- Advertisement -

«Бұқара одағы» және Қабылбек Сарымолдаев

380

- Advertisement -

Ресей патшасы тақтан құлап, орнына уақытша өкіметтің келуі сол мемлекетте ғана емес, оған бодан елдерде де өзін-өзі басқаруға, тәуелсіздікке деген ұмтылысқа ұласты. Билікке қарсы күресу үшін халықты саяси ұйымға біріктіру, санасын оятып, жарқын болашаққа бастау міндеті тұрды. Бұл ұмтылыс 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісіне ұласты.

1916 жылы 29 тамызда Меркі жерінде Ақкөз Қосанов бастаған Ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете қалды. Меркі, Шу, Қарабалта, Сусамыр өңірінің жастарын майданның қара жұмысына алу туралы патша жарлығына қарсы көтеріліске қатысқан қазақтар мен қырғыздарды жазалаушы отрядтар аяусыз жаншыды.

Облыстық архив сақтауындағы құжаттарда көтеріліске қатысқандарды аяусыз жазалағаны жөнінде көптеген ақпараттар кездеседі. Жазалаушы отрядтың бірін басқарған Бундиров деген прапорщик қолға түскен 150 көтерілісшіні Ново-Троицкіден (қазіргі Шу ауданының орталығы Төле би ауылы) Меркіге дейінгі аралықта жол бойы атып, өлтіріп келген. Ол басқарған отряд қазақтардан 4340 қой, 23 түйе, 225 сиырын тартып алған. Оны келімсектерге таратып берген және солдаттардың асханасына жіберген. Жазалаудың бұдан да басқа сойқан түрлері болған. Мәселен, Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің 6-қорының 1-ісінде халық ақыны Кенен Әзірбаевтың 1916 жылғы көтеріліске белсене қатысуы осы сөзімізді айғақтайды. Ол Қордай жерінде Әли батыр бастаған көтеріліске қатысқан. Ақын жалынды сөзімен, азаттықтан артық ешнәрсе жоқ екенін айтқан. Әли батыр бастаған 17 көтерілісшінің бір жерде атылғаны, енді бірде №11 және №6 ауылдардан атылған 13 адамның арасында болғандығы туралы архивте құжаттар сақталған.

Көтеріліс барысында Меркі өңірінде ұлт араздығы лаулап тұрды. Қазақ-қырғыз ауылдары келімсектер тарапынан, олардың селолары қазақ-қырғыз тарапынан шабуылға ұшырап жатты. Бірін-бірі тонау, шаруашылықтарын өртеу белең алды.

Сол кездегі шиеленіскен жағдайда қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов Жастар одағын құру үшін Ташкенттен жедел түрде Меркіге келді. Соның нәтижесінде Тұрар Рысқұлов Меркіде 1917 жылы наурыз айында Қазақ-қырғыз жастарының «Бұқара» атты революциялық одағын ұйымдастырды. Одақтың бағдарламасы мен жарғысы қабылданып, міндеттері айқындалды. «Бұқара» одағы шын мәнінде 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Меркі өңіріндегі негізгі саяси күшке айналды. Бұл қазақ жеріндегі жастардың ең алғашқы революциялық саяси одағы болатын.

Одақтың мүшелері Меркі, Құлан, Шу, Қордай, Шалдабар, Сусамыр, Қарабалта өңірлерінде ұлт араздығын тудырмау бағытында және халықты аштықтан сақтап қалу жұмысын ұйымдастыруда аянбай еңбек етті. Олар байлар мен кулактарға қаймықпай барып, ашаршылыққа ұшырап жатқан жергілікті халыққа азық-түлік, қаржы жинады. Бұдан кейін бұл үрдіс Әулиеата жерінде жанданды. 1918 жылдың сәуір айында Тұрар Рысқұлов Әулиеата уездік комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.

«Бұқара» одағын құруда белсенділік танытқан азаматтардың бірі Қабылбек Сарымолдаев болды. 1898 жылы Қорағаты болысында дүниеге келген ол 10 жасынан бастап Меркідегі орыс-түзем мектебінде оқып білім алды. Оқытушылықпен айналысқан әкесі Сарымолда сауатты адам болған. Балаларының сауаттылығына да ерекше мән берген.

Қабылбек өз ана тілі мен қоса орыс тілін жетік меңгеріп, бірден екі класты бір жылда тәмамдаған. Оқуға құштар, жас түлек Әулиеата қаласындағы жоғарғы бастауыш училищесіне түседі. Оқумен қатар түрлі мекемелерде қызмет атқарып, өзі де сауат ашумен айналысады. Оқуды жалғастырғысы келгенімен, ел ішіндегі дүрбелең, патшалық Ресейдің бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы – Әулиеата өңіріне салқынын тигізіп, талау-тонау күшейіп, оның соңы саяси сипат ала бастады. Соғыс ауыртпалығы артқан сайын бұқара халықтың наразылығы да күшейе түсті.

Ұлттық сананың ояну үдерісінің пісіп-жетіле түсуі, халық толқуы Қабылбекті де шыңдай түсті. Тұрар Рысқұловпен қоян-қолтық араласа отырып, «Бұқара» жастар одағы жұмысының өміршең болуына негіз қалады. 1916 жылы Ақкөз Қосанов бастаған көтеріліске қатысқан ол 1917 жылғы Ақпан төңкерісінің нәтижесінде абақтыға жабылудан аман қалып, Тұрардың басшылығымен ұлттар арасындағы наразылықты жоюға, сонымен бірге ашаршылықтың ауыртпалығын жеңілдетуге белсене араласты. Отаршылдыққа қарсы күресте белсенділік көрсетіп, жергілікті жерлерде демократиялық күштерді топтастыруға қатысты. Жаңа биліктен жаңа үміттер күтіп, кеңес өкіметін орнату жолында жанқиярлықпен күресті. 1918 жылдың сәуір айында Тұрар Рысқұловтың Әулиеата уездік комитетіне қызметке тұруымен бірге одақтың бірнеше мүшелері Әулиеатаға келді. Соның нәтижесінде олар қызмет сатысы бойынша көтерілді. Қабылбек Сарымолдаев 1919 жылдың басында Әулиеата уездік советі атқару комитетінің төрағасы болды. Сол жылдың 27 қыркүйегінде Әулиеата уездік мұсылман коммунистерінің бірінші съезінде уездік партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.

1918 жылы өлкедегі шешімі табылмаған мәселелердің бірі – халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету еді. Бұл өзекті мәселе бойынша жаңадан түзілген Түркістан азық-түлік Халық комиссариатының мүшесі ретінде Қабылбек Сарымолдаев елеулі мәселелерді жүзеге асырды. 1918 жылдың қаһарлы қысы жақындап келе жатқандығын ескеріп, халықты ашаршылық аранынан сақтап қалу шараларын іздестірді, жер-жерлерде ашаршылыққа қарсы күресуді ұйымдастыруда жетекші рөл атқарды.

Сол кездегі Түркістан өлкесінде ашаршылыққа қарсы күрес орталық комиссияның басқару жұмысын 6 ай басшылыққа алды. 1918-1919 жылдардағы әрекеттер нәтижесіне көптеген ашаршылыққа ұшыраған отбасыларды, әсіресе, жас балаларды өлімнен аман алып қалумен бірге, олардың келешегін де ойлап, оқу интернаттарына орналастырды.

1919 жылы тамыз айынан бастап бір жылға дейін Әулиеата уезі атқару комитетінде төрағалық қызметінде үлкен істерді атқарды. Сол жылдарды ақын, сазгер, ұлт ағартушысы Сәкен Сейфуллин Бетпақдала шөлі арқылы атаман Анненковтың түрмесінен қашып, Әулиеатаға келгені белгілі. Сол кезде Қабылбек Сарымолдаев Сәкенді қарсы алып, оны жат пиғылды қарсыластарынан жасыра білді. Мұны күрескер ақын өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» романында үлкен сүйіспеншілікпен жазған. Сол жылдары анасы Айнаштың ақыл-кеңесімен Майнұрмен үйленіп, үй болуы Мұхтарбек атты сәбидің, кейінірек Зульфия есімді қызының дүниеге келуі, оларды қуанышқа бөледі.

1920 жылдан 1930 жылға дейін Қабылбек Семей губерниясы советі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. «Халық жауы», «Жапон тыңшысы» деген жаламен ұсталғанға дейін Қазақ АССР-ның Сауда халық комиссары қызметін атқарып жүрген болатын. «Халық жауы» атанған соң інісі Мүсірепбек Сарымолдаев 1937 жылы Дондағы Ростов Темір жол транспорты инженерлері институтын бітірген соң қызметке кіріспей жатып, «халық жауының» туысы болғандықтан 10 жылға абақтыға жабылады. Воркута шахтасында 10 жыл бойы жұмыс істеп, мерзімін өтеп дімкес халде елге оралған ол Түркістанда көз жұмды. Қабылбек Сарымолдаевтың әйелі Майнұр да «халық жауының» әйелі ретінде 10 жылға жазықсыз сотталды. Ал қазақ халқының көзі ашық ұлтшыл перзенттерінің бірі Қабылбек Сарымолдаевтың өзі 1938 жылдың 25 ақпанында республиканың басшы қызметкерімен бірге ОГПУ «үштігінің» шешімімен Алматы маңында атылды.

1917 жылы наурыз айында Меркіде құрылған жастардың «Бұқара» революциялық одағының мүшелерінің басым көпшілігі 1937-1938 жылдары саяси қуғын-сүргіннің салдарынан жазықсыз атылды, жер аударылды. Олардың барлығы кейін ақталды.

Ұлт мүддесі үшін күрескен халық перзенттері ел жадынан ешқашан ұмытылмайды. Жақында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттама басқару комитетінің «Орталық мемлекеттік архиві» РММ мен ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің «Ғылым ордасы» РМК бірлесе отырып ХХ ғасырдың 20-30 жылдардағы Қазақстанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қабылбек Сарымолдаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Түркі-қазақ болашағы үшін күрес және Қабылбек Сарымолдаев» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Конференция жұмысы барысында ҚР Орталық мемлекеттік архиві дайындап, жарыққа шығарған «Қабылбек Сарымолдаев: құжаттар мен материалдар жинағы» деген өте құнды деректерден тұратын үлкен еңбектің тұсаукесер рәсімі болды.

Осы ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастырып, жалынды жерлесіміздің мұрасын жеке кітап етіп шығарған Орталық мемлекеттік архив ұжымына Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің Құттықтау хаты табыс етілді.

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

облыстық мемлекеттік архивтіңдиректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Тараз-Алматы-Тараз.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support