Бәсекелестікте өткен саяси науқан

Бәсекелестікте өткен саяси науқан
ашық дереккөз
Бәсекелестікте өткен саяси науқан
2023 жылдың негізгі саяси науқаны – Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау болғаны сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында отыз жыл бойы орныққан саяси жүйені жаңғырту мақсатында бірқатар реформалар ұсынған болатын. Саяси реформалар бағдарламасында сайлау жүйесін жетілдіру, сайлау үдерісін жаңғырту, партия жүйесін дамыту мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қарастырылған еді. Осылайша, биылғы жыл жаңа жүйе бойынша Сенат депутаттарын сайлаумен басталды. Сонымен қоса 19 қаңтарда Мемлекет басшысы жетінші сайланған Парламенттің Мәжілісін тарату және мәслихат депутаттарының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойды. Осылайша, елімізде екі бірдей саяси науқан бір күнде – 19 наурызда өтті. «Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Жаңадан сайланатын депутаттар да жұмысты осы қарқынмен жалғастырып, еліміздің жан-жақты жаңғыруына ерекше үлес қосады деп сенемін, – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты халыққа жасаған мәлімдемесінде.

Сайлаушылардың 54,19 пайызы қатысты

19 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті.

Бұл күні республикада дауыс беруге арналған 10 223 учаске жұмыс істеді. Оның ішінде Қазақстанның шет мемлекеттердегі өкілдіктерінде (62 елде) 77 учаске бар.

92 учаскеде аумақтық комиссиялардың қабылдаған шешімдеріне сәйкес дауыс беру таңғы сағат 6.00-де басталды.

Қазақстан Республикасының аумағындағы уақыт белдеулерінің шекараларына сәйкес 5 өңірдің: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының учаскелері елорда уақыты бойынша сағат 08.00-де дауыс беруге кірісті.

Дауыс беру күні Орталық сайлау комиссиясы күні бойы учаскелердің ашылуы және дауыс берудің басталуы туралы ақпарат, сондай-ақ әрбір екі сағат сайын дауыс берушілердің келуі туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың аумақтық комиссияларының деректерін беріп отырды.

Орталық сайлау комиссиясы 20 наурыз күні өткен брифингте 19 наурызда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында дауыс берудің алдын ала нәтижелерін ұсынды. Өңірлерден жедел деректер бойынша сайлаушылар тізіміне 12 035 578 азамат енгізілді, дауыс беруге 6 366 441 азамат қатысты. Тізімдерге енгізілген азаматтардың жалпы санының 54,19 пайызы бюллетень алды.

ОСК алдын ала қорытындыны жариялады

Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының алдын ала нәтижесін жариялады. Комиссияның алдын ала дерегінше, Мәжіліс сайлауына қатысқан партиялар сайлаушылар дауысын былай бөліскен:

1. «Amanat» партиясы – 53,90 пайыз. 2. «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 10,90 пайыз. 3. «Respublica» партиясы – 8,59 пайыз. 4. Қазақстан халық партиясы – 6,80 пайыз. 5. «Байтақ» жасылдар партиясы – 2,30 пайыз. 6. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 8,41 пайыз. 7. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 5,20 пайыз. «Бәріне қарсымын» бағаны бойынша халықтың – 3,90 пайызы немесе 248 291 адам дауыс берді. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, елімізде өткен сайлауда 6 366 441 адам өз таңдауын жасаған.

Парламентте үш жаңа партия бар

Сайлау нәтижесі бойынша Парламент Мәжілісіне 6 партия өтеді, оның ішінде 3 партия алғаш рет Мәжілісте бой көрсетеді. Олар: «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы, «Respublica» партиясы және Парламенттегі алғашқы оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 2006 жылы 10 қыркүйекте құрылған және 2007 жылы 25 қаңтарда тіркелген. Еліміздің барлық облыстарында және Астана, Шымкент және Алматы қалаларында партияның филиалдары бар. ЖСДП төрағасы – Азат Рахымжанов. Өткен жылы ЖСДП партиясының кандидаты Президент сайлауына қатысқан еді. Сол кезде партия Нұрлан Әуесбаевтың кандидатурасын ұсынды.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 2015 жылы 5 қыркүйекте «Ауыл» қазақстандық социал-демократиялық партиясы мен Қазақстан патриоттары партиясының бірігуі арқылы құрылған. Партия төрағасы – Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев. «Ауыл» партиясы да өз кандидаты Жигули Дайрабаевты Президенттікке ұсынған еді. Сайлау алдында партия қатарына Президенттікке кандидат болған Қарақат Әбден де қосылды.

«Respublica» партиясы биыл 18 қаңтарда құрылды. Партия төрағасы – Айдарбек Қожаназаров. Партия өзін қоғамдық өмірдің барлық салаларында құрылымдық өзгерістерге бағытталған МЕТА-партия ретінде көрсетеді.

ҚХП: Алғашқы шынайы бәсекеге толы сайлау

Қазақстан халықтық партиясы бұл науқанды ел тарихындағы алғашқы шынайы бәсекеге толы сайлау деп атады. «Еліміздің тарихындағы маңызды кезең – Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың жаңа аралас жүйе бойынша сайлауы сәтті өтті. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларының сапалы жүзеге асуының бір белгісі. Саяси бәсеке тартысқа толы болды. Оның ерекшелігі – партиялар да, өзін-өзі ұсынушылар да Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардағы орындар үшін күресті. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы шынайы бәсекеге толы сайлау болды. Президент реформалары барысында саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптар да айтарлықтай жеңілдетілді. Нәтижесінде сайлауға алғаш жаңа партиялар қатысты және бәріне тең мүмкіндік берілді. Біздің партия әрдайым елдің саяси жүйесін жаңғырту жөніндегі Мемлекет басшысының бастамаларын қолдады. Қазақстан Халық партиясы реформаларды әзірлеуге және іске асыруға белсенді қатысты. Қоғамдық коалиция құрамында біз конституциялық заңнамалардың жаңа нұсқаларын дайындадық. Ол 2022 жылғы референдумда жалпыхалықтық қолдауға ие болды. Бүгін біз осы шаралардың іс жүзінде тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Біз сайлаушылар қолдауына сенімді болдық, өйткені, біз – нақты істер партиясымыз. Партиялар және өзін-өзі ұсынушылар үшін үгіт-насихат жұмыстарына тең жағдай жасалды, тең мүмкіндік берілді. Қазақстан Халық партиясы сайлаушылар қолдауына риясыз алғыс білдіреді. Сеніміне селкеу салмас үшін табанды еңбек етеді. Біз елдің болашағы үшін Мәжіліс пен мәслихаттардың жаңа құрамындағы басқа партиялармен және өзін-өзі ұсынушылармен бірлескен сындарлы жұмысқа әрдайым дайынбыз», – делінген мәлімдемеде.

80 мыңнан астам байқаушы қадағалады

Дауыс беру күні сайлау процесін 80 мыңнан аса байқаушы бақылады. Бұл туралы сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялау кезінде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті. «Дауыс беру күні байқауды 80 мыңнан аса ұлттық байқаушы жүзеге асырды. Оның ішінде кандидаттардың, саяси партиялардың 38 908 сенім білдірген адамы, саяси партиялардың 19 036 байқаушысы, 252 аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің 23 383 байқаушысы және халықаралық ұйымдардың 793 байқаушысы қатысты», – деді Н.Әбдіров.

17 комиссия мүшесі жауапқа тартылды

Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау барысында сайлау заңын бұзған 17 учаскелік комиссия мүшесіне айыппұл салынды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты. «Өз өкілеттіктеріне сәйкес, сайлау органдары азаматтар мен бірлестіктердің хабарларына жедел ден қойып, тиісті шаралар қабылдады. Сайлау заңнамасын бұзғаны үшін учаскелік сайлау комиссияларының шешімдері бойынша олардың 14 мүшесі комиссиялардың жұмысына қатысудан дереу шеттетілді. Осылайша, оларға «Сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген конституциялық құқықтық жауапкершілік шаралары қолданылды», – деді ол брифинг барысында. Оның атап өтуінше, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде ықтимал бұзушылықтар туралы ақпараттық материалдардың таралуына және сайлау комиссияларына азаматтардан, саяси партиялардың байқаушыларынан, кандидаттардан өтініштердің түсуіне байланысты ОСК Бас прокуратураға тексеру және құқықтық бағалау жүргізу туралы сұрау салу жіберген. «Бас прокуратураның ресми ақпараты бойынша дауыс беру күні 34 адамның тарапынан құқықбұзушылық тіркелген. Олардың ішінде 17 учаскелік комиссия мүшесіне «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 110- бабы бойынша айыппұл салынды. Олардың барлығы жауапқа тартылды», – деді Нұрлан Әбдіров.

Халықаралық байқаушылар бағасы қандай?

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлау қарсаңында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері халықаралық ұйымдармен 9 кездесу, шетелдік сайлау органдарының мүшелерімен 7 екіжақты кездесу, сондай-ақ халықаралық БАҚ-пен брифинг өткізді. Шанхай ынтымақтастық ұйымының, ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясының, Түркі мемлекеттері ұйымының, Ресей федерациясы мен Беларусь одағының, Жерорта теңізі Парламенттік ассамблеясының, сондай- ақ Түркі Парламенттік ассамблеясының делегацияларымен кездесулер өтті. Осы мақсатта Қазақстанға Әзірбайжан, Молдова, Моңғолия, Армения, Беларусь, Венгрия, Грузия, Үндістан, Қырғызстан, РФ, Румыния, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Түркия республикасы мен Филиппиннің сайлау органдарының мүшелері келді.

Айта кетсек, дауыс беру күні Қазақстан бойынша сайлау учаскелерінде 41 шет мемлекет пен 12 халықаралық ұйымнан 793 байқаушы жұмыс істеді.

Олар республиканың барлық өңірлеріндегі сайлау учаскелерінде, сондай-ақ шетелдегі сайлау учаскелерінде Парламент Мәжілісіне депутаттарды сайлау жөніндегі байқаушылардың өкілеттіктерін жүзеге асырды. Олардың барлығы сайлау процесінің жоғары ұйымдастырушылық деңгейін атап өтті.

Еліміздің қазіргі заңнамалық базасы қоғамдық процестерді демократияландыруға бағытталған саяси реформаларды табысты жүргізуге мүмкіндік беретіні атап өтілді. Жастар мен волонтерлардың сайлау процесіне жоғары тартылуы және жас ұрпақты сайлау процесіне тарту жөніндегі қазақстандық тәжірибе басқа елдер үшін жақсы үлгі бола алатындығына жеке тоқталды. Сайлау заңнамасының жаңашылдықтарын іске асыру барысына жоғары қызығушылық танытты және ел өңірлерінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға жоғары баға берілді.

20 наурызда ОСК баспасөз орталығында ТМД елдерінен сайлауды байқау миссиясының өкілдері брифинг өткізді.

Олар 19 наурызда Парламент Мәжілісіне өткен сайлау туралы жалпы әсерлерімен бөлісіп, ТМД миссиясынан сайлау процесіне 196 байқаушы мониторинг жүргізгенін атап өтті.

Миссия өкілдері елдегі сайлау ұлттық заңнама шеңберінде және азаматтардың сайлау құқығын іске асыру үшін барлық мүмкіндіктерді қамтамасыз ете отырып өткізілгенін атап өтті. Өңірлік сайлау комиссияларының орасан зор жұмысы атап өтілді.

Сайлау науқаны бәсекелестікте өтті және үлкен қоғамдық қызығушылық тудырды, бұл сайлауға қатысқан өзін-өзі ұсынушылар мен саяси партиялардың көптігімен расталады. Жалпы сайлау процесінің мониторингі жөніндегі халықаралық сарапшылар сайлаудың барлық кезеңдерінде барлығы ұлттық заңнаманың талаптарына және еркін және демократиялық сайлауды ұйымдастыруға және өткізуге қойылатын, жалпы қабылданған халықаралық талаптарға сәйкес өтті деп қорытындылады.

Олар сондай-ақ өткен сайлау жалпыұлттық референдумнан басталған сайлау марафонының аяқталуы болғанын атап өтті. Енді Қазақстаннан саяси және экономикалық дамудың жаңа кезеңі күтілуде.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар