- Advertisement -

Жаны жайсаң, жақсы аға еді

353

- Advertisement -

Жандар ағаны алғаш көрген адам ол кісінің гүр ете қалған даусына қарап «дөрекілеу біреу екен» деп ойлап қалуы мүмкін. Мен де солай ойлап қалғанмын. Тіпті де олай емес, Жандар Кәрібайұлы жаны жайсаң адам болып шықты.

Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетіне бөлім меңгерушісі болып ауысып барған 1978 жылдың күзі. Бас редактор Шәймерден Дәуреновтің тапсырмасымен күзгі жиын-терін жұмыстары туралы аудан шаруашылықтарының бірінен сын мақала жазғанмын. Фельетоным бас редактор тарапынан мақтауға ілігіп, көңіл-күй көтеріңкі жүргенінде аудандық партия комитетінің хатшысы Жандар Кәрібаев шақыртыпты. Бардым.

Кең кабинеттің есігінен аттағанымда орнынан тұрып қарсы алған қапсағай денелі, кең жауырынды хатшы: «Жаппаров деген сен екенсің ғой. Кел, жоғары шық», – деп қолымды қысты. Басында «жазған мақаламнан ши шығып қалды ма?» деп қорқақтап барған менің хатшы қолымды қысқаннан кейін көңілім орнына түскендей. Қол қысуында ризашылықтың белгісі бар.

– Фельетоныңды оқыдым. Дер кезінде жазылған. Дәл қазір айтылуға тиіс сын айтыпсың. Алған бағытыңнан айныма! – деді қарсы алдына отырғаннан кейін. Сонсоң фельетонға біршама талдау жасап, бірқатар ұсыныс-пікірлерін айтқан. Тапсырма берді.

Жасыратыны жоқ, хатшының алдынан желпініп шықтым. Жазғаныма жасаған талдауы, айтқан ұсыныс-пікірлері орынды. Сауаттылығы, журналистикадан хабардарлығы көрініп тұр. Кейін білдім, ол кісінің де мамандығы журналист екенін, аудандық газетке редактор болғанын. Ол туралы ешкім ештеңе айтқан жоқ еді.

Алғашқы таныстығымыз осылай басталған Жандар ағамен ол кісі обкомға ауысып кеткенге дейін қоян-қолтық жұмыс істедік. Олай дейтінім, ауданның бас идеологы редакция жұмысына дұрыс бағыт-бағдар беріп, тиісті жерінде ақыл-кеңесін айтып, сын тұрғысындағы ұсыныс-пікірлерін де білдіріп отыратын. Біз үшін бұл өте пайдалы еді.

Жандар аға Кәрібайұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланғанға дейін облыстық мәдениет басқармасын басқарған. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кездескен қиындықтарға қарамастан, облыс руханиятының деңгейін төмен түсірген жоқ. Өңірдегі мәдени мекемелердің, мәдениет ошақтарының жұмысын ұтымды ұйымдастыра білді. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болған сол кезеңде адамдардың рухани жұтамауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Аянып қалған жоқ, барын салды. Көп салада адамдар ала дорба арқалап кетіп жатқанда мәдениет ошақтарының жабылып қалмауы үшін шыр-пыры шықты. Ол үшін мәдениет қызметкерлерінің айлығы уақтылы төленуі – өте маңызды. Сонда жұмыста тоқтау болмайды. Басшы соған қол жеткізді. Мәдениет мекемелері халыққа тегін қызмет көрсетті. Шығынның орнын басқа жолдармен жабу керек. Оның да ретін келтірген. Адамдарды рухани жұтаңдыққа ұшыратпас үшін барлық мүмкіндіктер пайдаланылды. Жандар ағаның басшылығы және ұсынысымен қайырымдылық концерттері ұйымдастырылғаны – сол кезең. Ол туралы филармония директоры, шәкірті Сейітқасым Түктібаев өзінің «Рухани әкем болды» атты естелік мақаласында жеріне жеткізе жазған. Мен есімде қалған бір оқиғаны мысалға келтіре кетейін.

Ұмытпасам, 1993 жылдың күзі болуы керек, мен – облыстық «Ақ жол» газетінің тілшісімін. Бас редактор Арғынбай аға Бекбосын маған «Жандар ағаңмен хабарлас» деді кабинетіне шақыртып алып. Хабарластым.

– Әй, Болат, – деді сонда облыстық мәдениет басқармасының бастығы Жандар аға Кәрібайұлы жуан даусымен. – Сен сатириксің ғой. Жақында Луговой ауданында (қазіргі Т.Рысқұлов ауданы) сатиралық жанр бойынша сахналық қойылымдардың байқауын өткізбекшіміз. Сені қазылар алқасына мүшелікке қосқыздым. Байқауда әділ төрелігіңді айтасың әрі көңілді іс-шара туралы көргеніңді жазып қайтасың. Екіжақты ұтыс. Арекеңе айтып қойғанмын.

Ауданның Көкдөнен ауылында өткен қызықты іс-шараға қатысып, көтеріңкі көңіл-күймен қайттым. Жабылу салтанатында байқауды былай қорытындылағаны бар Жандар ағаның.

– «Көңілді көтермесе, кір басады» деген дана халқымыз, көрпені басқа тартса аяққа жетпей жатқан заманда адамдарға рухани байлық сыйлау үшін осы байқауды ұйымдастырдық. Нәтижесі – көріп отырғандарыңыздай. Көрермендер ризашылығы шексіз. Көрпемізге қарай көсіліп, байқауға қатысушыларға шама-шарқымызша «орамал тон болмайды, жол боладының» жоралғысын жасадық. Басты мақсат – өнерді өлтірмеу. Өнердің өміршеңдігіне игі ықпал ету. Мақсат орындалды. Байқауда жеңген де, жеңілген де ешкім жоқ. Жеңген – өнер. Өнер мәңгі жасай береді.

Жандар аға сөзін осылай жалынды сөздермен түйіндегенде, ауыл аспанын ду қол шапалақ пен «Өте дұрыс! Өте тамаша!» деп қолдау білдірген дауыстар жаңғырықтырып жіберді. «Адамдарға рухани байлық сыйлаудың нағыз мысалы осы-ау!» – деп ойладым сонда.

Қатарынан екі рет сайланған сенатор Жандар Кәрібайұлының заң шығарушы органда дәлелді, дәйекті, орынды ұсыныстарымен тәуелсіз Қазақстанда заң жүйесінің қалыптасуына өзіндік үлесін қосқаны туралы ағамыздың төл туындылары мен ол кісі туралы естеліктер енген «Тәубе» атты кітапта шынайы әрі жан-жақты айтылған. Оны қайталап жатудың қажеті бола қоймас.

Жандар аға Кәрібайұлы мерейлі 80 жасқа толғанында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде ол кісі туралы «Аттан түспеген азамат» атты мақалам жарияланған. Мақалада абзал ағаның образын аша алдым ба, жоқ па, оған оқырман төреші. Әйтеуір өзі риза болып, рақметін айтқаны есімде.

Сенатор Жандар Кәрібаев каникулға шыққанында ел ішінде болып, сайлаушылармен кездесулер өткізіп тұратын. Сондай бір келісінде Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің редакциясына соққаны бар. Мен – бас редактормын.

– Жағдайларың қалай, ей? – деді амандық-саулық сұрасқаннан кейін.

– Ел Парламентінің екі бірдей депутаты тәрбиеленіп шыққан шаңырақта жағдай жаман болмайды ғой өзіңіз білесіз. Тек нарық қарық қылмай тұр. «Өзі болған қыз төркінін танымайды» дегендей болмай, бір кездері қызмет атқарып, нанын жеген газеттің жағдайы қалай болып жатқанын ойласаңыздар қайтеді. «Шұғыланың» шекпенінен шыққандарыңыз рас қой», – деп айтып салдым. Көсемсөзші Арғынбай Бекбосын да, өзі де осы газетке бас редактор болғанын меңзегенім ғой. Оның үстіне менің қайбір оңған мінезім бар, «турасын айтып туғанына жақпаған» сыңайда әкімдерге жақпай қаламын.

– Оның жөн енді, қазір барлық жерде жағдай осындай. Бәрінде де жетіспейді. Сен жетіспейді екен деп әкімдермен кетіспе! Тыныш жүрсей, өзіңнен де бар ғой. Мен әкіміңе ескертіп қоярмын. Бірақ бәрі де заң аясында болатынын ұмытпа! – деді мені жұбатқандай әрі қамқор пейілмен.

Сенесіздер ме, шынымды айтсам, төбем көкке екі елі ғана жетпей қалды. Жандар аға аспаннан шұға жаудыра салмайтынын білем ғой. Ол кісінің қамқор пейіліне, ағалық ақ ниетіне, бүкпесіз көңіліне ризашылықтан. Жаныңа қуат берер жақсы сөздерімен-ақ көңіліңді көкке өрлеткен қайран ағалар-ай, десеңші!

Жандар аға дүниеден озғаннан кейін Халима әкпейіміз бас болып жүріп, ол кісінің «Тәубе» атты кітабын жарыққа шығарған.

– Ағаң өзі кітаптың атын да қойып қойған. Кітап негізінен өзінің жеке шығармаларынан, замандас, сыйлас, қимастарының жазғандарынан және өмір-тәжірибесінен қағазға түсіргендерінен тұрады. Өмірдің заңы ғой, оларға енді Жәкең жайлы естеліктер қосылып отыр. Осы жазбаларды жанрына, тақырыбына қарай орын-орындарына орналастырып реттеуге көмектес. Қосатын бірдеңелер болса қосарсың, – деп жағдай айтқан Халима әкпей қолыма Жандар ағаның жазғандарын ұстатқан. Оның еңбектерін оқи отырып, басқа бір әлемге еніп кеткендеймін.

