Сыртқы жарнама сынға ілікті

Сыртқы жарнама сынға ілікті
ашық дереккөз
Сыртқы жарнама сынға ілікті
Шығыс халықтарында шырағдан жан- жағына қанша жерден жарық таратқанымен, өзінің түбіне бір шымшым сәуле де түсіре алмайтыны жөнінде тәмсіл бар. Сол секілді аяулы ана тіліміздің жылуы әрбір жан баласына шуақты болғанымен, күні бүгінге дейін өзі де «жылулыққа» мұқтаж. Себебі, тіл мәртебесі турасында мәселе көтеріп, мазмұнды жиындар өтіп жатса да, әлі күнге көшедегі «жарымжан» жарнамалар тіл абыройын аяққа таптаудың насихаты іспетті самсап тұр. Осылайша, қоғамның айнасы шетелдік жарнамалардың шетінде айғыздалып, тіл жанашырларының жанайқайына айналғалы қашан. Жыл сайын облыс орталығындағы аты дардай сауда орындары мен дүкендердің жарнамасындағы бейберекет қателер туралы рейд шаралары өтіп жатса да бұл мәселе түбегейлі тыйылар емес. Бір ғана тараздықтардың ең көп төбе көрсететін жері – «Mart» сауда үйінің сыртқы жарнамасынан бірде-бір қазақша жазылған сөз таппайсыз. Осы секілді мысалдар жетіп артылады. Осы ретте қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі облыс орталығындағы кәсіпкерлердің басын қосып, кезекті рет тіл жайына жанашырлық танытуға шақырды. – Көрнекі ақпарат пен жарнама – тіл саласындағы ең өткір мәселе. Жарнама сауатты болуы тиіс, сауаттылық емле мен пунктуация ережелеріне ғана мән берілу емес, мазмұнға да көңіл аудару керек. Сондықтан, сауаттылық мәселесімен қатар, жарнама мәтінінің ішкі мазмұнына да мән беріп, әсіресе, ұлттық танымның тілдік көріністерін кеңінен көрсек игі болар еді. Биыл жоспарға сәйкес Тараз қаласында орналасқан ірі кәсіпорындар мен көшелердегі көрнекі ақпараттарға рейдтік жұмыстар мен айлықтар ұйымдастырылып, аптасына бір рет зерделеу жүргізілуде. Қалада қаңтар-ақпан аралығында «Сыртқы көрнекі ақпарат құралдары және сыртқы жарнамалардың тіл сауаттылығын зерделеу» атты қалалық айлық жүргізілуде. Іс-шара барысында 717 жарнама және көрнекі ақпарат құралдары зерделеніп, ауызша ескертіліп, әдістемелік көмек көрсетілді. Біздің тарапымыздан жеке бизнес өкілдерімен үнемі етене жұмыс істеу барысында шағын және орта бизнес өкілдеріне, жарнама агенттіктеріне сыртқы көрнекі ақпараттың сауатты жазылуына, орналасуына, тағы басқа да мәселелер бойынша тегін консультациялық көмек көрсету үшін «Call center» құрылып, жауапты маман бекітілген. Биыл жыл басынан жедел желіге 23 жарнама беруші хабарласып, көрнекі ақпарат құралдарындағы мәтіндері зерделеніп, заң талаптарына сәйкестендірілді және жарнама мәтіндерінің мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы тексеріліп, аударма жасалды,– деді қала әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева. Бөлім басшысының айтуынша, мамандар нысан иелері мен жарнама агенттіктерінің қызметкерлеріне тек әдістемелік көмек көрсету, семинар, дөңгелек үстел мен әртүрлі бағыттағы іс-шаралар өткізумен және жеке тұлға құзырлы органдарға шағымданған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 75-бабының 3-тармағына сәйкес тек қана ескерту берумен шектеледі. Десек те, көбіне тіл заңдылықтарын бұзатын жергілікті азаматтар екені анықталуда. Сала мамандары тіл заңдылығы аяққа тапталмас үшін құзырлы органдар тарапынан да нақты шаралар атқарылса деген талап-тілектерін де ортаға салды. Өз кезегінде қаладағы сауда желілері мен дүкен басшылары тіл заңдылықтары сақталуына белсенді атсалысатындарын жеткізді. Басқосу соңында бірқатар тіл жанашырларына алғыс хаттар табысталды.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар