- Advertisement -

Сенім

25

- Advertisement -

«Ұлдары ауырып жатқан анасына су әкеліп бермей қояды. Анасы құс болып ұшып кетеді. Үш ұлы соңынан су алып жүгіреді. Бірақ бәрі кеш, енді олардың анасы ешқашан қайтып келмейді», деп аяқталатын ертегіні 4 жасар ұлым аса ұнатпады. Сұрағы да көп: «Ана деген баласын тастап, ұшып кетеді ме не? Неге ол балаларына қайтып келмейді? Балалары соңынан жылап жүгірді ғой, неге тастап кетті?» – дейді ертегіні қабылдай алмай…

Бірде тұмауратып ауырып қалдым. Ұлым маған жерге түсіп қалған тәттіні алып берді. Мен оның таза емес екенін айтып, «жемеймін» дедім. Ол ойланып тұрды да, сәлден соң:

– Мама, ертегі айтып берейін бе? – деді.

– Иә, айта ғой, – дедім мен.

– Ертеде үш бала болыпты. Олардың анасы ауырып жатқанда үш ұлы қоқыстағы жаман суды құйып әкеліп беріпті. Анасы сол жаман суды ішіп, ауруынан жазылып кетіпті. Баласының бергенін мама деген жеу керек, сонда жазылып кетеді, – деді ұлым өкпелеп. Жалма-жан ұлымның қолындағы тәттіні аузыма салдым. Оның маған деген қамқорлығынан ба, әлде сенімінен бе, басымның ауырғаны сап тыйылды.

Терезеден әкемнің төбесі көрінгеннен босағаға тұра қаламыз. Кіріп келгенде қолымызды ербеңдетіп атып шықсақ, әкем: «Қорқам, қорқам» дейді бұғып. Біз жұбатып, шашынан сипап, маңдайынан өбеміз. Қатты қорыққанына имандай сенеміз.

Анам күні бойы тыным таппай, шаршап-шалдыққанда басы ауырып, көлеңкеге отыра кетеді. «Басыңыздан айналайын» деп қос құлыншағы жүгіріп барып, анамның басына кішкентай алақандарымызды қойып, «емдей» бастаймыз. Шешем сол сәт қарғып тұрып: «Көзім шайдай ашылып қалды» деп, күлімдеген күйі тірлігін жалғастыра береді. Расында анамды емдеп жазатын құдіретіміз барына мәз боламыз.

Әжем «ана затты мен көтере алмаймын» деп бізге қараса болды, жүгіріп барып көтеріп кетеміз. Оның жеп-жеңіл дүние екенін ұмытып, өзімізді расымен «мықтымыз» деп ойлаймыз.

Соған имандай сенетінбіз де!

Ұлым қоңырау шалып: «Әлемдегі ең жақсы адам – менің ақ мамам» деді. Өзі соған имандай сеніп тұр…

Мен де сенгім келеді!

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support