Татулық тамыры тереңде

Татулық тамыры тереңде
ашық дереккөз
Татулық тамыры тереңде
1962 жылы ұйғыр этносының ұлы көші қазақ еліне бет түзеп, қасиетті Әулиеата өңіріне табан тірегеніне биыл 60 жыл толып отыр. Нақты айтқанда, Қазақстан аумағына бет бұрған Ұйғыр этносының бір бөлігі сол жылдың мамыр-тамыз айларында Қытай халық Республикасынан біздің елге үдере көшкен еді. Әулиеата өңіріне қоныс аударған ұйғыр халқы содан бері аянбай еңбек етіп, елімізді өркендету мен дамытуға өз үлестерін қосып келеді. «Елге ел қосылса құт» деп білетін жергілікті халық ұйғыр ағайынды да өзекке теппей, қиын-қыстау заманда барын бөлісіп, бауырына басты. Тағдыр талайымен Жамбыл жеріне қоныстанған бауырлас ұлт осылайша бақытын қазақ елінен тапты. Бүгінде жамбылдық ұйғырлар аталмыш мерейтойды кең көлемде атап өтуді ұйғарыпты. Осыған байланысты кеше «Достық үйінде» «Қазақстан – біздің өміріміз және тағдырымыз» атты республикалық конференция өтті. Облыстық «Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің» ұйымдастыруымен және облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің қолдауымен өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, Қазақстан ұйғырлары республикалық орталығының басшылары облыстағы этномәдени бірлестік төрағалары, облыстық ҚХА мүшелері қатысты. Басқосуда қолданбалы өнер және тұрмыс көрмесі, ұйғыр суретшілерінің, ұйғыр жазушыларының кітаптар көрмесі назарға ұсынылды. Сондай-ақ «Достық үйіне» экскурсия жасалып, көпшілікке ұйғырлар мұражайының көрмесі, кітаптар мен музыкалық аспаптар, «М.Қашқари атындағы этномәдени бірлестіктің» кеңсесі таныстырылды. Бұдан кейін қатысушылар өңірдегі ұйғырлардың өмірі мен қызметі туралы деректі фильм мен «М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің» 15 жыл ішіндегі атқарған жұмысы туралы бейне-роликті тамашалады. Облыстық «М. Қашқари атындағы ұйғырлар этномәдени бірлестігінің» жетекшісі Мұхабат Тұрдыева іс-шара мақсаты бірлікті, бейбітшілік пен келісімді нығайту, мәдениетаралық диалогтың қазақстандық моделінің жетістіктерін көрсету, ұйғыр халқының мәдени мұрасы арқылы жастардың бойына этностың құндылықтарын насихаттау, мәдени дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жандандырып, келешек ұрпаққа мұра ету және олардың бойында патриотизмді қалыптастыруды көздейтінін атап көрсетті. – Біздің қуанышымызды бөліскендеріңізге алғысымды білдіремін. Қазіргі таңда мұнда ұйғырлардың үшінші-төртінші ұрпағы өмір сүруде. Олар еліміздің ауыл шаруашылығы, мәдениет, білім беру сынды барлық саласында еңбек ету арқылы үлкен жетістіктерге жетіп, мемлекетіміздің экономикасының қарышты дамуына үлес қосуда. Менің жалғыз арманым мен мақсатым – еліміздегі халықтар достығын дәріптеп, тұрақтылық пен бірлік жолында аянбай еңбек етіп, Қазақстанның өркендеуіне үлес қосу – деді өз сөзінде М.Тұрдыева. Келесі кезекте сөз алған Қазақстан халық Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов ұйғырлардың Әулиеата жеріне қоныстанғанына 60 жыл толуын атап өту бір ғана өңір емес, республика бойынша айтулы, маңызды оқиға екенін атап өтті. – Осы жылдың тамыз айында менің қатысуыммен Алматы қаласында ұйғырлардың үлкен бір жиыны өтті. Сол кезде ауқымды мәселелер қаузалып, сындарлы шешімдер қабылданды. Қазір де сондай бір іс-шараның куәсі болып отырмыз. Әрине бұл бүкіл түркі этномәдени бірлестіктердің даму тарихы жүйелі қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Жалпы алпыс жыл деген қысқа мерзім. Алайда осындай қысқа уақытта «М. Қашғари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі» барлық қиындықтардан сәтті өтіп, облыс пен елдік деңгейдегі өрелі сітерге етене араласты. Осы орайда елімізде этномәдени тұтастықты қалыптастыру жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға шексіз алғыс білдіремін, – деген М.Әзілханов бірқатар этномәдени бірлестік белсенділеріне ҚХА марапатын табыс етті. Облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев ұйғырлардың Әулиеата өңіріне қоныс аудару тарихы мен мәдениетіне, елдің тұтастығына сіңірген еңбегіне қысқаша тоқталды. Сондай- ақ облыста қазіргі уақытта 75 этномәдени бірлестік жұмыс істесе, оның 31-і қоғамдық аккредиттеуден өткенін, өңірде этносаралық қатынасты нығайту бойынша бірлік пен келісімді сақтауда осы жылдың өткен мерзімінде 907 іс-шара өткенін тілге тиек етті. – Әу баста ұйғыр халқының қазақи ортаға сіңуі оңай болған жоқ. Өйткені тіл білмеу, өзін жатжұрттық сезіну секілді мәселелер қазақтардың ортасына бірден сіңіп кетуге үлкен кедергі келтірді. Дегенмен бұл қиындықтар уақыт өте келе біздің бауырластық қасиетіміздің арқасында еңсерілді. Бүгінде ұйғырлардың қазақ елін ортақ Отаны санауы мемлекетіміздің өркендеуіне өзіндік септігін тигізіп отыр. Әулиеаталық ұйғыр этносы өзінің тарихи, рухани құндылықтарын дамытып, оны болашақ ұрпақтарының бойына сіңіруде. Қазіргі уақытта өңірдің ішкі келісімі мен татулығына үлес қосып отырған «М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің» жұмысы жемісті деуге болады, – дей келе Еркін Құлымбайұлы меценат Полат Сеитовке «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты. Бірқатар азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамотасы және алғыс хатымен марапатталды. Бұдан кейінгі сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Закиржан Кузиев ұйғырлардың бүгінде төл театры, ұйғыр тілінде мектебі бар екенін сөз ете отырып, осындай жағдай жасап берген мемлекетке ұйғырлардың алғыстан басқа айтары жоқ екенін меңзеді. Жұртшылықты бірліке, ынтымаққа бастайтын ой қозғай отырып, «М. Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің» бірді-екілі мүшесіне ҚР Парламенті Мәжілісінің Құрмет грамотасын табыс етті. Жиында бірқатар тарихшы-ғалым, ұйғыртанушы, профессорлар ұйғырлардың тарихы жайында сыр шертті. Жұрт назарына «М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігіне» жетекшілік жасағандар туралы «Өмірде өзіндік із қалдырған» атты бейнеролик ұсынылғаннан кейін тілек-ниет сөзін облыстық «Әулиеата» қазақ мәдени орталығының төраға орынбасары, ҚХА мүшесі Айгүл Қабиева жалғады. Сонымен қатар республикалық ұйғыр этномәдени орталығының құрметті төрағасы Ахметжан Шардинов және қәзіргі төраға Шаймардан Нурумов көпшілікке ақжарма тілегін бейнеқұттықтау арқылы жеткізді. Салтанатты іс-шара соңы «Біз Қазақстанның біртұтас халқымыз» атты концерттік бағдарламаға ұласты.  

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар