінші, Өз атым – молла Мәди Меркішұлы.

Ешкіммен шығыспайды дүние жалған, Әрбір өткен батырлардан белгі қалған. Әр басшының уақытының шайырлары, Тарихты өлең қылып хатқа салған.

Жылында мың тоғыз жүз жиырмасыншы, Апрельде жиырма жетінші. Ортақ Рысқұловтың тарихына, Тарихи өлең жазды бір өлеңші.

Сауытбек ҰСАҰЛЫ

Сауытбек ақынның «Тұрармен амандасуы» деген арнау өлеңі 1923 жылы 23 мамырда Тұрар мен Қабылбек Сарымолдаев екеуі Шу ауданының орталығы – Новотройцкіге(қазіргі Төлеби ауылы) келіп, аудан басшыларымен сөйлесіп, ел жағдайын сұрасқан кезде, Сауытбек ақын көпшілік ортасынан суырылып шығып, Тұрармен амандасқанда шабыттың қанатына мініп, бірден суырып салған арнау өлеңі: Оу, отырған көп туысқан, Қызмет етіп берейін, Сауытбектің тыңда дастанын. Төрт дулаттың баласы, Қосылып қапты бастарың. Тіршілікте адамға Досыңнан көп қастарың. Ынтымақты, тату бол, Сырыңды сыртқа шашпағын. Ажарлы туған адамның Көңілін қатты баспағын. Естуге сауық кеп тұрмын, Қосылған жерге бастарың. Рысқұлдың білеміз, Көп қорлыққа шыдамай, Саймасайды өлтіріп, Қаратауға қашқанын. Анаңды тастап сенімен, Көздеді жалғыз бас қамын. Ағаң да жоқ, мал да жоқ, Сүйейтұғын жан да жоқ. Он екіде жас қалдың, Апаң ертіп артына, Шымкентте бар деп туысым, Алдына көз боп бастадың, Ауқат сұрап жолшыбай, Бекер қарап жатпадың. Бір кәрі әйел, бір бала, Нашармын деп саспадың. Тірілігінен етіңнің, Бай орысқа жалданып, Анаңның сүтін ақтадың. Ақылмен кіріп мектепке, Орысша білім ақтардың. Рысқұл жүрді тау-тауда, Бір жанының қамы үшін. Дүние іздеп сонда да, Қатын менен бала үшін. Саймасайды өлтірді, Қорлық көрген ар үшін. Қыр Сібірге кестірді, Төрт-бес қара мал үшін. Оқытты сені орысша, Досымен тауып танысын. Сергейге арнап тапсырды, Достығы бұрын бар үшін. Сырттан жүріп жәрдем қып, Араламай қала ішін. Гимназияны бітірдің, Әкеңнің ақтап ақ ісін. Ленин туы шыққан соң, Түркістаннан естілді, Бір-ақ күнде дыбысың. Сен сияқты ініні, Көргеннен соң Сауытбек, Көп ішінде қарыштап, Көрсетсін бүгін шабысын. Есітіп едім Рысқұлды, Сапары болсын қайырлы, Менің де емес алысым. Атқарыпты арулап, Ботбай, Шымыр, Сиқыммен, Өкпелі деген Жанысым. Айып етпе жаңылсам, Патшалық зұлым дәуірде, Соққы жедің Тұрарым. Паналайтын мың торғай, Мәуелі ағаш шынарым. Алыста жатсам бауыр деп, Басымды жоқтап сұрарым. Жаудың түссем қолына, Жаны ашып бұрарым. Барлық құстың төресі, Тау-тауды жайлап жаз-қысы, Тауға біткен ұларым. Арманым жоқ кездестім, Жете алмай жүрген іздесем, Қымбатты туған шырағым. Қасындағы сары жігіт, Қабылбегі Сармолданың. Іздеп кепсің елім деп, Бола берсін жолдарың. Бәріңді де білемін, Заманымда бұлбұлым, Ішінен туған ардақтым. Сендерді бүгін көргенде, Шабатын күнім аянбай, Көзі соқыр жорғаның. Айт деген соң жел сөзді, Аямадым қарағым. Сендердің айтпай алдыңда, Онда қайда барамын. Өзің келдің елім деп, Рахмет, сау болғын, Іздеп қайдан табамын. Қолдан келер қайрат жоқ, Жылап едің жасында, Әруағы қолдады, Домалақ ана Жарықшақ. Бәйдібек ата-бабаңның. Жылда мұнда келмейсің, Бабаңның бір үйі деп. Шудың екі жағына, Назар салып қарағын. Сүйреп жүрген бұл күнде, Жалғыз көз бен бір басым. Езіліп келіп ер болдың, Айтайын сөздің ұрасын. Амандаса келіпсің, Шу бойында ел бар деп, Атаның қуып мұрасын. Мәскеуге барып істедің, Қырғыз бенен қазақтан, Еркін асты құлашың. Артта қалған езіліп, Мешеу елден туылып. Ауызекі сөйлестің, Ленин баба көсемге, Үлгісін алып кеңестің, Дүниеде асқан «шешенге». Аспандағы бұлтқа, Жерде тұрып созғанмен, Адамның қолы жете ме? Әкесі Рысқұл атақты, Көпшіліктен көп биік, Рахмет шешеңе.

Ұқсас жаңалықтар