Ел жаңалықтары
Ядролық қарусыздану – Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды қыры
- author «Ақ жол»
- 21 желтоқсан, 2022
- 591
Ядролық қарусыздану – Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды қыры
Геосаяси қайшылықтар күшейіп келе жатқан жаңа кезең
Бүгінде әлемдік тепе-теңдіктен, геосаяси жағдайдан тұрақтылық кеткен. Бір ғана Ресей мен Украинаның арасындағы әскери қақтығыс, Израиль мен Палестинаның бітіспес жер дауы, Ирандағы күрделі ішкі саяси ахуал, Әзірбайжан мен Арменияның Қарабақ жері үшін таласы, бәрі-бәрі әлемдік тыныштықтың шырқын бұзып-ақ тұр. Жалпы теория жүзінде барлық ел достықты, бейбітшілікті қалайды. Ол заңды да. Бірақ мүдделер қайшылығы туғанда шын көрініс басқаша өрбіп жатады. Дейтұрғанмен Жер бетінде бейбітшілік пен ынтымақты қалайтын елдердің қатары басым. Солардың ішінде Қазақстанның да алар орны бір төбе. Себебі тәуелсіздік алған күннен ядролық қарудан бас тартып, Әлемге посткеңестік елдер ішінде өзін ерекшелеп танытқан болатын. Осы бір жаппай жою қаруынан бас тартқалы және Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінен төрткіл дүниені ядролық қарусыздануға шақырғалы халықаралық қауымдастықтың біздің елге деген көзқарасы күрт жақсарып шыға келді. Бұл ретте еліміздің Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың да еңбегін жоққа шығаруға әсте болмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сыртқы саясатта, дипломатия төңірегінде тәжірибесі мол тұлға. Сондықтан Қазақстанның жаһандық бастамалары ылғи да тыныштық пен тәртіпке, ырыс пен ынтымаққа бастайды. БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде Қ.Тоқаев әлем геосаяси қайшылықтар күшейіп келе жатқан жаңа кезеңге қадам басқанын атап өтті. Сондай-ақ тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып отырғанын алға тартты. – Тежемелік және тепе-теңдіктің жаһандық жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қала алмады. Қауіпсіздік архитектурасы келмеске кетіп барады. Әлемдік алпауыттар арасындағы өзара сенімсіздік жылдам арта түсті. Әлем жаңа әскери қақтығыс ошақтарының құрбанына айналды. Біз екі буыннан кейін алғаш рет ядролық қарудың қолданылу қаупімен бетпе-бет келдік. Текетірестер жасанды кедергілер мен экономикалық оқшаулануға әкеледі. Экономикалық және саяси санкциялар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тізбегін жойып, миллиондаған адамдарға, әсіресе қоғамның осал топтарына қауіп төндіретін «жаңа нормаға» айналды. Бұл қиыншылықтар өсіп келе жатқан инфляцияға, жұмыс орындарын жоғалтуға және дамушы елдердің әлемдік экономиканың құлдырауынан үрейленуіне қатысты қазіргі сын- қатерлерді тек күшейте түседі. Бұл күйзелістер, түптеп келгенде, климаттың өзгеруіне қарсы күресу және орнықты дамуды қолдау жөніндегі біз бәріміз келіскен жедел шаралардың жүзеге асырылуына айтарлықтай кедергі келтіреді, – деді Қ.Тоқаев.Халықаралық құқықтық қағидаттары мен нормалары
Расында әскери қақтығыстардың ошағында барлық салада артқа кету жағдайының қалыптасатыны және ол орасан зардап әкелетіні анық. Мектептерде білім беру тоқтап, дала төсін дүбірге бөлеп отырған шаруалардың еңбегінің берекесі кетіп, табысы құлдырайды. Президент Қ.Тоқаев айтпақшы мұндай жағдайда климаттық қауіпсіздікті ойлау тұрмақ, жұрттың бас сауғалап жан-жаққа сабылуына тура келеді. Әлемдік сын- қатер деген осы. Мұндай жағдайда не істемек керек? – Осыдан 77 жыл бұрын БҰҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттер Ұйымның Жарғысына халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын енгізді. Бұл ережелер осы уақыт аралығында біздің қызметімізді тиімді реттеп келді. Қазір осы әмбебап Ұйымның негізінде қалыптасқан іргелі қағидаттарға қайта оралу аса маңызды. Атап айтқанда, біз мемлекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің территориялық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі секілді бастапқы үш қағидат арасындағы байланысты қайта зерделеуіміз қажет. Бұл үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді, – дейді Қасым- Жомарт Кемелұлы. Расында осы қағидаттардың бірін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу, басқа екеуін бұзған болып саналады. Бұл қарап отырсаңыз уығынан айырылған шаңырақ іспетті көрініс. Шаңырақтың беріктігі әрбір уығына байланысты екені біз айтпасақ та белгілі. Президент Қ.