Әңгіменің әлқиссасын анасы Әміреқыздан бастаған ол «Анадан артық жан бар ма!» деп толғанады. Толқымай отырып оқу мүмкін емес. «Тілде сүйек жоқ» деген рас-ау, шағын ғана шығармадан оқыған адамның өзі шабыт алғандай.

Көсемсөзші Жандар Кәрібайұлы – тұлғатанудың тарланы. Оның ақиқаттың алдаспаны Шерхан Мұртаза, қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов туралы суреттемелері мен мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбековпен сұхбаты осыған дәлел.

Туған жер, туған ел туралы толғана жазған шалқымалары – Отанды сүюдің, құрметтеудің, патриотизмнің үлгісіндей.

Ал өлеңдерін оқысаңыз, өмір мектебі туралы дәріс тыңдап отырғандай әсер аларыңыз сөзсіз.

Басында аупарткомның хатшысы, саясаткер, идеолог ретінде танылған адам көз алдымда қарымды қаламгер, алымды ақын, есіліп те, көсіліп те сөйлейтін көсемсөзші шешенге айналып бара жатты.

Бүгінде 90-ның бесеуіне келген абыз аға Баттал Жаңабаевтың «Жандар саясаттың сүрлеуіне түсіп кетті. Бұл жағынан оның қоғам дамуына қосқан үлесі зор. Ал егер ол таза шығармашылық жолмен жүргенде, одан керемет ақын немесе жазушы шығатын еді. Дегенмен оның ара-тұра болса да жазғандарының өзі мәнді әрі дәмді» дегені бар. Одан артық баға бере алмас ешкім де.

Жандар аға Кәрібайұлы шын мәнінде аттан түспеген азамат. Ол өмірінің соңғы күндеріне дейін қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес.

Мысалы, ол облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы болды. Елімізде жаңадан дүниеге келген бұл құрылым өзінің қоғамға пайдалы екенін дәлелдеп отыр. Өңірде осы ұйымға алғаш төраға болған абыз ақсақал ел ішіндегі елеулі оқиғаларға бір кісідей үлес қосты. Ол ел өмірінде өзіндік орны бар қоғамдық құрылым ардагерлер ұйымы жұмысына да белсенді атсалысып, келелі ақыл-кеңесін айтып, ұтымды ұсыныс-пікірлерін білдіруші еді. Өмірден көргені, көңілге түйгені бар, тәжірибесі мол адам ретінде қоғамға тек пайда келтіру жайын ғана ойлайтын.

Орынды сөздерді кесіп айтатын, түйінді мәселені шешіп айтатын турашыл жан ортасына сыйлы, қадірлі, құрметті болды. Мен де ағамызды арқатұтар, құрметтейтіндердің санатынанмын. Мысалы, ол кісі ортамызда болып, мен қайраткер Жандар Кәрібайұлы жайлы жазғалы жатсам, ағамыздың: «Әй, сен мені әсіремақтап ұятқа қалдырма. Ел үшін, қоғам үшін азды-көпті атқарған істеріміз өзгелер, әсіресе, жастар үлгі аларлықтай болса, бір жөн. Сонда да болса, ағаңды аспандата берме. Ең жоғары мадақ пен мақтау Аллаға ғана жарасқан!» – деп гүр ете қалатыны сөзсіз. Бұл – қарапайымдылық. Ал қарапайымдылық қашанда адамның қадірін арттыра түспек.

Жандар аға қазір ортамызда жоқ. «Елім, жерім, Отаным!» деп соққан жүрек соғуын тоқтатқалы үш жыл. Бірақ артында өшпестей ізі қалды, ел-жұрты айта жүрер ісі қалды.

Орнында бар оңалып, ұл-қыздары, ұрпақтары ұлағатты ісін жалғастырып жатыр. Солардың амандығын тілеп, жарты ғасырдан астам жұбайлық ғұмыр кешкен Жандарына құран-дұғасын бағыштап, «балалы үй базарда» немере-шөберелерінің қуанышына бөленіп, Халима әпкеміз отыр.

Жақсы істерімен жадымда қалған Жандар Кәрібайұлы жайлы осы естелік мақаланы жазып отырғанда басыма «Мемлекет және қоғам қайраткері Жандар Кәрібайұлының есімін мәңгі есте қалдырып, өзі өмір сүріп, қызмет атқарған Тараз қаласында бір көшеге атын беруге лайық азамат еді ғой. Бұл билік басындағылардың, халық қалаулыларының ойында болатын шығар» деген ой келді.

Орайы келгенде ол да орындалар.

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support