Тәлім мен тәрбиенің өзегі

Тәлім мен тәрбиенің өзегі
ашық дереккөз
Тәлім мен тәрбиенің өзегі
Тараздағы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығы» мен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Тәрбие жұмысы және жастар саясаты басқармасы бірлесіп «Үкілі ару – 2023» облыстық сұлулық байқауын ұйымдастырды. Байқау қазақтың халық педагогикасы негізінде салт-дәстүріміз бен ғұрыптарымызды, төл өнерімізді насихаттауды, қазақ қыздарына тән нәзіктік пен сұлулықты, әдептілік пен инабаттылықты, қарапайымдылық пен кішіпейілділікті насихаттауды көздепті. Байқауға 15-23 жас аралығындағы көрікті, сымбатты 14 үміткер қатысса, олардың арасында жоғары және орта кәсіптік оқу орындарының студенттері, алыс ауылдардан келген мектеп оқушылары да бар. Үміткерлер «Мен қазақтың қызымын» «Қыз – еркем, өнерімен көркем», «Қыз сұлу көрінеді білімімен…», «Білектей арқасында өрген бұрым...», «Қазақ дастарқаны» аталымдары бойынша өнер көрсетті. Ару қыздар барлық өнерлерін ортаға салды. Әсіресе, Талас ауданы, Ойық ауылы, Д.Қонаев атындағы Ойық орта мектебінен келген Әсел Жәкіш ең жас қатысушы ретінде ерекшеленді. Сонымен, «Үкілі ару – 2023» байқауының бас жүлдесін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Нұрсұлу Сәден жеңіп алса, бірінші дәрежелі дипломды Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенті Еркеназ Ділдабай иеленді. Екінші дәрежелі диплом Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенті Анеля Муратбекова мен Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенті Мадина Терекбаева берілді. Үшінші дәрежелі диплом Талас ауданы, Аққұм ауылы, Барбол Тоқтықожаұлы атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Жанбота Берікбайға, Т.Рысқұлов ауданының үміткері Жансая Сарсенбаеваға, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Гүлжанар Керімқұловаға бұйырды. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының арнайы жүлдесіне таластық мектеп оқушысы Әсел Жәкіш ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Байқауды қазылар алқасының төрайымы Күләш Әбдікешова, облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығының» төрайымы Меруерт Лештаева бастаған бағалаушы топ қорытындылап, жылы лебіз білдіріп, марапаттады.  

Ариана АЙНАБЕКОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті.

Ұқсас жаңалықтар