Тоқаев дәстүрлі және ядролық қарусызданудың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде аталған үш қағидатқа қауіп төнетінін баса атап өткен еді дебат кезінде. – Керісінше, үш қағидаттың түгел сақталуы олардың күшеюіне ықпал етеді. Бұл қағидаттар бірге кеңейтілген мемлекетаралық ынтымақтастықтың келесі үш деңгейіне негіз болады: субөңірлік, өңірлік және жаһандық. Бұл адамзат үшін пайдалы. БҰҰ аясында бекітілген құндылықтар жүйесі әлемнің түпкір-түпкіріндегі миллиондаған адамға үміт сәулесі болып қала береді. Біз ынтымақтастық рухына негізделген БҰҰ-ны басшылыққа алып, аталған құндылықтарды батыл қорғауға тиіспіз. Басқаша айтқанда, біз қол қусырып, әлемнің полярлануына және бөлшектенуіне көне алмаймыз. Біз ортақ мұрамыз бен игілігімізге нұқсан келтіретін батылсыздыққа неме с е біржақты мүддеге жол беруге құқымыз жоқ. Көп нәрсеге тәуекел етуге тура келеді. Осыған байланысты Қазақстан инклюзивтілік, көпжақтылық және ізгі ниет жолында тиісті субъектілердің бәрімен ынтымақтастық орнатуға дайын. Біз тек күш жұмылдыра отырып қана қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатынымызға сенімдімін. Ортақ мақсатымызға қол жеткізу үшін біз мынадай бағыттарда әрекет етуге тиіспіз. Өткен жылдардағы көптеген және көбіне өзара байланысты дағдарыстар жаһандық басқаруда айтарлықтай кемшіліктер бар екенін көрсетті. Олар БҰҰ-ны жаңғырту және реформалау қажет екенін айқындап берді. БҰҰ алдағы сын-қатерлерге және туындайтын мүмкіндіктерге дайын болуға тиіс. Осыған байланысты Қазақстан Бас хатшының «Біздің ортақ мәселеміз» атты баяндамасында айтылған ұсыныстарды қолдайды. Бізге БҰҰ Жарғысының ережелерін бекітуге, көпжақтылыққа тың серпін беруге, қолданыстағы міндеттемелердің жүзеге асырылуын күшейтуге, жаңа сын-қатерлерге қатысты нақты шешімдерді келісуге және Ұйымға мүше мемлекеттердің өзара сенімін қалпына келтіруге зор мүмкіндік туып тұр. Қазақстан 30 жыл бұрын дәл осы мақсатпен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес (АӨСШК) құруды ұсынды. Жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп- қатерлерге байланысты алдағы қазан айында араағайындық пен бітімгерлікке атсалысу мақсатында Астанада өтетін Саммитте АӨСШК толық қанды халықаралық ұйымға айналады деп үміттенеміз, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы жаһандық сын-қатерлер мен дағдарыстарға қарсы қабылданатын қарапайым іс-шаралардан оларды болдырмауға және сапалы болжауға, сондай-ақ саяси бағыттарды стратегиялық жоспарлау және әзірлеу аясындағы бағалау әдістерімізді жұмылдыруға көшуіміз керектігін баса айтты.Ықтимал тұрақсыздыққа қарсы тұру
Қарап отырсақ, бізге баяғыда алыс сағымдай көрінген 2030 жылға дейін сегіз-ақ жыл қалыпты. Осыған дейін Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге COVID-19 пандемиясы, «үш әлемдік дағдарыс» (климаттың өзгеруі, биоалуантүрліліктің жоғалуы және қоршаған ортаның ластануы), сондай- ақ дүниенің әр бұрышындағы қақтығыс ошақтары кедергі келтіргені рас. Ендеше кеш болмай тұрғанда бұрынғы даму соқпағына қайта түсетін уақыт жеткен сыңайлы. Мемлекет басшысының да айтқалы отырғаны осы. – Біздің негізгі басымдығымыз – ықтимал тұрақсыздыққа қарсы тұруға қабілеттілік, сондай-ақ орнықты, теңгерімді және инклюзивті түрде қайта қалыпқа келуді қамтамасыз ету. Осылайша, Шығыс пен Батыс арасында ашық диалог жүргізу қажет, сондай-ақ өзара сенім мен көпжақты ынтымақтастық қағидаттарына негізделген қауіпсіздіктің жаңа жаһандық парадигмасын орнату керек. Қазіргі дағдарыс жағдайы мен геосаяси текетірестердің күшеюін ескере отырып, БҰҰ аясында халықаралық шиеленісті бәсеңдету және қақтығыстарды болдырмау жұмыстарын жүргізу қажет. Бұған дейін Қазақстан ядролық қару сынақтарынан көп зардап шекті. Сондықтан ядролық державалар арасындағы текетірестің күшею қаупін жақсы түсінеміз. Осыған орай ядролық қарусыздану Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды қырына айналды. Біз ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы күресімізді жалғастыра береміз. Бұл саладағы кейбір жетістіктерге қарамастан, өкінішке қарай, жалпы ахуал жақсы емес. Ядролық державалар арасында күшейіп келе жатқан бәсеке мен текетірес бізді алаңдатады. Сондай-ақ біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың жалпы конференциясы аясында ілгерілеу жоқ екеніне алаңдаймыз. Алдымызда қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласындағы жаңа механизмдерді әзірлеу жөнінде аса күрделі міндет тұр, – деп Қ.Тоқаев еліміздің ұстанымын нық білдірген еді БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында. Сонымен қатар COVID-19 пандемиясы да биологиялық қауіп- қатерлерді басқаруға және азайтуға бағытталған шұғыл шаралар қабылдау қажет екенін айқындап бергенін айта кеткеніміз жөн. Тіпті халықаралық ынтымақтастық үшін арнайы институт немесе орган құруға ешқандай шара қабылдамай, 50 жылдан бері биологиялық қару туралы Конвенцияның ережелерін әлі де ұстануымыз бізді алаңдатуы керек. Осыған орай Президент Қ.Тоқаев бұған дейін ұсынған Биологиялық қауіпсіздік жөнінде халықаралық агенттік құру туралы бастамасын жоғарыда аталған дебат барысында халықаралық қауымдастықтың есіне қайта салды. Сондай-ақ халықаралық қауіпсіздікке төнген қауіппен қатар климаттың өзгеру проблемасы да ауқымды халықаралық ынтымақтастық пен ниеттестікті қажет ететінін тілге тиек етті.Жаһандық азық-түлік тапшылығымен күрес
Қазір бүкіл әлем халқы ауа райы мен қоршаған ортаның өзгеруіне байланысты туындаған қатермен бетпе-бет келіп отырғаны жасырын емес. Сол себепті, Қазақстан Президенті айтпақшы егер жағдайды жақсартқымыз келсе, жылдам іске көшуіміз қажет. – Көпшілігіміз қазірдің өзінде бұл бағытта батыл қадамдар жасадық. Қазақстан 2060 жылға қарай еліміздің энергетика секторының мұнай мен газға тәуелділігінен көміртегінен бейтарап экономикаға толық көшіру міндетін алды. Ғаламшарымызды құтқару үшін бұрын-соңды болмаған көлемде инвестиция қажет. Бірақ климаттың өзгеруіне қарсы күрес даму немесе жаңғыру процесінің есебінен жүргізілмеуі керек. Сондықтан о сы жылы өтетін COP27 климаттық конференциясында Ұйымға мүше мемлекеттер, сондай- ақ жаһандық бизнес-қоғамдастық климатқа қатысты қаржыландыру жөніндегі өз міндеттемелерін тағы да ұлғайта түсуі керек. Бұл мәселе азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы жаһандық дағдарыспен тікелей байланысты. Астық өндіруден әлемде жетінші орында тұрған менің елім – Орталық Азиядағы астық қоры ең мол мемлекет. Біз жаһандық азық-түлік тапшылығымен күресу үшін осы ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға дайынбыз. Қазақстан алдағы уақытта да астық пен басқа да әлеуметтік маңызы бар азық- түлік өнімдерінің сенімді жеткізушісі болып қала береді. Сондай-ақ біз Қазақстанда орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен, сондай-ақ БҰҰ агенттіктерімен ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Бұл тұрғыда азық-түлікпен тыңайтқыштарды барлық санкциялар мен шектеулерден босату аса маңызды. Қазіргі экономикалық және әлеуметтік қиыншылықтар ұжымдық күш-жігердің жұмылуын қажет ететінін қайталап айтқым келеді. 