Обыр – «өлесің» деген сөз емес
Онкологиялық ауру – адамдар өлімінің негізгі себебі ретінде екінші орында тұр. Әрбір бесінші немесе алтыншы адам осы қатерлі ісіктен көз жұмады екен. Онкологиялық науқас саны бойынша еліміз алғашқы 50 елдің қатарында. Өзіміз «жаман ауру» деп атын атаудан сескенетін обырдың бізде де көбейіп бара жатқаны жанға батады. Жалпы, обырды емдеп жазуға бола ма? Ол қалай пайда болады? Елімізде жыл сайын онкологияның 36 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Бүгінгі диспансерлік есепте 190 мыңға жуық қазақстандық тұр. Әр жыл сайын онкологиялық аурулардан 14 мыңға жуық адам көз жұмады. Облысымыз бойынша былтыр 7 777 азамат қатерлі ісікпен есепте тұрды. Қатерлі ісікпен алғашқы рет анықталған аурулар саны 1 514-ті құрады.
Онкологиялық ауру әлеуметтік маңызды аурулар тізіміне кіреді. Бұған шылым шеккендер ғана емес, оның түтінін қасында тұрып жұтқандар да, спирттік ішімдіктер ішкендер де бейім. Қоршаған ортаның ластануы, канцерогендер мен улы заттар, ультракүлгін сәулелердің әсері, түрлі вирустар, дұрыс тамақтанбау сынды тағы да басқа факторлар себеп. Өкінішке қарай, әлем ғалымдары әлі күнге дейін қатерлі ісікті емдеп жазатын әмбебап дәрі ойлап тапқан жоқ. Технология мен медицинаның даму қарқынына қарағанда ол күндердің де ауылы жақындап қалған болуы әбден мүмкін. Әзірге, қолымыздан келетіні – аурудың алдын алу және дер кезінде емделу. Мұның бәрі түптеп келгенде профилактика мен саламатты өмір салтына келіп тірелетін дүниелер.
Қатерлі ісіктің қайдан пайда болатынын дөп басып айту қиын. Оның пайда болғаны, өкінішке қарай, адамға бірден білінбейді. Тек ісік өскен кезде, жан-жағындағы үлкен жүйке талшықтарын, тамырларын немесе асқазан, тік ішек секілді ағза мүшелерінің саңылауын жапқан кезде ғана байқалады. Сондай-ақ, қатерлі ісіктің пайда болу ошақтарының бірі – созылмалы аурулар. Сол себепті созылмалы ауруларды уақтылы емдеткен дұрыс.
Дәрігерге дер кезінде қаралу да аурудың қаупін азайта алады. Егер уақтылы скринингтік зерттеулер жүргізілсе, онкологиялық аурулардың басым бөлігін ерте анықтауға болады. Обырды дер кезінде анықтау – ем-домның нәтижесін арттырып, емделушінің өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады.
Кейбір азаматтар онкология диспансеріне жіберген кезде қорқып, 3-4 ай немесе 1-2 жылға дейін бармай, өздері өршітіп алады. 1-2 жыл жүргеннен кейін қатерлі ісікті тоқтату қиынға соғады. Басқа бір факторлар әсер ететін болса, тіпті қиын. Кейбір науқастар ісікті қыздырады немесе массаж жасайды. Қатерлі де, қатерсіз де ісіктерді олай үгіп, басқа нәрселермен қыздыруға мүлдем болмайды. Ондайда қатерлі ісік өрши береді. Өршіген сайын жасалған емнің де тиімділігі төмендейді. Науқастар дәрігерге обырдың жаңа басталып келе жатқан сатысында келетін болса, тағайындалған емнің тиімділігі, нәтижесі жоғары болады.
«Бұл – ең алдымен, дәрігерлерге деген сенімсіздіктен туындап отырған мәселе. Себебі, көп жағдайда науқасқа диагноз қою мен оны тиісті дәрігердің қабылдауы арасындағы уақыт ұзарып кетеді. Кейде білместік салдарынан, тиісті ақпарды бермейтін медицина қызметкерлері де кінәлі болып жатады. Әр емханада науқасты қарау кабинеті, онколог-дәрігер бар. Яғни, сондағы фельдшер келген адамды бірден сол кабинетке кіргізіп, терісін, ауыз қуысын тексереді, жатыр мойнынан онкоцитологиялық мазок алады. Бұл жерде ол емханаға ауырып келді ме, жай ғана дәрігерге қаралуға келді ме, ол жағы рөл ойнамауы тиіс. «Күлегештің көңілі азбас, күтіншектің өзі азбас» деген дана халқымыз. Аурудың алдын алуға адам алдымен өзі пейіл болуы керек» дейді облыстық онкологиялық диспансердің дәрігері Кенжехан Бекқұлиев.
Бүгінде онкологиялық ауруларды анықтауға арналған үш түрлі скринингтік бағдарлама бар. Олар жатыр мойны обырын, сүт безі обыры мен колоректал рак белгілерін тексеруге бағытталған. Жасы 30-дан асқан әйелдер кез келген уақытта емханаға барып тексеріле алады. Ал 40 жастан бастап сүт безі рагына тексерілуге болады. Колоректал рактан 50 мен 70 жас аралығындағы ерлер де, әйелдер де тексеріліп тұруы тиіс. Бұрын әйелдер скринингтен 35 жаста өтетін. Жасы 34-те болса тегін скринингке кіргізбейтін. Қазір осыны қайта қарап, 30-дан асқан кез келген әйелдің денсаулығын тексертіп отыруына мүмкіндік берген. Елде емдеуге келмейтін ауруларға шалдыққан емделушіге Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан квота беріледі, шетелде емдеу ақысы мемлекет есебінен өтеледі.
«Қоғам бұл аурудан жаппай қорқып отыр. Бірақ оның алдын алуға да бел шеше кірісіп отырған жоқ. Ары-беріден соң, обыр деген «өлесің» деген сөз емес қой. Жылына бір рет дәрігерге қаралып тұруды әдет қылу қажет. Ай сайын, сенбі күндері ашық есік күндерін өткіземіз. Бұл, әсіресе, таң атқаннан кеш батқанша босай алмайтын, жұмысбасты адамдар үшін өте ыңғайлы. Скринингтік зерттеулер жүргізу арқылы қатерлі ісіктің көптеген түрлерін ерте анықтауға болады. Осылайша, емге кететін шығынды 200 есеге қысқартуға мүмкіндік туады. Қазақстанда онкологиялық аурулардың сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, асқазан және өңеш, простата безінің қатерлі ісігі сынды түрлері кең таралған. Ауру қанша ерте анықталса, оны емдеу де соншалықты оңай болатынын ғылым да, уақыт та дәлелдеді. Көпшіліктің обырды үкім ретінде қабылдайтыны жасырын емес. Бірақ күн сайын дамып жатқан медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік ашты», дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының айтуынша, дұрыс тамақтану, белсенді өмір салты және де темекі шегуден бас тарту арқылы онкологиялық аурулардың 40 пайызының алдын алуға болады екен. Айтылған ақпараттарды бойымызға сіңіріп, орындауға тырыссақ, аты жаман аурудың бізден алыстай түсері анық.
Гүлжан РАХМАН
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді