Сақтық шараларын қатаң сақтау – маңызды

Сақтық шараларын қатаң сақтау – маңызды
ашық дереккөз
Сақтық шараларын қатаң сақтау – маңызды
Облыстың өртке қарсы қорғанысын төтенше жағдайлар департаментіне қарасты 24 өрт сөндіру және құтқару бөлімшесі қамтамасыз етеді. Оның ішінде 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі, 13 өрт сөндіру, 1 өрт сөндіру бөлімдеріне техникалық қызмет көрсету бөлімдері, 4 өрт сөндіру бекеті, 4 құтқару стансасы (Таразда – 2, Қаратау және Жаңатас) бар. Облыс орталығында 7 бөлімше қызмет атқарады. Облыс бойынша тәулік сайын жауынгерлік кезекшілікте шамамен 120 өрт сөндіруші-құтқарушы, 33 бірлік арнайы өрт-құтқару техникасы қызмет атқарса, резервте 50 бірлік техника бар. Биыл 9 айда өрт сөндіру қызметі бөлімшелерінің дабыл бойынша 2440 құтқаруға шығу дерегі тіркелді. Оның 557-сі өрт, 220-сы авариялық құтқару жұмыстары, 1604-і жану оқиғалары, 59-ы расталмаған жану фактілері бойынша орын алды. Өрт сөндіру мен авариялық құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде 259 адам құтқарылды, 563 кісі қауіпсіз орынға көшірілді, зардап шеккен 54 адамға дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетілді. Өрттің қауіпті факторларынан 6 адам әртүрлі дәрежелі жарақат алса, 4 адам қаза болды. Жалпы өрттен келтірілген материалдық шығын 94641550 теңгені құрады. Өртті сәтті сөндіруге және олардан келетін зиянды азайтуға әсер ететін маңызды факторлар өрт сөндіру бөлімшелерінің шақыру орнына жедел бару уақыты болып табылады. Талаптарға сәйкес, өртке бірінші бөлімшелердің келу уақыты қалалық жерлерде 10 минут, елді мекендерде 20 минутты құрауы керек. Ауылды жерлерде өрт сөндіру қызметінің лезде жетуіне арақашықтықтың ұзақтығы мен жолдың нашарлығы кедергісін келтіреді. Өртті жою уақыты орта есеппен 38 минутты құрайды. Биыл өткен 9 айда облыстың өрт сөндіру бөлімшелері өрт ретінде есепке алынбайтын жануды жоюға 1604 рет шықты. Бұл ретте жану оқиғаларына шығудың 37 пайызы қалалық және 63 пайызы ауылдық жерлерде орын алды. Өрт сөндіру бойынша жұмыстарды тиімді ұйымдастыру дағдылары өзара іс-қимыл қызметтерін тарта отырып, өрт-тактикалық оқу- жаттығулары мен практикалық сабақтар өткізу шеңберінде қалыптастырылады және бекітіледі. 9 айда 35 өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өткізілді. Оның ішінде 25-і жоспарға сәйкес болса, 10-ы жоспардан тыс. Ал өрт-тактикалық сабақтар 244 рет өткізілді. Өндірістік объектілердегі өртті сөндіру ерекшеліктерін зерделеу мақсатында облыс аумағында орналасқан өндірістік объектілердің тізімі, сондай-ақ өндірілетін өнімдердің ерекшеліктері әзірленді.

Газ-түтіннен қорғау қызметі қатердің алдын алады

Гарнизонда 15 бөлімшеде газ-түтіннен қорғау қызметі бар. Олардың 1-еуі базадан, 15-і бақылау бекетінен, 1-еуі жылу түтін камерасынан ТДК-5 контейнерлік үлгідегі, тағы 1-еуі психологиялық дайындықтың отты жолағынан тұрады. Облыстағы өртке қарсы қызмет гарнизоны бойынша газ-түтіннен қорғаушылардың жалпы саны 413 адамды құрайды. Бұл қызметтің 20 буыны тәулік сайын жауынгерлік кезекшілікке түседі. Кезекші тәулікке түсетін газ-түтіннен қорғаушылардың ең көп саны 60 адамнан құрылған. Басқарма аппаратының 30 қызметкерінің сығылған ауада тыныс алу аппараттарында жұмыс істеуіне рұқсат етілген. Сығылған ауада 217 тыныс алу аппараты бар («Drager» және MSA «Аuег»). Оның 62 аппараты жауынгерлік есепте, 155-і резервте. Бөлімшелерде негізгі өрт сөндіру автомобильдері нормаларға сәйкес резервтік аппараттар мен әуе баллондарымен жабдықталған. Гарнизонда тыныс алу аппараттарының баллондарын толтыру үшін 3 стационарлық компрессор бар. Биылғы 9 айда таза ауада, жылу түтін камерасында және психологиялық дайындық бойынша отты жолағында арнайы тактикалық дайындық кезінде аталмыш қызмет нормативтерін орындауда тыныс алу органдарын жеке қорғау құралдарымен қосыла отырып, 1838 практикалық сабақ өткізілді. Жалпы облыстың өртке қарсы қызмет гарнизонында 487 дана сығылған ауадағы баллон бар. Оның ішінде 50 данасы сынақтан өтпеген, 33-і жөндеуге келмейді, 250 данасының қолдану мерзімі біткен. Облыстың өртке қарсы қызмет гарнизонында 143 бірлік өрт-құтқару техникасы бар. Автотехникамен жалпы жабдықтау 73 пайызды (197 бірлік) құрайды. Баланста бар автокөліктің 20 бірлігі ескірген техникадан тұрады, оның (автомобиль паркінің жалпы санының 20 пайызы) пайдалану мерзімі 20 жылдан асады. Сонымен қатар есепті жылы жоспар бойынша 5 миллион 884 теңге сомасына қосалқы бөлшектер, үнемдеу қаражатынан 2 миллион 981 мың теңгесіне қосалқы бөлшектер сатып алынды. Техниканы тұрақты жауынгерлік әзірлікте ұстау үшін мекеме 48 миллион 125 мың теңге сомасында пайдалану және жанар-жағармай материалдарын сатып алуға шарт жасады.

Өртке қарсы сумен жабдықтауүнемі назарда

Биыл қазан айында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «ӨС және АҚЖҚ» бөлімі облыс аумағындағы өртке қарсы су көздерінің жағдайы туралы күзгі-қысқы түзету жұмыстарын жүргізді. Түзетулер кезінде облыс аумағында орналасқан барлық өрт гидранттары және өрт суаттары қаралды. Облыс елді мекендерінде 8505 өрт гидранты және 147 өрт суаты бары анықталып, 2130 өрт гидрантының және 43 өрт суатының істен шыққандығы анықталды. Жалпы, Тараз қаласында 2217 өрт гидранты болса, оның 632-сі және 24 өрт суаты шаруашылық нысандарында орналасқан. Тараз қаласы әкімдігінің «Жамбыл-су» кәсіпорнына қарасты 1585 өрт гидрантының 529-ы істен шыққан, қолдануға жарамсыз. Тараз қаласындағы өрт сөндіру бөлімдерінің шығу аймағы бойынша 529 гидрант жұмысқа жарамсыз болып отыр. Өрт гидрантының жұмысқа жарамсыздығы немесе жоқтығы өртті бастапқы кезеңде жедел жоюға мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде өрттің шығыны мен көлемінің артуына қолайлы жағдай жасалады және мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары оны жедел жою үшін қосымша күштер мен құралдарды тартуға мәжбүр болады. Өртке қарсы су көздерінің өте нашар жағдайы Шу, Сарысу, Жамбыл және Мойынқұм ауданының елді мекендерінде байқалуда. Мәселен, Шу ауданындағы 409 өрт гидрантының 218-і істен шыққан. Сарысу ауданы бойынша 522 дана өрт сөндіру гидранты бар болса, оның 331-і, Мойынқұмдағы 624 өрт сөндіру гидрантының 103-і, Жамбыл ауданындағы 1283 өрт сөндіру гидрантының 405-і, Жуалыдағы 470 өрт сөндіру гидрантының 111-і жарамсыз. Жергілікті бюджеттен жаңадан өрт гидранттарын орнатуға қаражат бөлінген елді мекендерге тоқталсам, Қарасаз ауылына 55 өрт сөндіру гидранты орнатылды. Алайда осы жаңадан орнатылған өрт сөндіру құрылғысының 37 данасы күзгі түзету барысында жарамсыз екендігі анықталды. Меркі ауданында 503 өрт гидранты бар, оның 16-сы жарамсыз. Байзақтағы 1285-тің 377-сі, Қордайдағы 363-тің 27-сі, Т.Рысқұлов ауданындағы 327-нің 12-сі, Таластағы 1134-тің 1-еуі жарамсыз. Жалпы, барлық аудандық және қалалық су шаруашылығы мекемелеріне ақаулы, жарамсыз өрт гидранттарын қалыпты жұмыс жағдайына келтіру қажеттігі туралы нұсқаулар берілді.

Ғимараттарға да көңіл бөлу керек

Өрт сөндіру қызметінің теңгерімінде әртүрлі мақсаттағы 24 ғимарат бар. Олардың басым бөлігі күрделілігі мен көлеміне қарай әртүрлі дәрежедегі жөндеу жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Кейбір ғимараттар техникалық және санитарлық нормалардың талаптарына толық сәйкес келмейді. Сондай ғимараттардың бірі – Тараз қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімінің ғимараты. Бұл ғимарат талаптарға және санитарлық нормаларға сәйкес келмеуіне байланысты облыс әкімдігінің құрылыс басқармасымен бірлесіп, 2 автомобильге арналған модульдік өрт сөндіру депосын салу мәселесі қаралды. Бұл ғимарат облыс әкімдігі құрылыс басқармасының балансына берілді. Бүгінгі таңда Тараз қаласының 3-ӨСБ орналасқан жерінде 2 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосының модульдік кешенінің құрылысына байланысты үлгілік жобалық-сметалық құжаттаманы түзету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оған ведомстводан тыс мемлекеттік сараптама арқылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржы бөлінді. Қордай және Сортөбе ауылдарында өрт сөндіру деполарын салу үшін аудан әкімінің шешімі негізінде Қордай ауылында ауданы 1,5 гектар және Сортөбе ауылында 1 гектар жер учаскелері бөлініп, құрылыс орындары анықталды. Бүгінгі күні жергілікті бюджет қаражаты есебінен облыс әкімдігінің құрылыс басқармасымен, «Ремстрой-СС» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары басталды. Сортөбе ауылында құрама құрылымнан жасалған 2 автомобильге арналған модульдік өрт сөндіру депосының үлгілік жобасы сараптамадан өтуде.

Төтенше жағдай жеделдікті талап етеді

Өрт сөндіру қызметінде Тараз қаласында, өрт сөндіру байланысы орталық пунктінде және аудандық ӨСБ-де бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру ақпараттық жүйесі қызмет атқарады. Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізілімін енгізу бойынша атқарылатын шаралар аясында өрт сөндіру қызметінің бөлімшелері мөртабандармен, Kaztoken электронды идентификаторларымен, БСДТТ журналдарымен қамтамасыз етілген. Есептік кезеңде бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру ақпараттық жүйесінде ақпараттарды есепке алу журналында 3299 мәлімет тіркелген. Биылғы 9 айда «101» желісіне – 39564 қоңырау, «112» желісіне 332727 қоңырау түсті. Өрт сөндіру қызметінде 20 стационарлық радиобайланыс құралы, 173 тасымалды РС, 57 автомобильді радиостанса бар. Сондай-ақ 2 автомобиль КВ радиостансасы, 2 ретранслятор бар. Т.Рысқұлов ауданының Мақпал тауында 15 арнада орнатылған бірінші ретранслятор облыс бойынша радиобайланысты ұйымдастыруға мүмкіндік берсе, Тараз қаласы 1-МӨСБ аумағында мұнараға орнатылған 14 арнадағы екінші ретранслятор Тараз қаласы бойынша радиобайланысты ұйымдастырады. Сонымен қатар өрт сөндіру қызметінде 6 тасымалды жерсеріктік терминалы жұмыс істейді. Облыстың өртке қарсы қызмет гарнизоны бойынша 1224 жедел жоспар және 1318 жедел өрт сөндіру картасы бар. Барлық жедел жоспарлар мен карталар өрт сөндіру бөлімшелерінің шығу аудандары бойынша ӨББ және күштер мен құралдарды жедел басқару орталығында электрондық форматта сақталады.  

Әлібек АБСАТОВ,

облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы,

азаматтық қорғау полковнигі.

Ұқсас жаңалықтар