«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Майнер деген кім, майнинг деген не?

Майнер деген кім, майнинг деген не?
ашық дереккөз
Майнер деген кім, майнинг деген не?
Майнинг дегеніміз – қарапайым тілмен айтқанда, цифрлы ақша, яғни криптовалюта, биткоин өндіру. Майнинг ағылшын тілінен аударғанда «mine» – өндіру деген мағынаны білдіреді. Биткоин немесе басқа криптовалютаны табу үшін майнингті қолданамыз. Майнер – цифрлы ақша өндірумен айналысатын маман. Криптовалюта – тиын не қағаз ақша ретінде сақтауға келмейтін виртуалды цифрлы ақша. Мәселен, Қазақстанның төл валютасы – теңге. Сол сияқты интернеттің де өз валютасы бар. Майнинг блокчейн технологиясы арқылы жұмыс істейді. Блокчейн – кез келген операцияларды белгілі блоктарға бөліп жұмыс істеу. Ал майнингті кез келген компьютер арқылы жасауға болады, бірақ биткоин немесе криптовалютаны табу үшін өте мықты компьютер немесе процессор керек. Себебі барлық блокчейн операциясы процессор арқылы өтеді. Электронды ақша табу аса қиын емес, компьютер өзі өндіреді. Ол үшін серверлерге тіркелген қондырғылар өте қиын есептерді шешеді. Яғни, құрылғы берілген алгоритмнің жауабын іздейді. Бір сөзбен айтсақ, есептеуіш машиналардың математикалық шайқасы. Әр есеп шешілген сайын сіздің электронды әмияныңызға бонус түсіп отырады. Цифрлы ақша деп отырғанымыз осы. Криптовалютаның мыңнан астам түрі бар. Ең танымалы, әрі қымбаты, цифрлы ақшаның алтыны – биткоин. Оны өндіру тәсілін майнинг дейді. 2009 жылы жапондық Сатоши Накамото биткоин желісін іске қосып, алғашқы 50 биткоинды шығарды. 13 жылдың ішінде оның бағасы аспандап кетті. Қазір 1 биткоин – 8 миллион теңгеге жуық. Биткоинға дейінгі жиналатын тиынды сатоши дейді. 1 биткоин деп есептелуі үшін – 100 миллион сатоши өндірілуі тиіс. Жансая Орынғазина, криптоброкерлік компанияның жетекшісі: – Біз клиенттерге олардың биткоиндарын немесе криптовалюталарын фиаттық ақшаға аударуға немесе керісінше аударуға көмектесеміз. Иә, криптовалюта – көпке таңсық сала, атауы жат, түсіну қиын. Бірақ пайдасы шаш-етектен. Қазақстанда соңғы 5 жылда күрт дамыды. Әлемдік криптовалютаның 18 пайызы біздің елде өндіріледі. Қажетті аппараттар шетелден әкелінеді. Данил Самсонов, майнер: – Майнингпен айналысудың бірнеше түрі бар. Мен арнайы аппарат сатып алдым. Құрылғылар қуаттылығына қарай криптовалюта өндіреді. Біз видеокарта қолданамыз. Бастысы – техникалық тетіктерін дұрыс түсіну керек. Алдымен электронды әмиян құрылады, сосын арнайы бағдарлама орнатасыз. Болды. Тоққа қосылса, интернет болса жеткілікті. Есептеуіш машина арқылы ақша әмияныңызға түсіп тұрады. Криптовалютаны өндіруден бөлек, криптобиржаларда сатуға немесе сатып алуға болады. Электронды әмиянда жиналған қаражатпен өндірушілер өзара саудаласа алады. Қажет болса қолданыстағы ақшаға да алмастырады. Ол үшін арнайы қосымшалар бар. Солардың бірі – «QuantDart» деп аталатын криптовалюталарды басқаруға арналған инвестициялық платформа. Мұнда тіпті жинаған электронды қаражатты сақтандыра аласыз. Криптовалюта өндіретін есептеуіш машиналардың түр-түрі бар. Елде олардың саны 10 мыңнан асады. Бағасы қуатына қарай 500 мың теңгеден басталады. Неғұрлым қымбат болса, соғұрлым көп пайда әкеледі. Ең көп қолданатын қондырғылар «Асик» пен видеокарталар. Мамандар құрылғыны сатып алуға жинаған қаражаттың тек 10 пайызын ғана жұмсаған жөн деп есептейді. Өйткені техниканың тілін түсінбесең, табыс табу оңай емес. Виртуалды ақшаны көшіріп алуға да, ұрлап алуға да болмайды. Қазіргі уақытта валютаның 8 мыңнан астам түрі бар. Ең танымалдары: Bitcoin, Ethereum, Ripple, Bitcoin Cash, Litecoin, Dash. Әлемде кең таралған түрі – биткоин 2015 жылы Еуропа Жоғарғы сотының шешімімен баламалы төлем құралы есебінде мойындалған.  

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА.

Ұқсас жаңалықтар