2030 жылғы дейінгі күн тәртібіне қатысты ұстанымымыз біздің ұлттық және жаһандық мәселеміздің ажырамас бөлігі болып қала береді. Оның үстіне жаһандық экономиканы қалпына келтіру үшін әділ сауда режимдері аса маңызды. Осы ретте Қазақстанның төрағалығымен өткен Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттер министрлерінің 12-конференциясында қабылданған сындарлы шешімдерді ерекше атап өткім келеді.Әртараптандырылған жаһандық транзит және көлік логистикасы
Қазіргі геосаяси жағдай сенімді әрі әртараптандырылған жаһандық транзиттік және көлік инфрақұрылымының маңызды екенін көрсетіп отыр. Бұрынғы интеграциялық саясаты мығым елдер жан-жағындағы әскери қақтығыстарға байланысты тауар айналымы үшін жаңа транзиттік бағыттар, және көліктің инфрақұрылым іздеуге көшті. Солардың бірі – Қазақстан. Бұл ретте Президент мұндай жағдай біздің өңірімізде де байқалатынын жасырмады. Қазақстан – теңізге шығатын жолы жоқ ең ірі мемлекет және Азия мен Еуропа арасындағы маңызды құрлық дәлізіне ие ел. – Транскаспий халықаралық көлік бағытына немесе «Орта дәлізге» тың серпін берілді. Алдағы жылдары біз Қазақстан арқылы жүк тасымалының айтарлықтай арта түсетініне сенімдіміз. Біз Каспий теңізінің бейбітшілік пен жаңа мүмкіндіктер теңізі ретіндегі позициясын қамтамасыз етуіміз керек. Алдағы айларда Қазақстан сауда және жеткізу тізбегінің істен шығуы салдарынан туындайтын энергияға және маңызды шикізатқа қолжетімділіктің шектелуін азайтуға көмектеседі. Ұзақ мерзімді перспективада біз жасыл сутегі мен жаңартылатын энергия көздеріне ерекше назар аудара отырып, энергия көздерін әртараптандыруға ұмтыламыз. Орталық Азия туралы айтар болсақ, біз оның қазірдің өзінде халықаралық ынтымақтастық үшін мол мүмкіндіктері бар аймақ екенін есте ұстауымыз керек. Орталық Азиядағы әріптестерімізбен бірге аймақты одан әрі дамыту мақсатында өзара саяси іс-әрекетті нығайтуға және экономикалық байланыстарды тереңдетуге ниеттіміз. Біз тату көршілік қарым-қатынастарды сақтауға және ынтымақтастықты әртараптандыруға бейілдіміз. Бұл сенім біздің маңызды табиғи және ауыл шаруашылығы ресурстарымызға, адами капиталға және транзиттік әлеуетімізге негізделген. Біз – Шығыс пен Батыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің арасындағы аралық нарықпыз. Біз климаттың өзгеруі, Арал теңізі, су ре сурстарын ұтымды пайдалану, шекараны делимитациялау, экстремизмге қарсы күрес және аймақ ішілік сауданы кеңейту мәселелерін қамтитын өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді шешу үшін барлық мүдделі тараптармен бірлескен жұмыстарды жалғастыруға ниеттіміз. Сондықтан Алматы қаласында БҰҰ- ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаты жөніндегі аймақтық орталығын ашу маңызды деп есептейміз. Қазақстан Ауғанстанның болашағын көрші елдермен бейбіт қарым-қатынаста болатын шынайы тәуелсіз, бейтарап, біртұтас, дамыған мемлекет ретінде көргісі келеді – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы аса маңызды гуманитарлық көмек көрсете отырып, Ауғанстанда мемлекеттілік қалыптасуының күрделі процесін қолдайтынымызды ашық білдірді.Трансформациялық саяси реформалар
Әлемдік мінберде орайы келіп тұрғанда Қасым-Жомарт Кемелұлы өзіміздің елдегі ішкі жүйеге қатысты да ұстанымдарын, басшылық етудегі негізгі саяси бағытын да айта кетті. – Қазақстан Президенті ретінде ұстанымым – әрбір азамат тең мүмкіндіктерге ие әрі құқығы қорғалған Әділетті Қазақстанды құру. Менің елімде әділдік салтанат құруы керек. Заң мен тәртіп қоғамымыздың негізі болады. Бұл жолдың ең маңызды бөлігі – трансформациялық саяси реформалар. Мен Президент өкілеттігін жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсындым. Бұл – Қазақстанда демократияны дамытудағы нағыз серпіліс. Осы ретте «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деген менің формуламды қатаң ұстанамыз. Бұл формула Қазақстанның ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келетініне сенімдімін. Сонымен қат ар экономиканы монополиядан арылтуды көздеп отырмыз. Біз қоғамның ең ауқатты бөлігін Әділетті Қазақстанды құруға, сондай- ақ экономиканы әртараптандыруға және адам капиталына инвестицияны арттыруға қатыстыру шараларын жасап жатырмыз. Жақында балаларға арналған Ұлттық қор құру туралы бастама көтердім. 2024 жылдан бастап Ұлттық әл-ауқат қорының инвестициялық кірісінің 50 пайызы кәмелеттік жасқа толғанға дейін балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылады. Бұл қаражатты білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға жұмсауға болады. Қазір «Қазақстан халқына» арнайы жеке қайырымдылық қоры да қарапайым азаматтарға денсаулық, білім, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерінде көмек көрсетіп келеді. Әйелдердің құқығын одан әрі кеңейтуді және олардың экономикалық және әлеуметтік өмірге қатысуын қамтамасыз ету – біздің мақсатымыз. Жан-жақты ұлттық қайта құру оңай процесс емес, бұл жолда алдымыздан белгілі бір дәрежеде қиындықтар кездеседі. Егер біз Қазақстан азаматтарының үмітін ақтағымыз келсе, бұл стратегиялық жолдан айнымаймыз! Кейінгі үш жылда біз реформалардың төрт топтамасын іске асыру арқылы елеулі өзгерістер жасадық. Мысалы, Парламент қабылдаған жаңа заңдар саяси партияларды тіркеуді жеңілдетіп, саяси ұйымдардың Парламентке өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға дейін қысқартты. Азаматтардың мемлекеттік басқаруға араласуына мүмкіндікті кеңейту үшін партиялық сайлау тізімдеріндегі әйелдер мен жастарға міндетті 30 пайыздық квота қарастырылған. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жауапкершілігін арттыру үшін жергілікті әкімдерді тікелей сайлау енгізілді. Қоғам мен билік арасындағы ашықтық мәдениетін дамыту үшін біз бейбіт жиындар туралы заңға өзгертулер енгіздік. Енді жиындар өткізу үшін мемлекеттік органдардың келісімі қажет емес. Қазақстан адам өміріне және адамның қадір-қасиетіне жалпыға бірдей танылған құқықтары аясында халықаралық міндеттемелерге сәйкес өлім жазасын алып тастады. Әділетті Қазақстан біздің көпұлтты және көпконфессиялы ынтымағымызға негізделген. Біз «Бірлігіміз– әралуандықта» қағидасын қатаң ұстана береміз. Өткен аптада Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі табысты өтті. Съезде діни толеранттықтың, диалог пен мәселелерді бейбіт жолмен шешудің маңызды екені тағы да айтылды. Біз қажет болған жағдайда арағайын болуға және диалог алаңдарын ұсынуға дайынбыз, – деді Президент Қ.Тоқаев. Қорыта айтсақ, биыл Қазақстан мен БҰҰ арасындағы серіктестікке 30 жыл толды. Осы жылдар ішінде Қазақстан билігі нешеме баст ама көтеріп, қаншама қақтығыстарда араағайындық танытып, өз төрін татуластыру алаңы ретінде ұсынды. Шын мәнінде тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуымен нығаюына БҰҰ зор үлес қосқанын да атап өтуіміз керек. – Осы аралықта біз ЭКОСОС пен Адам құқықтары жөніндегі кеңестен бастап Қауіпсіздік Кеңесіне дейінгі Ұйымның барлық негізгі органдарында Б Ұ Ұ Жарғысында белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмыс істедік. Болашақ ұрпақ игілігі үшін жауапты басшылыққа мұндай қажеттілік бұрын- соңды болмаған. Өткенді еске алу бізден болашағымыз үшін жауапкершілікті талап етеді. Сіздермен бірге біз қауіпсіз, орнықты және дамыған жаһандық қоғам құру жолында бар күш-жігерімізді аямаймыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.Жасұлан СЕЙІЛХАН,
журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді