Жолдың жыры қашан бітеді?

Жолдың жыры қашан бітеді?
ашық дереккөз
Жолдың жыры қашан бітеді?
Тараз қаласының тұрғындары әлі күнге жол азабынан түбегейлі арылмай отыр. Оған қоса облыс орталығында мыңнан астам көше жарықтандырылмаған. Жарық пен жол мәселесінің шешімін қырық жылдан бері күтіп жүрген тұрғындар да бар. Сығырайған жарықпен сабақ оқып жүрген мектеп оқушыларының жайы да өз алдына бір төбе.

 width=

«Жол азабы – көр азабы» деген мақалдың мәнін Тараздағы «Хамукат» алқабының тұрғындары жақсы біледі. Бұрын «Тастақ» деп аталған бұл алқаптың атына заты сай. Тұрғындар әлі күнге дейін тас дәуірінде өмір сүріп жүргендейміз дейді. Себебі қырық жылдан бері мұнда қара жолдың жайы да, жарықтандыру мәселесі де шешімін таппаған. Бүгінде 6 мыңға жуық тұрғыны бар, 1 мыңнан астам түтін түтетіп отырған аймақтың жайы осындай. Тұрғындар еліміз тәуелсіздік алғалы бері жоғарыда атап өткен «Тастақ» атауының «Хамукат» деп өзгергенінен басқа, ешқандай оң нәтиже болмағанын айтуда. Тараз қаласында осымен оныншы әкім ауысса да мәселелері оң шешімін таппағанын алға тартып отыр. Тұрғын Балғабай Басқанбайұлы: «Көшеміздің сиқынан адам шошиды. Жаңбыр жауса жер батпаққа малынып жатады. Осы жолмен балалар күнде мектепке барады. Көшемізде дені дұрыс электр бағаналары да жоқ. Жарықты келесі көшеден қолдан келгенше құрылыс материалдарымен тартып алып жатырмыз. Жолды да өзіміз тегістеп жүрміз. Бұл жаққа жыл сайын әкімдер келіп уәде береді, бірақ оның бірде-біреуі орындалған емес. Мәселемізді тиісті орындарға жазбаша да, ауызша да айттық. Әлі шешімін таппай келеді» десе, тағы бір тұрғын Айнұр Мырзақұлова: «Ауылдан да жаман жағдайымыз. Қазір ауылдың көшелерінің өзі жақсы. Қараңғы түнекте отырамыз. Түк көрінбейді. Сабақ оқитын балаларымыз қиналып жатыр. Біздің аймаққа жедел жәрдем екі сағатсыз келмейді. Такси шақырсаң, такси де қашады. Маршрут деген атымен жоқ. Ауырсақ, дәрі алатын аптека да таппаймыз. Бала-шағаға мүлде жағдай жасалмаған. Бірде-бір әткеншек салынбады осы аумаққа. Дені дұрыс балабақшамыз тағы жоқ. Үйдің бірінші қабатының үш подъезін арнап балабақша етіп қойған. Іші тар, балалар ойнай алмайды. Бөлмелері өте суық. Өзімнің екі баламды шығарып алғанмын. Себебі ата-аналар жиналысына барғанда аяғымнан өткен суық миыма жеткен», дейді. Қазір алқап тұрғындары электр жарығын мектептен алып отыр екен. Кәріз жүйесіне де қосылмаған. Былтыр жүргізілген ауыз судың да қысымы төмен. Десек те жол мен жарықтандыру мәселесі тек аталған аумақта ғана емес, облыс орталығының басым көпшілігінде орын алып отырған жағдай. – Қала бойынша 1388 көше бар. 880 көшенің асфальті бар. Ал 558 көшеде мүлде асфальт жоқ. Қазіргі таңда біз осы асфальт жүргізу жұмыстары бойынша 3 жылдық немесе 5 жылдық жоспар құрып жатырмыз. 1388 көшенің 293-інде ғана түнгі жарығы бар. Яғни қамтылу пайызы 21 пайызды құрап отыр. Бір мың көшеден астам түнгі жарық жоқ. Ол бойынша да, бізге қала әкімі тапсырма берді. Қаражат бөлінуіне байланысты біз осы көшелердің барлығын мүмкіндік болғанша түнгі жарықпен қамтамасыз етеміз. «Нақты мынау көше осы күні жөнделеді», деп дөп басып айта алмаймын, – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев. Әкімдіктегілер басты көшелерге бірінші кезекте басымдық берілетінін алға тартуда. Алдағы уақытта жөнделетін жолдар тізіміне аталған аумақтың тек бір ғана, яғни орталық көшесі енген. Қалған көшелерді жөндеу өкінішке қарай, жоспарда жоқ...  

 Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар