Жамбылда не жаңалық?
Тұрғындар денсаулығын жақсартуға күш салынуда
- author «Ақ жол»
- 14 желтоқсан, 2022
- 259
Тұрғындар денсаулығын жақсартуға күш салынуда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Еліміз тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сондықтан кез-келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет...Медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуға тиіс», деген еді. Бүгінде қазақ елі «Әділетті Қазақстан» атты жаңа қоғам құруға бет бұрып жатыр. Әрбір салада елімізді өркениет шыңына жетелейтін соны өзгерістер орын алуда. Өткенге сын көзбен, болашаққа үмітпен қарау халықтың ел ертеңіне деген сенімін нығайтатыны анық. Десе де қазақтың өз алдына ел болып, азаттық алған жылдар ішінде жүріп өткен жолын, жеткен жетістігін жоққа шығармауымыз керек.
Өсу мен өркендеудің әр белесін бағындыруға талпынған Әулиеата өңірінде де тиянағын тапқан тірліктер, атқарылған іргелі істер жетерлік. Осы ретте өңірдің денсаулық сақтау саласында қандай оң өзгерістер орын алуда? Осыны біз облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспановадан сұраған едік.
– Жалпы халық тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасының ұзақтығы 73,2 жасқа жуықтады. Өз алдымызға дербес мемлекет болған уақыт аралығында өңірдің медицинасы да көптеген қиындықтардан өтті, біршама белестерді бағындырды. Атап айтар болсақ, облыстық денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлеміне 1991 жылы 500 миллион теңге бөлінсе, өткен жылға бөлінген қаражат көлемі 116,4 миллиард теңгені құрап отыр. Негізінде қазір денсаулық саласында 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы шеңберінде жұмыстар атқарылып жатыр. Осы ұлттық жобада 8-өңірлік көрсеткіш, оған қосымша спорт басқармасымен бірлескен 3 көрсеткіш қамтылған. Осы мәселелер ескеріле отырып, осы жылы денсаулық сақтау басқармасының бюджеті 12 555,2 миллион теңгегені құрады. Атқарылған мақсатты шаруалардың арқасында денсаулық сақтау саласындағы негізгі көрсеткіштерде оң динамика қалыптасып отыр. Облыста 400-ге жуық денсаулық сақтау нысаны жұмыс істеп тұрса, мақсат – осы нысандардың халыққа сапалы қызмет ұсынуын қамтамасыз ету, – дейді Жанар Мықтыбекқызы.
Балалардың денсаулығын жақсартып, өмірін сақтау денсаулық саласының, мемлекет пен қоғамның өзекті және маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесі, оның ішінде педиатрия қызметінің маңызы зор дейтиін болсақ, мақсат – нәрестелер мен балалар өлімінің көрсеткішін төмендету.
Бұл бойынша тәуелсіздік алған жылдардан бері нәресте өлімі 4,5 есеге төмендепті. Облыстың демографиялық жағдайы да жақсара түскен. Мәселен, 1991 жылы 1000 тұрғынға шаққандағы туу коэффициенті 23,7 пайыз болса, бүгінде табиғи өсім 1000 тұрғынға шаққанда – 16,95-ті құрады. Соңғы жылдары аймақта бірнеше балалар денсаулық сақтау нысандары ашылған. Атап айтқанда, облыстық жұқпалы балалар ауруханасы, салмағы 500 грамм немесе одан жоғары салмағы бар жаңа туған нәрестелерді күту мүмкіндігі бар 2 перинаталдық орталық, «Ана мен баланы аялау» облыстық оңалту орталығы, облыстық балалар ауруханасы, №1 қалалық балалар ауруханасы.
Сонымен қатар бұрнағы жылдан бері олыстық көпсалалы балалар ауруханасы жанында 120 орындық балалар ортопедия, травматология, нейрохирургия мен неврология бойынша облыстың балаларына емдеу-сауықтыру және оңалту шараларын көрсету бойынша медициналық оңалту бөлімшесі жұмыс істейді екен. Салада әйелдердің жүктілігінің алғашқы кезеңінде туа біткен патологияны және ұрықтың даму ақауларын анықтау үшін перенатальды және кішкентай балалардағы отоакустикалық эмиссияны тіркеу әдісімен аудиологиялық скринингтер енгізілгенін де айта кеткен жөн.
Өңірдегі облыстық көпбейінді аурухана, «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы», «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасы», «Неке және отбасы» медициналық орталығы» іспетті 5 медициналық ұйымда кардиохирургия, травматология, акушерлік-гинекологиялық бейін бойынша жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетілуі де айтарлықтай жетістік.
Облыстың денсаулық сақтау ұйымдарының жабдықталу көрсеткіші де біршама жақсарған. 2009 жылы жабдықталу 35,7 пайызды құраса, былтыр 87,5 пайыз болған. Ел тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде облыстағы барлық медициналық ұйымдар компьютерлік техникамен жабдықталса, интернет желісі қолжетімді, барлық медициналық құжаттар электронды форматта жүргізілуде. Денсаулық сақтау нысандарын салу екпіні де жоғары. Егер 1991 жылдан 2009 жылға дейін 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтерсе, 2009 -2020 жылдар аралығында 217 нысан ел игілігіне пайдалануға берілген. Биыл да ел игілігіне бірқатар нысандар ұсынылыпты.
Тәуелсіздік жылдарында облыс бойынша «100 мектеп, 100 аурухана салу» жобасы аясында құны 18,8 миллиард теңгеге 6 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліпті. Олар – Тараз қаласындағы облыстық қан орталығы, сметалық құны – 4 005,9 миллион теңге, сметалық құны 2 456,6 миллион теңгені құраған, 500 келушіге арналған №5 қалалық емхана да осы облыс орталығында ашылған. Шу ауданында 150 келушіге арналған аудандық орталық ауруханасы (сметалық құны – 3 740,9 миллион теңге), 200 төсектік облыстық балалар ауруханасы (сметалық құны – 4 674,0 миллион теңге), 200 төсектік қалалық балалар ауруханасы, (сметалық құны – 4 803,1 миллион теңге), Жамбыл ауданы Аса ауылындағы 250 келушіге арналған аудандық орталық емхана да осы жоба жемісі (сметалық құны – 3 287,9 миллион теңге ).
«350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана салу» жобасы аясында жоспарланған 26 денсаулық сақтау нысанының ішінен құны 1,8 миллиард теңгеге 25 мекеменің құрылысы аяқталып, ел игілігіне беріліпті. Сонымен қатар «350 дәрігерлік амбулатория, ФАП және емхана құрылысы» бағдарламасы бойынша 2014 жылы ауысымы 250 келушіге арналған Меркі аудандық орталық емханасы ғимаратының құрылысы басталып, ол екі жылдан кейін пайдалануға ұсынылған.
Жалпы құны 1 046 588 мың теңгені құраған. Сол жылы дәл осындай емдеу мекемесі Талас ауданында да бой көтеріп, яғни 2016 жылы аудандық орталық емхана таластықтарға тарту етілген.
2018 жылы облыстық бюджеттен 9 денсаулық сақтау нысанының құрылысын салуға 608,9 миллион теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілсе, мемлекеттік жекешелік-әріптестік шеңберінде 29 алғашқы көмек көрсету нысанының құрылысы жүзеге асырылды (12 ВА, 7 ФАП, 10 МП).
2019 жылы тікелей сатып алу тәсілімен 65 алғашқы медициналық көмек көрсету нысанына ғимараттар сатып алыныпты. Басқарма басшысы осының арқасында ауылдық елді мекен тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігі артқанын айтады.
– 2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шу қалалық ауруханасының ғимаратына жапсарлас емхана ғимаратын салу жобасының құрылысы аяқталып, пайдаланылуға берілді. Жобанаң құны 304 миллион теңгені құрады. Биыл аталған бағдарлама арқылы жалпы құны 9,1 миллиард теңгені құрайтын 24 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілсе, оның ішінде кейбірінің құрылысы былтыр басталған.
