- Advertisement -

Ауыл әкімдері әр отбасының жағдайымен таныс па?

227

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірдің 2025 жылға дейін даму жоспары қаралды. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеровтың айтуынша, облысымыздағы бірқатар өзекті мәселелерді шешу бағытында жеке инвестициялық, бюджеттік және жұмыспен қамту жобалары аясында 2025 жылға дейінгі облыстың даму жоспарының жобасы әзірленген. Ондағы мақсат – әрбір елді мекен бөлінісінде жұмыспен қамтуды көздейтін бюджеттік және бюджеттен тыс инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыра отырып, ауыл халқының табысын арттыру, тұрмыс жағдайын жақсарту. Жоба негізінен халықтың әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешуді көздейді.

Ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында 2025 жылға дейін құны 2,16 триллион теңгені құрайтын 1193 жобаны іске асыру көзделген. Осы жобалардың есебінен 13,9 мың жұмыс орны ашылады деген болжам бар. Оның 12,7 мыңы тұрақты, 1,2 мыңы уақытша жұмыс орындары болмақ, яғни, оның 3,9 мыңы ауыл шаруашылығы, 10 мыңы өнеркәсіп саласына тиесілі.

— Агроөнеркәсіп кешенін дамыту 10 бағытта жүзеге аспақ. Соның есебінен 382 жұмыс орны құрылмақ. Осы бағыттарды жүзеге асырудың нәтижесінде еңбек өнімділігі 2,7 пайызға, яғни, 1,6 миллион теңгеден 4,3 миллион теңгеге дейін, ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10 пайызға артпақ. Ет өндірісі – 7, сүт – 0,7, жұмыртқа өнімі 2,5 пайызға ұлғаяды деп күтілуде.

Ал өнеркәсіп саласын дамыту 7 бағытта жүзеге асырылатын болады. Өңдеу өнеркәсібімен 78 кәсіпорын айналысса, оның 35-і биыл жүзеге асырылмақ. 25 тамақ өнеркәсібі өндірісі, қосымша 8 жарық энергетика кешені салынады, 6 балық шаруашылығы, 5 туризм, 1 цифрландыру, 353 өзге де қызмет көрсету бағытында шағын жобалар іске асады деп болжанған. Биыл 2139 жұмыс орны құрылмақ. 2025 жылға дейін жалпы құны 2 триллион теңгені құрайтын 20 ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Онда 5,7 мың тұрақты жұмыс орны құрылатын болады. Нәтижесінде еңбек өнімділігі 8,9 пайызға артып, 288 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі. Экспорт көлемі 97,6 миллиард теңгені құрап, импортты алмастыру 188,3 миллиард теңгеге жетеді, – деді Нұржан Календеров.

Баяндамашы бюджеттік жобалар мен жұмыспен қамту бағытындағы іске асырылатын жобаларды да рет-ретімен баяндап, құрылатын жаңа жұмыс орындарының санының еселене артатындығын нақты дәлелдер келтіре отырып, баяндап шықты.

Яғни, жоспар аясында бюджет қаражаты есебінен 2025 жылға дейін құны 624,3 миллиард теңгені құрайтын, 11,3 мыңға жуық жұмыс орнын құруды көздейтін 2130 жоба іске асырылмақ. Ал жұмыспен қамту аясында 2025 жылға дейінгі облысты дамыту жоспарында өңірімізде 83,7 мың жұмыс орны ашылатын болады. Оның 27,8 мыңы тұрақты, 56 мыңы уақытша жұмыс орындары.
Алдағы уақытта әкімдердің жұмысы құрылған жұмыс орнына қарай бағаланатыны айтылды.

Осы бағытта Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» бойынша берген тапсырмасы 9 айда 1,4 есеге асыра орындалып, 8,8 мың жаңа жұмыс орны құрылған, оның 2,9 мыңы тұрақты. Жалпы, 2025 жылға дейінгі «Даму» жоспарының жобасында еңбек нарығына жаңадан келетін жастар мен жұмыссыздардың ағыны да ескерілген.

«Аймақтың даму бюджеті болу керек. Біз бәріміз жұмыс істеуге тиіспіз. Не үшін мұндай жоспар қойылды? Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылға дейін таза ауыз сумен қамтуды 100 пайызға, жолдың қанағаттанарлық жағдайын 97 пайызға жеткізуге тиіспіз. Бұдан бөлек, алдағы үш жылда барлық елді мекен табиғи газға қосылуы қажет. Сонымен бірге индикаторға кіретін бұқаралық спортты дамыту, балдырғандарды балабақшамен қамту мәселесін де ұмытпағанымыз абзал. Ал енді өңірдің жетекші салалары ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласы бойынша жұмыстар жалғасуы тиіс. Бұл салалар бойынша қандай инвестициялық жобалар қалай жүзеге асырылуда?», – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.

«Ауыл шаруашылығы саласында алдағы жылдары барлығы 716 жобаны жүзеге асыру көзделген. Ол жобалар аудандарда, ауылдық округтерде ұйымдастырылғандықтан да олар субсидияланады, қаржылық ұйымдар арқылы қаржыландырылатын болады», – деді аймақ басшысының орынбасары.

Нұржан Нұржігітов кеңес барысында облыс әкімдігінің өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының жобаларын да пысықтай келіп, қос басқарма жұмысын жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар бірқатар аудан әкімдерінен, ондағы жобалардың жүзеге асырылу барысын сұрады. Соның ішінде Мойынқұм мен Жуалы аудандарында жоспарланған жобалардың аздығы да назардан тыс қалмады.

– Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасына барлығы 45 миллиард теңге бөлініп отыр. Оның 35 миллиард теңгесі ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Осы қаржыны әрбір ауылдық округтің әкімі өз елді мекеніне жеткізу үшін жұмыс істеуі керек. Мен үнемі айтамын, күніне округ әкімі ауылдағы әрбір отбасының жағдайымен танысып, хабардар болуы тиіс. Күнде бір отбасымен танысатын болса, жеті күнде жеті отбасының тұрмысынан хабардар болар еді. Бұл жұмыстан нәтижені көре алмай келеміз. Ауылдық округ әкімдері жақсы жауап тауып алған, олар тұрғындардың кәсіп бастауына мүмкіндік берудің орнына баспаналарын қаржы ұйымдары кепілдікке алмайды деп, жылы жауып қоюда. Неге ол барлық ауылдық округке жетпейді? – деген Нұржан Нұржігітов аудан әкімдерінің жұмысын сынға алды.

Кеңесте аудандардағы азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында «Бастау бизнес» жобасы аясында 9504 адамды оқыту көзделгені айтылды. Бұдан кейін Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы хабарлама жасады. Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын жақсарту» қанатқақты жобасын жандандыру бағытында жобаны қайта қолға алу көзделіп отырғанын айта келіп, алдағы уақытта оған 139 ауылдық округті қосу жоспарда барын алға тартты.

Келесі кезекте Қордай ауданы, Қордай ауылдық округінің әкімі Бақыт Сақатов пен Меркі ауданы, Сарымолдаев ауылдық округінің әкімі Сәбит Бабижанов хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев NEET жастар туралы баяндады. Кеңес отырысын облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қорытындылады.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support