- Advertisement -

Ер есімі ұмытылмайды

179

- Advertisement -

Түймекент ауылдық округіне қарасты Ақжар ауылының тұрғыны болған Әліби Кеңестің ерлік жолын жерлестері ешқашан ұмытпай, батыр ұлдың есімін мақтан тұтады. Батырдың отбасымен жүздесу үшін әуелі әкесі Бексұлтанмен хабарластық. Ақжар ауылы, Абай көшесі, №110 үйдің ауласына енгенімізде алдымен көзге түскені белтемір (турник) болды. «Әліби талай тартылып, жаттығу жасаған белтемір болар» деп шамаладық. Үй иелерінің айтуымен ішке кірдік.

Дастарқан басында отырмыз. Ауыр көрініс. Көңілсіздік. Анасы Гүлмира көзіне жас алды. Әкесі Бексұлтан іштен тынып, сабырлы қалпын бұзбай, оқиғаны айтып берді. «Әліби 2014 жылы осы ауылдағы орта мектептің 9-сыныбын бітіріп, Алматыдағы Тынышбаев атындағы жол қозғалысын ұйымдастыру колледжіне оқуға түсті. 2018 жылы сол колледжді бітіріп, әскерге кетіп, отандық борышын өтеп келді.

Арманы – жоғары әскери училищеге түсіп, әскери адам болу еді. Аталған училищенің сынағынан өте алмай, жұмыс істеуге бел байлады. 2021 жылы наурыз айында сынақтан сүрінбей өтіп, Тараз қаласындағы №4 өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші болып жұмысқа қабылданды. 45 үміткердің ішінен 15 жігіт ғана талапқа сай болыпты» деп бір тоқтады Бексұлтан.

Осы тұста анасы Гүлмира: «Сол 45 азаматтың бірі болып, сынықтан өтпей қалғанда ғой. Арамызда аман жүретін еді» деп көз жасына қайта ерік берді. Біраздан соң ғана сабырға келіп: «Біздің баламыз жұмысқа жаңадан ғана кірген. Басшыларынан кінә кеткен деп ойлаймыз.

Тәжірибе жинамаған маманды сондай жерге жібере ме? Әліби ол жерге Әділет Әділбекпен бірге барған. Сол жерде өрт сөндіру саласында істейтін немере ағасы Шынболат Әзімбаевты көрген. Шынболат «Сен де жүрсің бе?» деген екен. Күлімдеген қалпы «Бүгін мен жұмыста кезекшімін ғой» деп әріптестеріне қарай жүгіріп кеткен екен», деді.

Әліби – үйінің тұңғышы. Өзінен кейін төрт қарындасы бар. Өзімен тете қарындасы Аружан Сарыкемер ауылында тұрмыста болса, Зере, Альбина, Сабина – мектеп оқушылары. Олар да батыр ағаларын сағынып, есімін мақтан тұтады. Біз аулаға алғаш кіргенде «Әліби көкемнің үйі осы» деген кішкентай қара қыздың есімі Сабина екен. «Сабина» деп есімін Әліби ағасы қойып кетіпті. Батыр азамат Әліби Бексұлтанұлы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталып, ол ата-анасына табысталды.

Біз Әлібидің ата-анасы, бауырларымен қоштасып, батыр азаматтың ерлігі үлгі екенін айтып, көңілдерін жұбаттық.

Жолай Түймекент ауылдық округінің әкімі Қанат Смағұловпен хабарластық. «Біз батыр азамат Әліби Кеңеспен мақтанамыз. Округтегі екі орта мектепте де еске алу іс-шаралары өтіп тұрады. Мектеп басшыларына Әлібиге арнап бұрыш жасап қоюға тапсырма бердік. Жас ұрпақ батырды біліп өсуі тиіс. Ал, өзіміз Ақжар ауылының орталық көшесіне Әліби Бексұлтанұлына арнап ескерткіш тақта орнатамыз, билборд жасатамыз. Батыр жерлесіміз біздің жүрегімізде тұрады» деді.

Қайтарда Ақжардың Айбол деген такси жүргізуші жігітімен қайттым. Межелі жерге дейін жеткізіп салып, жолкіре төлегелі ыңғайланғанымда «Төлемей түсе беріңіз. Сіз біздің ауылдың батыр баласы үшін келдіңіз ғой. Рақметім болсын» деді.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support