- Advertisement -

Көне жылдар қатпарындағы құндылық

259

- Advertisement -

Өткен тарихты ұмытпау, бағалау – ең бағалы іс. Себебі, тарихыңды бағаламасаң бүгінгі қасиеттердің де қадірін білмейсің. Қатпар-қатпар тарихтың қойнауында бабаларымыздың жүріп өткен қастерлі ізі, кешегі биік болмысың жатыр. Талай мемлекеттерді тамсандырған өркениетің де сол тарихтың еншісінде. Қазақ елінің тарихы өте ауқымды, маңызға толы екені белгілі. Сондай тарихи құндылықтың бірі – Шу ауданы, Ақсу ауылы аумағында жатқан, ЮНЕСКО құрамына енген «Баласағұн» қалашығы.

Бұл қалашық соңғы жылдарға дейін «Ақтөбе» деген атауға ие болып келген. Ұзақ жылдардағы зерттеуден кейін ортағасырлық «Баласағұн» қалашығы екені дәлелденіп, ұзақ жылдан бері мұнда қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Рас «Баласағұн» қалашығы жайлы бұрын да жазылған. Бірақ, әлі де айтылуы тиіс нәрселер бар. Біз де Шу ауданына іссапарға шыққан сәтімізде тарихи қалашықта арнайы болып, «Баласағұн» құндылықтарына назар аудардық. Бізді қалашықтың басына Ақсу ауылдық округінің әкімі Айдар Айтбай бастап барды. Тарихи қала ретінде маңызға ие «Баласағұнның» өңірдің туристік кластерінің дамуына да болашақта үлесі үлкен болады деп бағалаймыз. Себебі, бұл қалашықты көруге, қала орнынан сыр түюге ынталы туристер өте көп екені байқалып отыр. Ол жөнінде кейінірек кеңінен баяндаймыз. Әуелі, қала тарихынан сыр шертсек.

Шалекенов отыз жыл зерттеген «Баласағұн»

Бұл күнде ЮНЕСКО-ның назарын аударып тұрған «Баласағұнның» тарихы өзінен өзі аршыла салған жоқ. Көптеген жылдар бойы зерттеу жұмыстары жүргізілген. Әсіресе, 1938-1939 жылдары ленинградтық белгілі ғалым Бернштам Қырғыз Республикасының Тоқмак қаласынан 8 шақырым жердегі Ақбегім қалашығына шамалы уақыт зерттеу жүргізіп, аз ғана деректерге сүйеніп, оны «Баласағұн» қаласы деп жариялап жіберіпті. Іздегенге сұраған дегендей, қырғыздың тарихшы ғалымдары оны Бұранама деген атаумен шатастырып, негізгі тарихи әділдікке біраз жылдар бойы кедергі келген екен. Бастапқы зерттеу жолындағы мұндай шатасуларды Ақсу ауылының көнекөздері де айтып беруге даяр. Олар кейіннен зерттеулердің дұрыс бағытта жүріп, Баласағұн қалашығы жақсы зерттелгеніне қуанышты екендерін айтады.

Бұл жерде қатар жатқан бауырлас екі елдің «Баласағұн» төңірегіндегі шатасқан тарихи мәселесіне нүкте қойып, нақты түйінін айтқан – белгілі ғалым Уахит Шалекенов. «Баласағұн» қалашығының орны осы кезге дейін Ақтөбе қонысы болып келгенін біз жоғарыда айттық. Осы Ақтөбе қонысына (кейіннен Баласағұн қалашығы екені дәлелденді) Уахит Шалекенов табан аудармай отыз жыл бойы зерттеу жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде «V-XIII ғасырдағы Баласағұн қалашығы» атты 32 баспа табақтан тұратын көлемді монографиялық еңбек жазып шығады. Сондай-ақ «Орта ғасырдағы Ақтөбе атты құнды альбом шығарады. Шалекеновтың отыз жыл зерттеуінің нәтижесінде Қырғыз тарихшылары да шатасқандарын түсініп, «Баласағұн» қаласының орны Шу ауданы, Ақсу ауылының аумағында екені дәлелденді. Міне, «Баласағұн» тарихына осынша ұзақ жыл еңбегін сіңірген Уахит Шалекенов былтыр ғана өмірден озыпты. Ғалым өмірден озғанымен, оның жасап кеткен еңбегі, дәлелдеп, зерттеп кеткен қалашығы құндылығымен туристер назарын аударса, Шалекеновтың де есімі құрметпен айтыла беретіні анық.

Шығыс қағанатының астанасы болған

Тарихи деректерге сүйене отырып баяндасақ, Ақтөбе қонысындағы (Баласағұн) қазба жұмыстары барысында Түркеш заманына тән қабаттар табылған. Ал Қазақ энциклопедиясының 6-томында: «Шу аңғарында Баласағұн қаласы жетекші орынға шығып, астана рөлін атқарған. Ол X-XI ғасырларда

Хан ордасы ретінде қалыптасқан. Оның орнында анағұрлым ерте кездегі қала жұртының орны жатыр» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Ал облыстық «Aq jol» газетінің 2008 жылғы 20 қыркүйек күнгі санында «Баласағұн» қалашағы жайлы жақсы, кең көлемде деректер берілген. Ол деректерде тарихи мәліметтерге сүйене отырып: «Түркеш, Қарлұқ, Қарахан, Қарақытай сияқты орта ғасырлық түрік мемлекеттерінің бас астанасы, ұлы Жібек жолы бойының солтүстік тармағындағы ілгері шаһар болған. Баласағұн қаласы 1218 жылы Шыңғыс ханның жер қайысқан қолына соғыссыз беріледі. Өйткені күштілік езгісінен әбден күйзелген ел моңғолдарды құтқарушысы ретінде қарсы алған еді. Моңғолдар оған «Гобалық» деген (жақсы қала) атау береді. Бірақ, бұл жай даңқты қаланы моңғолдардың екпінінен сақтап қала алмаған секілді. Бұдан кейін «Баласағұн» қаласының еш жерде айтылмауы осы ойға жетелейді» деп жазылған. Қайран, Баласағұн қаласы! Өз еркімен берілсе де талқандауға ұшыраған болып тұр ғой. Одан әрі қарай аталған жазбада: «Бұл орайда беймәлім қашқарлық жиһанкездің мынандай дерегі көңіл аудартады. «Бірде Қашқар билеушісі қалмақтарды жазалау үшін Моңғолстанға басып кірді. Екі ай жүріп биік мұнара, сарай, медреселерінің төбелері құмнан жартылай шығып тұрған, қираған қала орнына жеттік. Сол маңда қалмақтармен айқасып, қайтар жолда қолға түскен тұтқындардан қираған қала атауын сұрадық. Олар бұл жерде Баласағұн деген қаланың болғанын айтты» деген. Міне, деректер осылай сөйлейді.

XI ғасырда Қарахан мемлекеті Батыс және Шығыс түрік қағанаты болып екіге бөлінгені белгілі. Сол кезде Шығыс түрік қағанатының астанасы міне осы Баласағұн қаласы болған. Сондықтан бұл қаланың тарихында қатпар-қатпар қазыналар, қазып алар құндылықтар жатыр. Бұл қалашықтың қазба жұмыстарына жеңіл-желпі қарауға мүлдем болмайды.

1974 жылдан бері қазылып  жатыр

Даңқы алысқа кеткен қалашық 1974 жылдан бері әл-Фараби атындағы (бұрынғы Киров атындағы) Ұлттық университеттің ғалым, профессорларының, оқытушылары мен студенттерінің қолдауымен қазылып жатыр. Жоғарыда еңбегі айтылған ғалым Уахит Шалекенов өзі бастап қазған. Қазба жұмыстары өзінің сәтті жемісін беріп, қала орнының әр қабатынан орта ғасырлық жәдігерлер табылып жатыр. Мәселен, сол кезеңге тән кірпіштер мен құбыр сынықтары Шу аудандық музейінде құнды жәдігер ретінде сақталып тұр. «Мұнда әл-Фараби атындағы (бұрынғы Киров атындағы) Ұлттық университетінің ғалымдары, оқытушылары мен студенттері жиі келіп, қазады. Аталған университеттің археология және этнография факультетінің студенттері осы қалашықта жазда келіп, өндірістік тәжірибеден өтеді. Ауылымыздағы Жүсіп Баласағұн атындағы орта мектептің мұғалімдері мен оқушылары да қазба жұмыстарына үнемі атсалысып келеді. 1984-1989 жылдары мұғалім кезімде бес жыл бойы мен де оқушылармен бірге осы қаланы қазғанмын. Әлі де қалашыққа қатысты жұмыстардан алыстаған жоқпын», – дейді Ақсу ауылдық округінің әкімі Айдар Айтбай. Ауыл әкімінің сөзін ардагер ұстаз, ақын Сәт Мәлібекұлы, айтыскер ақын, ауылдық клуб меңгерушісі Бақытбек Жұмабеков те қолдайды. «Біраз жыл бұрын осы Баласағұн қалашығына асфальт жол тарту туралы мәселені газет бетінде көтерген едім», – дейді Сәт Мәлібекұлы.

Қалай дегенде де, Баласағұн қалашығының маңызы өте ерекше. Мемлекеттік «Мәдени мұра» аясында да мұнда ерекше көңіл бөлінгенін білеміз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да назарда тұрған қала. Қазіргі таңда жазды күндері мұнда тәулігіне 35-40 турист келіп, қала орнын көріп, тарихқа назар аударып қайтады екен. Осындай қалашықтың аумағы орналасқан 1450 гектар жер жоғарыда айтылған Ұлттық университеттің қарамағына кіреді. Қалашық басында университеттің жатақханасы бар. Дегенмен алдағы уақытта мұнда жасалар жұмыс көп.

Асфальт жол қалашыққа қашан тартылады?

Баласағұн қалашығында атқарылатын істер аз емес. Қалашық басына су жеткізіліпті. Ендігі негізгі мәселе – асфальт жол. Қалашық ЮНЕСКО деңгейіндегі қалалар тізімінде болғандықтан, мәселе лауазымды тұлғалардың назарында. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов асфальтты сапалы, әрі жылдам тарту жөнінде аудан әкіміне нақты тапсырма берген екен. Ол тапсырма Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев пен Ақсу ауылдық округінің әкімі Айдар Айтбайдың назарында. «Үлкен автобаннан Баласағұн қалашығы қашық емес. Бар болғаны 4 шақырым 200 метр ғана аумақта жатыр. Осынша шақырымға асфальт тарту үшін округтегі бес шаруашылықпен келісімшарт жасастық. Нәтижесінде 4,2 шақырым көлеміндегі асфальт жолдың сметалық құжаттама қағаздары дайын болды. Алдағы қараша айында облыс әкімінің қолдауымен қаржысы бөлінеді деп отырмыз», – дейді аталған ауылдық округ әкімі А.Айтбай.

Тобықтай түйін: Биыл тамыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология және этнография факультетінің ғалымдары, оқытушылары мен студенттері Баласағұн қалашығында бас қосып, қаланың келешегі жөнінде келелі әңгіме қозғапты. Ол жерде де асфальт жолдың маңыздылығы айтылған. Одан бөлек жатақхананы жөндеу, қосымша ғимараттар салу да жедел жүзеге асса дейміз. Туристер үшін қолайлы жағдайдың жүзеге аса бергені маңызды. Асфальт жолы тартылып, суы толық қосылғанда, басқа да қажеттіліктері шешілгенде бұл қалашыққа келетін туристер саны жазда тәулігіне 60-70 адамға жетсе, жылдың барлық айында мұнда келушілер үзілмейді деген ойдамыз. Сол кезде облыс қазынасына туризмнің бір нүктесі – Баласағұн қалашығынан да қомақты қаражат түсіп тұратынына сенімдіміз. Себебі, әлем назарын аударған тарихи қаланың маңызы жоғары.

 

ТаразШуТараз.

Есет ДОСАЛЫ.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support