Адам баласы ес білген кезде жадында ұзақ сақталатын, сақталып қана қоймай, өмірге өнегелік жол сілтейтін сәттер болады екен. Мені бала кезімде әкем қайда бармасын жанынан тастамайтын. Тіпті, мені үш жасымнан бастап ертіп жүрді-ау. Жазушылар одағына барса да қасында болатынмын. Кездесулерге барғанда да жанынан тастамайтын. Сондағы кейбір бала болып еркелеп кететінімді де көтеруші еді. Әкем үнемі қоғамдық көлікпен жүретін. Терезе жаққа отырып, алдына алып, қаланың көркем жерлерін таныстырып, көшедегі жазуларды ежелеп оқытатын-ды. Ал, қыстың күндері көліктің терезесі буланып тұрса, жарысып әріптер жазушы едік сонда. Міне, мен сөйтіп төрт жасымда хат танып кеттім. Оған әкемнің көп себебі болды. Кейде көшеде кетіп бара жатып, әңгімесін үзбейтін. Көбіне жадыңда сақтап ал деп, өнегелі әңгімелерін айтатын. Мен мектепті Алматы қаласындағы сол жылдардағы жалғыз қазақ мектебі №12 орта мектебінде оқып, бітірдім. Кейін әкемнің жолын қуамын деп ҚазГУ-дың журналистика факультетіне түстім. Өйткені, мектепте оқып жүрген кезде жазған шағын әңгімелерім баспасөз беттерінде жарық көріп тұратын. Мен оқуымды аяқтай алмай қалдым. Сол 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы болып, белгілі себептермен оқудан шығып қалдым. Кейін әскерге алындым. Сөйтіп жүргенде әкем өмірден өтті. Бізді – балаларын бауырмал болуға шақырып отырушы еді. «Сендер бір-бірлеріңе қамқор болып жүріңдер, қолдарыңнан келсе, көмектеріңді аямаңдар» деп отырушы еді жарықтық. Менің өмірде азамат болып қалыптасуыма әкемнің берген тәрбиесі көп көмек берді. Үлкендерге құрмет көрсету, кішіге қамқор болу сынды өмірлік қағидалардың бастауында әкемнің өнегелік өсиеттері тұрды. Біздің үйден қонақ арылмайтын. Міне, сондай сәттерде еркелетіп отырып, үлкендерді сыйлаудың үлгісін көрсетуші еді. Тіпті, аптаның алты күнінің бес күнінде үйде қонақ болатын. Оның қатарында әкемнің өзі ертіп келген кісілер бір төбе болса, елден сәлем бере келген кісілердің өзі бір қауым болатын. Ешкімді жатырқамай, кең пейілін танытып жататын. Ал, әкемнің сондай думанды ұнататындығын үйдегілер де білетін. Сонда мүйізі қарағайдай, елге танылған азаматтар келіп жатады. Олар сырласып, сыйласып қана қоймай, емен-жарқын көңіл көтеріп, күйбеңі көп тіршіліктен бірауық тыс күй кешетін-ді. Сол келіп жатқан кісілердің аяқ киімдерін жинаудан бастап, тазалап қоюға дейін әкем айтып отыратын. Бұл да әкемнің бір тәрбиесі болатын. Қату дауыс та шығармайды, жай ғана баяу айтып, еркелетіп отырып жұмсайтын бізді. Бауырларым – ағам Тұран, Құрал және інім Жансерікпен жиі хабарласып тұрамыз. Өкініштісі, Құрал өмірдеп өтіп кетті. Осыдан біраз жыл бұрын Данагүл әпкем мен Жансерік келіп, екі-үш күн болып, аунап-қунап қайтқаны бар. Данагүл әпкем де жол апатынан қайтыс болды. Қазір Жансерікпен хабарласып тұрамын. Кейде күтпеген жерден келіп қалатыны бар ол бауырымның. Енді, Данагүл әпке өмірден өткен соң қолы көп босай бермейді ғой деймін, қазір тек телефон арқылы сөйлесеміз. Тұран аға да Астанадан хабарласып тұрады. Менің есімде қалғаны – бірде үйге Нұрғиса Тілендиев келді. Ол кісімен әкем жақсы сыйласатын. Ондай мықты азаматтар келгенде әкем де бір жасап қалушы еді. Ол екеуінің арасындағы сыйластық нағыз достық сыйластық болатын. Ал, кейде екеуінің арасындағы әңгіме-дүкен таңға жалғасып, думанды күндер екі-үш күнге ұласушы еді. Біз бала болып қызмет жасап жүреміз. Мен сонда Нұрғиса ағаның башпайларымен тартқанын көрдім домбыраны. Міне, талант, міне, өнер!.. Әкем де домбырамен ән салатын. Бірде, балалықпен әкемнің әндерін таспаға жазып алғаным бар. Ол кезде үлкен ленталы магнитола болатын. Сол ленталар әлі күнге дейін үйде сақтаулы тұр... Әкем өзінің көзі тірісінде-ақ ескерткіш-тақтасын жасатып қойды ғой. Сол тасты елге жіберген кезде мені де салып жіберді көлікке. Сонда «Елге барып, мына тасты Шәкірдің үйіне түсіріңдер. Әрі ағайындардан алыстамай біліп жүр. Туыстарың да, жақындарың да сол Ойықта» деген еді. Бүгін ойлап отырсам, әкем ағайындардың ортасында бол деген екен ғой. Енді, уақыт деген зымырап, әркім өзінің тіршілігімен кетті. Дегенмен, елге барып, ағайын-туғанның ортасында аунап-қунап қайтқанға не жетсін?!
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді