Жылы жүрек иесі

35

Саналы ғұмырына білім атты қазынаны тірек еткен шын мықтылар бар. Әсіресе оған рухтың күштілігі қосылғандағы қабысқан дүниенің дүмпуі тегін болмайды. Өзінің дәл осындай қайсарлығының арқасында Рахия апайымыз ерлікке толы өмірдің егесі атанды. Өмір жолында басынан талай оқиға өткерді. Осы жолда жүріп, өмірге көзқарасы терең, талапшыл, талғамы күшті, ой дүниесі бай, бәрін саралап, салмақтап, ой елегінен өткізе алатын қайраткер жанға айналды. Бұл да болса шын мықтының қуаты, жүрегінің мықтылығы, дәтінің беріктігі.

Әңгімені әу бастан бастасақ, кейіпкеріміз 1962 жылы Жуалы ауданында дүниеге келді. Қарапайым шаруа отбасында өмірге келген қыз, бұл отбасыға үлкен қуаныш әкелген еді. Ата-анасы әулетке келген қызды көз қуаныштарына балап, үміттерінің сәулесіндей көріп Рахия деген ерекше есім береді. Ол кішкентайынан Жуалының жұпар ауасын жұтып өсті. Ауылдағы ағайынның мейіріміне қанып, тәлім-тәрбиесін бойына сіңірді. Табиғаты ерекше көркем, бір жағында Қаратау, бір жағында Алатау көрінетін, жылғаларда бұлағы сыңғырлап ағып жататын көрінісі көз тойғысыз тұмса табиғаттың ғажайыбы осы бір шынашақтай қыздың бойына қасиет болып құйылғандай еді. Ата-анасы, туған-туыс, ағайын алақанына аялағанымен есті қыз еркелікке берілмеді. Бойындағы салмақтылығын сақтап, биязы мінезімен ауылдың бетке ұстары болып өсті.

Мектепті үздік оқыған білімінің арқасында мүйізі қарағайдай, атағынан ат үркетін, екінің бірі қолы жете бермейтін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына оқуға түседі. Бұл оқуда да өзін озат студенттердің қатарынан көрсете біледі. Әсіресе өзі таңдаған математика мамандығы, оған деген ықыласы мен ынтасы оның мектепте алған білім деңгейіне байланысты болады. Өзі құралпы замандастарынан оқ бойы озық тұрып, арман қала Алматыда қалу мүмкіндігі болса да туған өңірі Таразға қайта атбасын тірейді. Еңбек жолын өзінің туған жері Жуалы ауданының Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастайды.

Ұстаздық еткен үш жылда Рахия Сейітбекқызы өзіне тән ұстаздық өрнегін сала біледі. Өзін білімді, мамандығын жетік білетін ұстаз, білім беру әдістемесіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын педагог ретінде танытады. Оқушыларға сабақ берген алтын аралықта ол өзін білікті, теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра білетін, оқушыға сапалы білім нәрін беретін мұғалім ретінде көрсете білді. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ тапсырмаларының тиянақтылығымен, оқушылардың теориялық білімдерінің дұрыс қолдануымен ерекшеленеді. Оның оқытқан шәкірттері үнемі жоғары деңгейден көрініп отырды. Ізденімпаз, талғампаз ұстаз бар шығармашылық әдістемесін, білімін шәкірттер жүрегіне білім нәрін себуге арнайды.

Иә, адамзатты алға жетелейтін күш тек білім мен тәрбиеге ғана тән. Сондықтан сапалы білім, саналы тәрбие беру әр ұстаздың міндеті болса, білімді, өнегелі адам болып қалыптасу – әр оқушының айнымас бағыты болуы тиіс.

Осылайша жастайынан талаптанып, ел, жер көріп, бойына бар жақсы қасиетті жинайды. Көре-көре көсем болуға ұмтылады. Өркениетке ұмтылған елдерді көріп, көкірегі ояу, көзі ашық қазақтың санын көбейтсем деген ой түйеді. Оқу-білім бар жұрттар тастан сарай салдыратынын бағамдайды. Сөйтіп, өзінің білігін келелі біліммен ұштастыра отырып тәжірибе жинаған мықты маман жиған-тергенін ел игілігіне жұмсауға бел буады. 1986 жылы Жуалы аудандық білім бөлімінің әдіскері болады. Қызметтік мансабы осы жерден бастау алады.

Рахия апайдың қайраткерлігі мен қалтқысыз қызметі қоғам назарынан ешқашан тыс қалған емес. Адал еңбегінің арқасында мықты марапаттауларды алып, бірнеше биіктерді бағындырып, белестерге де шықты.

Ол талай өзекті мәселенің шешімін табуға түрткі болып, көңіліне демеу іздеген жандарға араша түсті. Шындық пен жалғанды, жемқорлық пен қиянатты жаны қаламайды. Халықтың қамын ойлап, елдің есесін кетірмей, шаруаның тірлігін шатқаяқтатпауға бар күшін осылай салды.

Оның осындай көзсіз ерлігі еленіп те жатты. Қызметте қалықтап ұшты деуге болады. 1989-1992 жылдары облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, 1992-1994 жылдары облыстық жастар комитетінің бас маманы, бөлім меңгерушісі, 1994-1998 жылдары облыстық жастар ісі, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысы, бас маманы, 1998-2004 жылдары облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бас маманы, бөлім бастығы, 2004-2007 жылдары облыс әкімдігінің ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, 2007 жылдан бастап облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2017-2019 жылдары облыстық білім басқармасының басшысы болды. Бүгінде облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.

Мандат дегеннен шығады, осы тұста тілге тиек етер тағы бір дүние Рахия Сейітбекқызының мемлекеттік қызметшілер арасында аймағымызда алғашқылардың бірі болып «А» корпусына енуі еді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы негізінде басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдар бойынша іріктелетін «А» басқарушы корпусына ену кез келген басшының қолынан келмейтін. Өйткені бұл тізімге енген мықтылар стратегиялық жоспарлау мен басқарушылық шешім қабылдау секілді қабілеттерге ие болады. «А» корпусы – Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын кадр резервіне іріктеу және конкурстық іріктеудің ерекше тәртібі, сондай-ақ арнайы біліктілік талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдар.

Мұндай тәжірибе АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Германия секілді әлемнің 30-дан астам дамыған елінде бар. Аталған елдерде осы лауазымдарға үміткерлерге арнайы іріктеу рәсімдері, арнайы оқу курстарынан өту талаптары қарастырылған. «А» корпусына іріктеу, резервке ұсыну жұмысымен Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия және өңірлік комиссиялар құрылады. Міне, өзінің мінсіз қызметімен осы үдеден шыққан шын мықтының мерейінің асып, мәртебесінің асқақтауы бұл. Абырой биігі дегеніміз осы шығар, сірә.

Мемлекетшілдік мемлекет пен қоғамның қатынасынан туындайды. Ол бір-бірін толықтырып отырғанда ғана өміршең. Рахия апай да, өзі басқарған басқармалардың жұмысын жандандырып, қолтаңбасын қалдыра білген білікті басшы. Қай саланы қолға алмасын оның жұмыс бағытынан еліміздің өркендеуіне ерекше үлесін қосқысы келетін мемлекетшіл жан екенін аңғарасың. Мемлекетшілдік қасиет оның қызметінің басты өлшемі екенін жүрегіңмен сезінесің.

Шын мықтыға оң мен солы бірдей болатынындай, қазіргі қызметінде де мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін жанын сала жұмыс істеп жүр. Көшеге, елді мекендер мен ауыл, мектеп және қалаларға ат пен атау беру қазақ қоғамы үшін бәсекеге айналып бара жатқандығын, қазіргі таңда кейбір тұрғындар ешкім білмейтін, тарихта аттары қалмаған ата-бабасының, ағайын-туысының есімін беруді өтініп жататындығын, бұл дұрыс еместігін жанымен түсініп, тірлігімен түзетіп, ісімен дәлелдеп жүрген жайы бар. Тарихи тұрғыдан қарағанда, көшеге атау беру кәсіби біліктілік пен терең білімді, парасат-пайымды қажет етіп, мұндағы жіберілген сәл жаңсақтықтың өзі ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға кедергі жасайтындығын да жалпақ жұртқа жеткізіп келеді.

Өзінің қызметтік жолында осындай құнды қолтаңбасы бар Рахия Сейітбекқызының қарапайымдылығы өз алдына бір бөлек әңгіме. Әу бастан жасандылыққа жаны қас оның болмысы, расында да, ерекше. Мұнысын бағалайтын замандастары, бірге оқыған достары әлі күнге дейін басын иіп тұрады. «Әпке» деп сыйлайды. Алдынан кесіп өтпейді.

Бұл нені білдіреді? Бұл – еңбектің еленгені. Жарты ғасырға жуық жауапты жүктің салмағына көніп келген апайымыздың әлі де берері көп. Қоғамда қазақ мүддесіне қатысты келелі іс болса, оның қасында да, басында да өзі болары даусыз. Мұқым жұртқа өзінің еңбегін жариялап көрсеткісі келмейтін ерекше болмысы да бар. Тағы да барынша қарапайым, бекзат болмысына басыңызды еріксіз иіп қана қоясыз.

Осы бір өмір атты соны сапарда адам өз соқпағын өзі сомдайды. Бұл соқпақтың салиқалы да сындарлы болуы әркімнің бойындағы қажыр-қайратына, ерік-жігеріне байланысты. Ел үшін атқарылған ерен еңбек те адамның сол ғұмырнамасының мәнді де маңызды болуының берік тұғыры болса керек. Бүкіл саналы ғұмырын төл халқының игілігіне арнаған ардақты адамның ғұмырнамасы да осындай қарымды қасиеттермен ерекшеленеді. Таңдауынан таймайтын тарландарға пара-пар еңбек жолына қарасаң бейне бір ертегі ме дерсіз. Бірақ ол ақиқат.

Міне, мықтылық. Мұқалмайтын Рахияның мінсіз мінезі, табиғи болмысы, шынайы бейнесі – осы.

 

Гүлжан РАХМАН

 

 

Comments are closed.