Сондай-ақ облыста денсаулық сақтау саласындағы маман-кадрлардың тапшылығы біртіндеп шешілуде. Бұрнағы жылы облысқа 194 жас маман келіп, олардың 118-і ауылдық елді мекендерге «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен жіберілген болатын. Аталған бағдарлама аясында олардың алтауына республикалық бюджет есебінен 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредит көлемінде көтермеақы төленді. 33-іне 100 айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы берілсе, жергілікті бюджет есебінен 800 мың теңге көлемінде қаржылай көмекті 78 жас маман алды. 15 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, оның ішінде 13 маманға қызметтік үй берілді. (Жамбыл –1, Жуалы – 2, Сарысу ауданы Жаңатас қаласы – 3, Талас – 7), Тараз қаласындағы 2 маманның үй жалдау ақысы мекеменің есебінен төленуде (Психикалық денсаулық орталығы –1, қалалық көпбейінді ауруханасы – 1).
Сондай-ақ облысқа жас мамандарды тарту мақсатында облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы үнемі жоғары медициналық оқу орындарымен жұмыс жүргізіп келеді. Жергілікті бюджеттен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін гранттар бөлінген еді.
2019 жылдан бастап С.Д.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина универитетінде жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін жалпы медицина мамандығы бойынша 12 түлек, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін резидентурада акушер-гинеколог, анестезиолог-реанимотолог мамандықтары бойынша 12 дәрігер оқуға жолданды. 2020 жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен бөлінген грантпен жалпы медицина мамандығы бойынша 10 түлек, резидентурада акушер-гинеколог, анестезиолог-реанимотолог, неонатолог, неврология мамандықтары бойынша 12 маман оқып жатыр.
Медицина қызметкерлерін басқа қажеттілігі бар медицина немесе фармацевтика мамандығын меңгеру үшін қайта даярлауда оқытып, дәрігерлер тапшылығын жабу мүмкіндігі қарастырылған. Одан бөлек облыс әкімдігі мен С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ыңтымақтастық туралы меморандумы бар. Өңірде медицина мамандарының тапшылығын жоюға осындай құжаттар септігін тигізіп отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен емдеу, алдын алу мекемелерінің бой көтеріп, заманауи үлгіде салынып, халықтың игілігіне берілуі, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында жасалып жатқан қамқорлықтар – біздің тәуелсіз ел болғанымыздың кепілі екенін айта кетуіміз керек. Біздің мемлекетімізде қашанда қоғамның басты байлығы саналатын – адамға, адамдар денсаулығын арттыруға үнемі баса назар аударылып келеді. Бұл соның көрінісі деуімізге толық негіз бар. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауларында да тұрғындардың денсаулығын жақсартуды басты мәселелердің бірі ретінде қарастырып, бұл бағытта барлық мүмкіншіліктерді жүзеге асыруға көңіл бөліп келеді. Мәселен, өткен жылдан бастап өңірде Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа алу арқылы бірқатар жұмыстар іске асырылды. «Адам өз мамандығының құлы болмай – еңбегінің құны болмайды» деген сөз бар қазақта. Біздің басты құндылығымыз – халық денсаулығын арттыруға бағытталған істер, – дейді Ж.Оспанова.
Салада еңбек етіп келе жатқан мамандар да мемлекет, қоғам тарапынан елеусіз қалып отырған жоқ. Осы күнге дейін мемлекеттік, қоғамдық істегі қызметі, еңбектегі жетістіктері мен жауынгерлік ерліктері үшін өңірімізде денсаулық сақтау саласының қызметкерлері арасында отыздан астам медицина қызметкері мемлекеттік наградаларды иеленді, оның ішінде «Барыс» орденімен – 3 (қайтыс болғаннан кейін), «Парасат» орденімен – 1, «Құрмет» орденімен – 5, «Ерен еңбегі үшін» –9, «Шапағат» –14. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының Ведомствоаралық наградаларымен 265 медицина қызметкері марапатталыпты.
Оның ішінде «Еңбек ардагері» медалімен – 44, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен – 89, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен – 132 марапатталса, медицина саласында қызмет атқаратын 17 дәрігер «Құрметті азамат» атағының иегері атанған. Бұл аталған сала мамандарына деген үлкен құрметтің белгісі.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді