Халық денсаулығы – басты назарда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп атап өткені белгілі. Шындығында да қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктер жасалуда. Міне, сондықтан да біз аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Рыскелді Молдебекұлына жолығып, аталған мекеменің ағымдағы жылы атқарған жұмыстары туралы сұраған едік. – Рыскелді Молдебекұлы, әуелі аудандық орталық аурухана туралы қысқаша мағлұмат берсеңіз? – Аудандағы барлық азаматтарға 44 емдеу мекемелері қызмет көрсетеді. Аудандық емдеу мекемелерінде бүгінде 115 дәрігер, 514 орта буын медицина қызметкері, 144 кіші мейірбикелер, басқада 121 адам қызмет жасайды. Осы жерде ауданға келген жас мамандарға да тоқтала кеткен дұрыс болар. Жалпы облыс көлемінде дәрігерлердің жетіспейтінін жақсы білесіздер. Біз былтыр 9 жас маманды жұмысқа қабылдадық. Олардың 8-і жалпы тәжірибелі дәрігер болса, біреуі балалар дәрігері. Ал биыл 10 жас маман жұмысқа қабылданды. Олардың арасында терапевт, педиатр, акушер-гинеколог сынды жалпы тәжірибелі дәрігерлер бар. Енді бізге анестезиолог-реаниматолог, фтизиатр, инфекционист, офтальмолог, лор дәрігерлері қажет. Біз осындай қажетті мамандармен де келісім жүргізіп отырмыз. – Аудан халқы арасындағы аурушаңдық деңгейіне тоқталсаңыз? – Ауданда өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда биылғы аурушаңдық негізгі үш түр бойынша 100 мың тұрғынға шыққанда артты. Олар туберкулезден, қан айналымы жүйесі ауруы бойынша және қатерлі ісіктен көтеріліп отыр. Ағымдағы жылдың 10 айында 2046 бала өмірге келді. Ал былтыр бұл уақытта 2293 бала дүние есігін ашқан болатын. Биыл бұл кезеңде 1 жасқа дейінгі 17 сәби өлімі тіркелсе, олардың да өзіндік себептері бар. Ал биыл аудандағы жалпы өлім-жітім өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда кеміген. Аудан бойынша учаскелік дәрігерлерде денсаулықтарына байланысты 8938 адам диспансерлік есепте. Оларға бекітілген тізім бойынша қажетті дәрі-дәрмектер тегін рецептімен босатылады. – Медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелерінің материалдық-техникалық базасы туралы да білсек? – Өздеріңізге белгілі аудандық орталық аурухана да, аудандық емхана ғимараты да ескі екенін жасыра алмаймыз. Сондықтан биыл мемлекеттен тиісті қаражат бөлініп, аудан орталығының күн батыс жағынан 3 қабатты жаңа үлгідегі 250 орындық аудандық емхана құрылысы басталды. Бұл емхананы жаңа жылдың алғашқы күндері пайдалануға беріледі деп күтіп отырмыз. Ал келесі жылы сол емхана жанынан 200 орындық орталық аурухана соғылатын болады. Бүгінде бұл ғимараттың жері заңдастырылып, жобалық-сметалық құжаттарын дайындау жұмыстары қолға алынды. Бұдан басқа, халық көп шоғырланған Байзақ, Түймекент ауылдарында 30, ал Абай ауылынан 20 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялардың құрылыс жұмыстары аяқталып, алдағы күндері пайдалануға берілгелі отыр. Міне, кейінгі 4-5 жылда әрбір ауылдарда осындай дәрігерлік амбулаториялар соғылып, ел игілігіне берілуде. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. Ал мұның барлығы мемлекетіміздің адам денсаулығына байланысты атқарып жатқан жақсылықтары деп түсінген дұрыс болар.
Аудандағы 17 дәрігерлік амбулатория өздеріне қарасты аумақтардағы адамдарға жедел жәрдемнің 4 категориясына жататын шақыртуларды қабылдап, өздерінің алғашқы көмектерін береді. Алайда осы амбулаторияның бесеуінде ғана халыққа алғашқы көмек беруге байланысты жеңіл көліктері бар. Өкініштісі сол қалған 12 дәрігерлік амбулаторияның көліктері тозып, пайдалануға жарамай қалды. Жақында ғана жаңа бір көлікке қол жетті. – Кейінгі 2-3 жылда елді есеңгіретіп, талай азаматтарымызды алып кеткен коронавирус инфекциясының алдын алу туралы қандай жұмыстар атқарылуда? – Бұл ауру бізге ғана емес елімізге, тіпті әлем халқына оңай тиген жоқ. Талай асылдарымыз өмірден өтіп кетті. Осы аурумен ауруханаға түсіп, емделіп жазылып шыққандар да аз емес. Алайда биыл бұл ауру біршама бәсеңдегендей болып, жұмыс та, оқу да бір ырғаққа түсті. Дегенмен «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, аталған аурудың алдын алу, онымен күрес ешқашан бәсеңдемейді. Ағымдағы жылдың 11 айында ауданда 28 адам коронавирус инфекциясына шалдықты. Өкініштісі сол олардың арасында 6 айлық нәресте де тіркелді. Жақсы жері ешқандай адам шығыны болған жоқ. Коронавирустық инфекцияның жаңа толқынына дайындық ретінде аурухана 11 дана арнайы аппаратпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ 33 дана оттегі концентраты, 31 дана Бобров аппараты, 161 дана пульсоксиметр, 10 дана перфузор, 11 дана инфузомат та алынды. Аурухананың барлық бөлімшелеріне оттегі түтікшелері жүргізілген. Дәрі-дәрмек, басқа да қажетті заттармен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етіліп отыр. – Профилактикалық скринингтен өту, ем қабылдау барысына да тоқтала кетсеңіз? – Аудан бойынша қан айналымы жүйесі аурулары мен қант диабетінен скринингтік тексерілуге 6680 адам жататын болса, олардың 6534-і скринигтен өтті. Осы жерде «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы бойынша 8 нысаналы индикаторлардың 6-ауы орындалғанын айта кетейін. Нәресте өлімінің деңгейі мен мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамту жағдайы түрлі себептерге байланысты орындалмай отыр.
Сұхбаттасқан
Сүндетулла ӘБІЛОВ.
Сарыкемер ауылы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді