- Advertisement -

Дарыннан қалған сарын

259

- Advertisement -

Есалы Қырықбаев әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті филология факультетінің түлегі. Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Талды ауылында дүниеге келген Есалы Ералыұлы Алматыға алып барған ақын болу туралы асқақ та асыл арманы еді. Орта мектепті, одан кейін Тараздағы Абай атындағы педагогикалық училищені бітірген жастың танымы терең, таланты балаң еді.

Сол терең таным мен балаң талант боз баланы үлкен жолға бастады. Оның қойын дәптеріндегі туған жер, Әулиеата өңірінің көне тарихы, Айша бибі мен Қарахан бабаның сыры, туған Таласының тұнып тұрған мөлдір суы мен ерке толқындары туралы шынайы толқыныстан туған өлеңдерінде сол кездің өзінде ерекше мінез бар болатын. Ол асығу аптығусыз, асқақтап аспандаусыз Талды ауылдың тамылжыған, жібектей есілген жазғы кешіндей Таластың бірімен-бірі жарыса ойнаған майда толқындарындай ерке де есті мінез еді. Осы мінез байыды, бірақ өзгермеді. Ол бақиға да осы мінезімен кетті. Өлеңдерінде де осы мінез қалды.

Алматыда оқып жүрген кезінде жазған өлеңдері мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып тұрды. Өлең сүйген студент қазақ радиосына барып, өз жүрек үнін жұртқа радио толқындары арқылы да жеткізіп жүрді. Факультетте өтетін әдеби кештерде белгілі ақындармен кездесу, олардың өлеңдерін тыңдау, өлең оқу жас таланттың қанатын бекіте түсті. Бірқатар өлеңдері жас ақындардың өлеңдер жинағында жарияланды. Осының барлығы ақындық өнерді таңдаған ауыл баласы үшін үлкен өмір мектебіне айналды.

Университетті бітірер жылы Есалы Ералыұлының өзін де, ақындығын да әдеби қауым, шығармашылық ұйымдар мен мекемелер жақсы танып алған болатын. Оның үстіне студент ақын оқуын қазақ радиосында бір мезгіл қызмет атқарумен қатар жалғастырды. Университетті аяқтаған соң, әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасты. Бұл шығармашылық қызмет еді. Бірақ ауылдағы ата-ана жалғыз ұлдың астанада атақты ақын болғанынан гөрі ауылда көз алдарында жүріп, ұстаздық етуін артық санады. Арманы қанша асқақ болғанымен, ол ауылға, ата-анасына, туған Таласына оралды. Туған ауыл мәдениетінің дамуына, білім беру ісінің жетілуіне аянбай атсалысты.

Мектепте әдеби үйірме жұмысын жандандырды, оқу ісін ұйымдастыру мен басқаруда жаңашыл талап қойып, оқу мен оқытудың жаңа әдістерін кеңінен пайдалануға қол жеткізді. Соның нәтижесінде оқушы жастардың танымдық және шығармашылық белсенділігі артты, елтанушы, жертанушы оқушы ақындар тобы дараланды. Олардың біразы бүгінде ел таныған ақын, жұрт таныған журналист, суырыпсалма айтыс ақыны дәрежесіне көтерілді. Өзі секілді ұстаздық жолды таңдап, игілікті іс атқарып жүрген шәкірттері де көп.

Есалы туған ауданының мәдениеті мен өнерін, білім беру ісін, сондай-ақ әдебиеті мен журналистикасын дамытуға зор үлес қосты. Оның ауыл азаматтарының ғибратты ісі мен өмірі жайлы апта сайын, ай сайын жарияланып жатқан көркем очерктері мен эсселері адамның адамгершілігін ардақтады, қарапайым еңбек адамының мәртебесін өсірді. Соның бәрінде Есақаңның шынайы талантымен бірге үлкен азаматтығы, адамгершілік биік нысанасы көрініп тұратын. Осы үш қасиет – шынайы талант, үлкен азаматтық, адамгершілік биік нысана – Есақаңның ұстаздығының да, ақындығының да, журналистігінің де асыл негізі болып табылады.

Ұстаз. Ақын. Журналист. Үшеуі де ардақты іс. Үшеуі де шынайы талантты талап етеді. Үшеуі де үлкен азаматтыққа негізделеді. Үшеуі де адамгершілік биік нысанадан бастау алады. Бір адамның ғұмырына осы үш ардақты істің біреуі де жетіп артылар еді. Есалы Ералыұлы қысқа ғұмырында осы үш ардақты істі қатар және үлкен абыроймен шынайы шеберлікпен атқарды. Бұл қасиет санауға лайықты ерекшелік еді. Осы қасиетімен ауылдастарынан ғана емес, түгел отандастарынан де ерекше дараланған жан. Бұлайша даралану тек дара ғана туған дарынның ғана қолынан келсе керек. Ералы ағамыз дара туған дарын еді…

Мына кітап сол дарыннан қалған бір сарын.

 

 Жанғара ДӘДЕБАЕВ,

филология ғылымдарының

докторы, профессор.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support