- Advertisement -

Адам – ұрпағымен көрікті

178

- Advertisement -

Қазақта жақсы азаматтың жалынды ісін, жарқын тірлігін көргенде, ел-жұрты сүйініп, шынайы ризашылықпен «әп, бәрекелді, өзі сегіз қырлы, бір сырлы жігіт екен» деп бағалап жатады. Осы бір ауыз сөзден азаматтың кескін-келбеті, болмыс-бітімі, барлық қыр-сыры жан-жақты ашылады. Әріптесім, досым, үлкен жүректі азамат, белгілі құрылысшы Әнепия Әбенұлы Бозжігітов туралы сұраған жанға мен де тура осылай жауап берген болар едім.

Әнепия Әбенұлы Бозжігітов 1953 жылы 6 сәуірде Ұ.Сыздықбайұлы ауылында (бұрынғы Жаңаарық) дүниеге келген. Бұған дейін ұл көрмеген ата- анасы Әнепияны жастайынан еркелетіп, маңдайынан шертпей өсірді. Анасынан ерте айырылып, аналық мейірімге қанбағанмен, әжесінің тәрбиесінде болған ол ешкімге бойұсынбай, ерке, бұла болып өсті. Мектеп жасына келгенде мұғалім болып істейтін ағасы Жақсылықтың қолында болып, бірде Байжансай руднигінде, енді бірде Түркістан, Жаңаарық кеңшарларында оқып, әр жерде білім алуына тура келді.

Жастайынан арманшыл болып өскен ол, бірде ұстаз, енді бірде инженер- кенші болғысы келгенімен, оныншы сыныпты бітіріп, оқуға түсер жылы жолы болмай, елге қайтып, Байжансай руднигінде кенші болып жұмыс істеуіне тура келді. Кенші болып істеген екі жыл Әнепия үшін алдағы өміріне жолдама болып, болашағына жол ашты. Осы жылдары білімнің қажеттілігі, оқымаса, білімсіз болса толыққанды азамат болып қалыптаспайтындығына әбден көзі жетті. Екі жылдық әскер қатарында болған жылдар бұл пайымды одан ары бекіте түсті.

Әскер қатарынан оралғанда бар арманы тек оқу болып, алдына үлкен мақсат қойып оралған оған, Алматы қаласына, Қазақ политехникалық институтының құрылыс факультетіне оқуға түсу аса көп қиындық әкеле қойған жоқ. Жастайынан намысқой, әрекетшіл, ізденімпаз болып өскен, мақсаты айқын жасты институт басшылары да бағалап, группа жетекшісі етіп қойды. Әне- міне дегенше бес жылды артқа тастап, 1979 жылы құрылыс инженері деген мамандықты игеріп, туған өлкесі, сол кездегі бүкілодақтық құрылыс алаңы болған Жаңатас қаласына жас маман болып қайта оралды.

Өмірлік тәжірибесі бар, республикадағы алдыңғы қатарлы оқу орнында терең білім алып, айтулы мамандық иесі болып оралған Әнепия тез арада құрылыс мекемесіне құрылыс шебері болып орналасты. Еңбек жолын бастаған алғашқы күннен-ақ түйіні көп күрделі нысандардың құрылысына белсене араласып, азғана уақыт ішінде өзін сауатты маман, білікті ұйымдастырушы ретінде көрсете білді. Сол жылдары оның қолынан «Көк жон» кенішінің Орталық қазандық, төменгі, жоғарғы галерея, сұрыптау диірмені сияқты күрделі де қомақты нысандар іске қосылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Жұмыста алғырлығымен, ізденімпаздығымен көзге түскен жас маманды бірер жылдың көлемінде қызмет бабында өсіріп, прораб, учаске бастығы етіп тағайындады.

Қашанда қиындықтан қорықпай, қайнаған еңбектің бел ортасынан табылатын Әнепияны көп ұзатпай-ақ «Қаратаухимстрой» тресінде ПМК- ның бас инженері, УМР-дың басшысы қызметтеріне тағайындап, еңбек жолында шыңдалуына жол ашты. Осы жылдары оның басшылығымен «Орталық байыту фабрикасы», «Кис Тас», «Көк жон» кеніштерінде «Суспензия бөлімі», «Силос мұнаралары», «Орта ұсақтау кешені», «Автобаза», т.б. көптеген нысандар іске қосылды. Атқарған бейнеттің зейнеті болар, үш мәрте «Озат ұйымдастырушы» номинациясы бойынша үздік деп танылып, «Қаратаухимстрой» тресінің Құрмет тақтасынан орын алса, екі рет қалалық Құрмет тақтасынан орын алды. Ол басшылық ететін мекеме аясында озат технологиялар мен құрылыс тәсілдерін игеру жолдары тақырыбында құрылыс мекемелері арасында жүйелі түрде семинар-тренингтер өткізіліп тұрды.

Әлі есімде, «Көк жон» кеніші, «Ұнтақтау цехында» диірменді монтаждау барысында металл ұстындарды бекіту жөнінде Мәскеу қаласынан келген жобалау институтының инженерлерімен пікір қайшылығы болып, Әнепия өз пікірін техникалық кеңесте дәйекті түрде қорғап шықты. Кейін диірменді пайдалану барысында бұл шешімнің дұрыс екендігі толығымен мойындалды. Сондай-ақ, УМР-де басшы болып тұрғанда қашанда жетіспейтін техникаларды «сырғымалы кестемен», «ағымды» пайдалану үрдісін енгізіп, ұтымды қолдану тәсілін енгізді. Бұл да өз кезегінде экономикалық тұрғыдан пайдасын әкеліп, өміршеңдігін көрсетті.

Жаңа заманның лебі есіп, шаруашылықты жаңа, кооперативтік тәсілмен жүргізу мүмкіндіктері ашылған 1990 жылдардың басында, қашанда жаңашылдықтың басында жүретін Әнепия, бұл үрдістің артықшылығын жүрегімен сезіп, қызметтің бәрін тастап, кооперативтік қозғалыстың айтулы белсендісі болып шықты. Осындай белсенділігінің, ізденімпаздығының арқасында өткен ғасырдың 90 жылдарының топалаңынан өз мамандығын жоғалтпай, қайта шыңдалып, тәжірибе жинақтап, елге жөн-жоба көрсетер білікті маман ретінде қалыптасып, жаңа ғасырға жан-жақты толысқан, кәсіби қызметкер болып аяқ басты.

Халқымыз «Алмас кездік қап түбінде жатпас» деп айтқандай, ел экономикасы еңсесін көтере бастаған 2000 жылдардың басынан Әнекеңді алыс-жақын жерлерден ат-түйедей қалап, арнайы шақырту жіберіп, құрылыс саласын басқаруға ұсыныстар түсіп, Қазақстанның барлық өлкесін аралап өзінің сүйікті ісін жалғастыруға зор мүмкіндік алды.

Шығыста «Достық» мемлекетаралық терминал, Алматы, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Шымкент облыстарында энергетика, азаматтық құрылыстар саласы, Ақтауда әртүрлі азаматтық ғимараттармен қатар, «Құрық» халықаралық теңіз порты т.т. басқалар, міне Әнекеңнің айналдырған 20 шақты жылдың ішінде жан аямай еңбек етіп, ізін, қолтаңбасын қалдырған нысандардың толық емес тізбесі.

Бұған Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасында атқарған еңбек жолдарын қосар болсақ Әнекеңнің зейнет жасына дейін атқарған істері, өткен еңбек жолдары қомақталып, кәсіби маман ретіндегі азаматтық тұлғасы ерекшеленіп, сомдалып, талайды тамсандырып, таңдай қақтырар, өз саласының абызы ретінде көрінетіндігіне күмән жоқ. Ел үшін еткен еңбек әрқашанда құрметті, сыйлы болады. Осынау мәнді де, сүбелі еңбек жолында, Әнекең де еткен еңбегіне сай, сый-құрметтен кенде болған жоқ.

Кеңес үкіметі тұсында өз саласының майталманы ретінде талай мәрте әртүрлі марапаттармен тұрақты түрде марапатталып отырса, егемен ел болған соң «Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген құрылысшысы», Жамбыл облысы әкімінің, облыс мәслихатының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталып, ел ықыласына бөленуде. Жасы 70-ке келіп, елағасы болғанымен өз тәжірибесімен жастармен бөлісіп, оларға жетекшілік етіп, әлі де болса тұғырдан таймай еңбек етуде.

Сонымен қатар, Әнекеңнің көпке беймәлім, бізге етенетаныс, әрі отырған ортаға жағымды өнері – әншілігі мен әзілқойлығы. Әндері әуелей жөнелгенде отырған орта тамсанып, сүйсініп, үлкен-кіші сілтідей тынып, ықыласпен тыңдайтын. Ал, әзілдері сөз парқын білетін әр қазаққа ұтымдылығымен, ойлылығымен ой тастап, шешендігіне тамсандырар еді. Қыз мақтаған, ел жақтаған досымыздың әуесқой әншілігі мен жарасымды әзілқойлылығы – өзіндік дара таланты дер едім.

Әнекеңнің ең басты қасиеттерінің бірегейі – адамгершілігі. Досқа адал, туыс-туғанға бауырмал, ағайынға қамқор. Сөзінде тұратын, уәдеге берік жан.

«Ағаш – жапырағымен, адам – ұрпағымен көрікті» дегендей, жұбайы Мағрифа екеуі екі бала тәрбиелеп өсірді. Екеуі де жоғары білімді, отбасын құрған, мамандықтары бойынша қызметтерін атқарып жүр. Тоғыз немересі бар. Осынау жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі, арқа сүйері болып отыр.

 

Рахманқұл БАЙТЕЛИЕВ,

«Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы» төсбелгісінің иегері және Тараз қаласының Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support