Ұрпақ тәрбиесі ұлағатты іс

Ұрпақ тәрбиесі ұлағатты іс
ашық дереккөз
Ұрпақ тәрбиесі ұлағатты іс
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында облыстық «Салауатты келешек: оқушылардың денсаулығын нығайтудың негізгі бағыттары» атты форум өтті. Форумның мақсаты – жас ұрпақтың салауатты өмір сүруге көзқарасын қалыптастырып, жас буынға денсаулықтың қадірін ұқтырып, дене бітімін таза ұстауға және бүгін мен келешекті жалғайтын «тәрбие басы – талбесік» екенін ұқтыруға бағытталды. Жиын «Қыл үстінде» атты бейнероликтің көрсетілімімен ашылды. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова «Оқушылардың денсаулығы мен тамақтануына бақылауды ұйымдастыру және жүргізу» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде облыста мектеп пен отбасының өзара іс-қимылының өңірлік жүйесі үш кезең арқылы іске асырылатынын айтты. Жасөспірімдер тарапынан жасалатын барлық қателік ата-ананың баласына көңіл бөлмеуінен екендігіне назар аударды. – Тәрбие кешіктірілсе кешірмейтін, дұрыс бағыт алмаса, қайта қалпына келмейтін игілікті де ізгілікті істеріміздің бірі екендігін баршамыз есімізден шығармай, болашақ ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек,– деді басқарма басшысы өз сөзінде. Одан кейін облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов «Саналы ұрпақ тәрбиесінде білім беру ұйымдарының ата-аналармен бірлесе жұмыс жасау жолдарының негізгі аспектілері», ҚР психикалық денсаулық саласында жұмыс істейтін мамандар қауымдастығының вице-президенті, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры, м.ғ.д. Белгібай Шахметов «Балалар мен жасөспірімдердің менталдық денсаулығы», ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық ғылыми тәжірибелік психикалық денсаулық орталығы» ШЖҚ РМК филиалының аға дәрігері, ICAP ұлттық менторы Мади Тоқанов «Тәуелділік, биопсихоәлеуметтік модель», ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық ғылыми тәжірибелік психикалық денсаулық орталығы» ШЖҚ РМК психологиялық зертханасының меңгерушісі Жұлдызай Алиева «Кәмелетке толмағандардың деструктивті мінез-құлқының алдын алу» және басқа да тақырыптарда баяндамалар жасады. Басқосуда жастардың түрлі кемшіліктері туралы тереңнен сөз болды. Мектеп оқушылары арасында электрондық темекі шегушілер, жоғары сынып оқушыларынан ақша сұрайтындар туралы әңгімелер жиі айтылатыны туралы да сөз болды. Алайда бұл тұста ұстаздар ғана емес, ата-аналар да бала тәрбиесіне көп көңіл бөлу қажет екендігі алға қойылды. Оның үстіне балалар бар уақытын тек смартфонмен өткізетіні, бұл байланыс құралы бүгінгі күннің қауіпті дертіне айналғаны ең басты назарда тұрған мәселенің бірі. Смартфон салдарынан балалардың ойлау қабілетінің нашарлайтынын да ескерген жөн. Адам физиологиясын зерттейтін ғалымдар телефоннан бөлінетін ультракүлгін сәуле балалардың механикалық, физикалық, биологиялық функцияларын тежеумен қатар, ойлау қабілетінің табиғи дамуын шектейтінін дәлелдеген. Ұрпақ тәрбиесі – қашанда асқан жауапкершілікті талап ететін маңызды мәселе. Бұл жиын жас ұрпақты қоғам мүддесіне сай етіп тәрбиелеу – алдыңғы толқынның міндеті екенін ескеру қажеттігін еске салды.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар