400-ден астам оқушысы бар ауылда4-ақ сыныптық мектеп бар

400-ден астам оқушысы бар ауылда4-ақ сыныптық мектеп бар
ашық дереккөз
400-ден астам оқушысы бар ауылда4-ақ сыныптық мектеп бар
Бұл ауылдың аты не үшін Қызылабад деп қойылғаны, әрине, бізге белгісіз. «Абад» деген қала, елді мекен деген көне сөз ғой. Бір жағы бұл сөз «гүлденген, жайқалған» дегенді де білдіреді. Содан болар, қазақта «Екі дүниең абат болсын, екі тойың қабат болсын» деген сөз бар. Шамасы Кеңес Одағы жаңадан тіршілік бастаған кезде өмірі абат болсын деген ниетпен бұл ауылға «Қызыл» сөзін қосақтап бере салған сияқты. Алайда, жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, бұл ауылда бау-бақшаның өніп кете қоюы қиын. Жері сазды, қазсаң 40-50 сантиметрден кейін қиыршық тас басталады. Су топыраққа тез сіңіп кетеді. Сондықтан, кешегі Кеңес заманында бұл ауылдың даңқы бау-бақша, егінімен емес, мал шаруашылығымен шықты. Қызылабадта облыстық асылтұқымды мал стансасы орын теуіп, бұл шаруашылықтың алып бұқалары Мәскеуде өткен бүкілодақтық көрмеде жоғары көрсеткіштерге ие болды. Алайда, нарықтың алғашқы жылдарында бұл шаруашылықтың қиюы қашып, облыс орталығына қоныс аударып кетті. Шаруашылықтың кеңсесі болған екі қабатты ғимаратқа бүгінде балабақша орналасыпты. – Кезінде бір жағы кеңсе, бір жағы лаборатория болған бұл ғимаратқа қалайша балабақшаның қоныс тепкеніне таңым бар, – дейді бізбен әңгімесінде Қызылабад ауылының тұрғыны Құрманбек Сағымбеков. – Қанша дегенмен, лабораторияда ұзақ жылдар бойы түрлі тәжірибелер жасалды. Енді сол ғимаратта бүлдіршіндер ұйықтайды, ойнайды, тамақ ішеді. Бұл қаншалықты қауіпсіз? Соңғы жылдары Қызылабад ауылы үлкейді. Әсіресе, 2011 жылы Жамбыл ауданының аумағынан шығып, Тараз қаласына кіргелі бері бұл ауылға қоныстанып, жаңадан үй салушылар көп. Қызылабад етегін кеңге жайып келеді. Негізі бас жоспар бойынша ауылдың қақ ортасынан жаңа балабақша ғимаратын салуға орын бөлінген. Ел ішінде «Балабақша салынуы тиіс учаске жеке азаматтарға беріліп кетіпті» деген де әңгіме тарап тұр. Рас-өтірігін білмеймін, бірақ әзірге балабақша салу туралы ешқандай сыбыс жоқ. Жалпы, бұл ауыл тәуелсіздік алғалы бері барлық жақсылықтан мақұрым қалған сияқты. Ауылды қақ жарып өтетін орталық көшеде ғана асфальт бар. Оның өзі сол Кеңес заманында салынған. Енді биылдан бастап орталық көшеге асфальт салынатын болып, жақын күндерден бері тракторлар жолды тегістеп жатыр. Оған тұрғындар қуанып қалды. Бірақ, кейбір негізгі көшелер, нақтырақ айтсам, бас-аяғы 500 метрдей болатын және үйлер тығыз орналасқан Бекеев қиылысы мен мектеп орналасқан көшелерді асфальттау жоспарда жоқ екен. Әрине, бәрін бір жылда асфальттап бер деген дұрыс та емес шығар. Бірақ, тәуелсіздік алғалы бергі отыз жылдан астам уақытта ауылымызға енді асфальт кеп жатқанда орталық көшені ғана жарқыратып кете салу қаншалықты дұрыс? Бұдан кейін жол жөндеушілер қысқа көшеге бола бұл ауылға қайтып келе ме, жоқ па, осы жолы бәрін бітіріп кете салмай ма деген ниет қой біздікі. Тағы бір айтары, Қызылабадымыз гүлденіп, жайқалмақ түгілі, бүгінде бұл ауылдағы ағайынды ағын су мәселесі қинап тұр. Негізі бізге ағын су Теріс-Ащыбұлақ су қоймасынан келеді. Бірақ, біздің ауыл арықтың ең аяғында орналасқан. Былтыр тұрғындар ауылға келетін арықты өздері тазалап, су әкелген болатын. Әрине, арық тазалаудан ешқашан қашпаймыз, бірақ биыл арықтың басынан пияз егушілер көбейді. Солардан су артылмайтын сияқты. Әлі күнге арықта су жоқ. Ауыз су құбыры тартылып, ауылға кеп тұр. Жоспар бойынша биыл қосады деген. Тура ауылдың қасында «Тараз су» мекемесінің үлкен су қоры орналасқан. Бүкіл қалаға ауыз су осы жерден тарайды. Тура іргесінде тұрып біздің ауыл әлі күнге құдықтан су ішіп отыр. Енді ауыз су құбыры тезірек іске қосылса екен деп ауыл тұрғындары сол күнді асыға күтуде. ...Қызылабад ауылында №58 бастауыш мектебі орналасқан. Біз барып көргенде мектеп ұжымы сенбілікке шығып, ауланы тазалап жүр екен. Мектеп директоры аса ықыласпен қарсы алды. Төрт сыныптық мектепте бүгінде 70-ке жуық бала білім алуда. Негізі 45 балаға арналған. Амал жоқ, балалар екі ауысымда оқиды. 11 мұғалім сабақ береді. Негізі бұл ғимарат о баста балабақша болған екен. Сыртынан қарасаңыз, шап-шағын, әп-әдемі. Бірақ, іші біраз жылдардан бері жөндеу көрмегені, тозғаны бірден байқалып тұр. Тіпті, ішінде айналып жүретін жер жоқ, өте тар. Құдай біледі, асханасының аумағы небәрі 7-8 шаршы метр болады-ау. Бар-жоғы үш сынып бөлмесі, бір мұғалімдер бөлмесі. Мұғалімдер бөлмесіне сыйып тұрғаны небәрі 2-3 орындық, директор да, мұғалімдер де ауысып, кезек-кезек отырып сабағына дайындалады. Мектепке әлі газ құбыры жүргізілмепті. Көмір жағып отыр. – Бүгінде Қызылабад ауылы үлкейді. Жаңа үйлер салынып, жаңа көшелер түсіп жатыр. Өткенде біз есептедік, ауылда 200-ге жуық үй бар. 650-ден астам тұрғын болса, соның 400-ден астамы мектеп жасындағы балалар екен. Яғни, 400-ден астам оқушысы бар ауылда 4-ақ сыныптық мектептің жұмыс істеуі ақылға сыймайды ғой. Қаншама бала 4-сыныптан кейін көрші Құмшағал ауылына, Тараз қаласына қатынап оқып жүр. Қыстың күндері балалардың қатынауы тіптен қауіпті, қорқынышты. Ал, әзірге жаңа мектеп салынады деген әңгімені естіген жоқпыз. Бұрын талай мәрте айтылған. Бірақ, қуанышты жаңалық болмай тұр. Тағы бір айтары, биыл ауылда орталық көшелер асфальттанып жатыр. Ал, мектеп алдындағы Т.Рысқұлов көшесін асфальттау жоспарда жоқ екен. Көктем, күз айларында немесе жауынды күндері бұл көше ми батпақ болады. Балалардың аяғы былғанып, мектептің ішіне кіріп кетеді. Сондықтан, осынау шағын көшені кейінге қалдырмай, биыл асфальттап берсе жөн болар еді, – дейді мектеп директоры Ләззат Ешенқұлова. Әрине, Қызылабадты білмейтін жұрт осынау жағдайдан кейін қияндағы бір ауыл деп ойлауы мүмкін. Жоқ, Қызылабад Тараз қаласының іргесінде орналасқан. Теміржолды жағалай жатыр. – Біздің ауыл қалаға тиіп тұр ғой... Тіпті, түнде вокзал диспетчерінің пойыздың келген-кеткенін хабарлап жатқан даусын анық естиміз, – дейді ауыл тұрғыны Құрманбек Сағымбеков. Иә, бұл облыс орталығының іргесінде болып жатқан жағдай. Шынында, Қызылабад ауылының тыныс-тіршілігіне облыс және қала басшылары шұғыл назар аударуы керек сияқты. Қызылабад осыдан он жыл бұрын бір ғана көшесі бар ауыл емес. Қызылабад қазір Тараз қаласының бір шағын ауданы, күн сайын үйлер түсіп, етегін кеңге жайып келе жатқан елді мекен. Қысқасы, Қызылабадқа жаңаша көзқарас керек.  

Оралхан ДӘУІТ

Ұқсас жаңалықтар