«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Астана саммиттері ашық диалогқа оралуға жол ашты

Астана саммиттері ашық диалогқа оралуға жол ашты
ашық дереккөз
Астана саммиттері ашық диалогқа оралуға жол ашты
Өткен аптада әлем назары Қазақстанға ауғаны белгілі. Еліміздің астанасында жоғары және аса жоғары деңгейдегі бірқатар халықаралық іс- шаралар өткізілді. Мәселен, 12-13 қазанда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтті. Халықаралық форумға АӨСШК мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары қатысып, 11 елдің мемлекет басшылары осы жиында бас қосты. Одан бөлек 14 қазанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдері басшыларының кеңесі және алғаш рет «Орталық Азия – Ресей» саммиті өтті. Сондай-ақ осы халықаралық іс-шаралардың аясында Қазақстанға мемлекеттік сапармен бірқатар елдің президенттері келді.

 width=

Қазақстанда 11 елдің президенті бас қосты 12 қазанда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне және ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Қазақстанға келді. Қырғызстан мен Өзбекстан президенттері Садыр Жапаров пен Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон да Астанаға мемлекеттік сапармен келді. Үш елдің президенттерінің АӨСШК VI саммитіне, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына және «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысуы жоспарланған болатын. АӨСШК саммитіне қатысу үшін Астана қаласына Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раиси, Қытай Халық Республикасы төрағасының орынбасары Ван Цишань келді. Сәрсенбі күні Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко да Астанаға табан тіреді. А.Лукашенко саммитке АӨСШК бақылаушы мемлекет басшысы ретінде және ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты. 13 қазанда бірқатар халықаралық іс-шараға қатысу үшін Астана қаласына Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин ұшып келді. Екі күнге созылған сапарында Ресей президенті Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне, сонымен қатар ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына және «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысты.

Бірқатар мемлекет басшыларымен келіссөз жүргізілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қазанда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени- гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аудара отырып, қазақ-қатар қарым-қатынасының жай- күйі мен даму перспективаларын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қатарлық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеп, оларды еліміздегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстан мен Қатар арасында дипломатиялық қарым- қатынастар орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті. «Бұл – ерекше мерейлі белес. Осы мерзім ішінде біз тығыз мемлекетаралық ынтымақтастық орнаттық.

Болашақта да қазақ-катар қатынастарын әрі қарай дамытуға дайынбыз», – деді Мемлекет басшысы. Өз кезегінде Қатар Әмірі Қазақстанмен арадағы жан-жақты байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтті. Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің Қазақстанға сапары аясында өткен келіссөздер нәтижесінде тараптар 12 құжатқа қол қойды. Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Қатар Әмірі Қазақстандағы президент сайлауымен тұспа-тұс келетініне қарамастан, Қасым-Жомарт Тоқаевты биыл қараша-желтоқсан айларында Қатарда өтетін футболдан әлем чемпионатына арнайы шақырды. 12 қазанда Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.

Ол Азиядағы өзара іс- қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне де қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөз жүргізді. «Сіздің бүгінгі мемлекеттік сапарыңыз екі елдің ынтымақтастығына үлкен серпін береді деп ойлаймын. Біз Түркиямен тең дәрежедегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға баса мен береміз», деді Мемлекет басшысы. Өз кезегінде Түркия президенті жаһандық және аймақтық тұрақсыздық белең алған шақта түркі мемлекеттерінің ынтымағын одан әрі нығайту қажет екенін, сондықтан стратегиялық серіктес әрі бауырлас ел Қазақстанның қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, территориялық тұтастығына және экономикалық әл- ауқатының жақсаруына айрықша мән беретінін жеткізді.

Елімізге мемлекеттік сапармен келген Режеп Тайип Ердоғанға І дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді. Орденді табыстау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентін елін алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы деп атап өтті. «Түркия – біздің ежелден еншісі бір, тамырлас туысымыз. Сондай- ақ Қазақстанның ең жақын әрі сенімді стратегиялық серіктесі. Сіз қазақ-түрік қатынасын тұрақты дамытуға өлшеусіз үлес қосып келесіз», – деді Мемлекет басшысы. Екі елдің жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің IV отырысында сыртқы саясат және инвестиция саласындағы іс-әрекет, сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік-логистика және әскери өндіріс саласындағы ықпалдастық, энергетика саласындағы байланыстар және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық секілді 5 мәселе талқыланды. Келіссөздерден кейін екі мемлекет басшыларының қатысуымен бірқатар құжаттарға қол қойылды. Екіжақты кездесуден кейін Қасым- Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. «Біз бауырлас Қазақстанның егемендігін, территориялық тұтастығын, бейбітшілігі мен тұрақтылығын әрдайым қолдаймыз. Біздің бірлігіміз бен ынтымақтастығымыз мәңгілік!», – деді Түркия президенті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК саммитіне қатысуға келген Вьетнамның вице-президенті Во Тхи Ань Суанмен, Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шарифпен, Палестина президенті Махмуд Аббаспен кездесулер өткізді. Александр Лукашенкомен кездескен Мемлекет басшысы Қазақстанның Беларусьпен арадағы стратегиялық серіктестікті жан- жақты дамытуға баса мән беретінін атап өтті. Мемлекет басшысы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесуінде өзінің жуырда Бакуге жасаған сапары қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтергенін атап өтті. Бейсенбі күні Тоқаев ҚХР төрағасының орынбасары Ван Цишаньмен де кездесіп, өткен айда Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Астанаға мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Өткен аптаның соңында Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовтің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары басталды. Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Сауда- экономикалық қарым-қатынастарды кеңейтуге, әсіресе энергетика, көлік және логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларына ерекше назар аударылды. Айта кетейік, 12-13 қазанда Астанада Қазақстанның төрағалығымен АӨСШК құру туралы бастаманың 30 жылдығына орайластырылған Азиядағы өзара іс- қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті пандемиядан кейінгі кезеңдегі аймақтағы ең ауқымды саяси оқиғалардың бірі болды. Саяси іс-шараға Әзербайжан, Ирак, Иран, Қазақстан, Катар, Қырғызстан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Түркия және Өзбекстан басшылары, Вьетнам вице-президенті және ҚХР төрағасының орынбасары қатысты. Барлығы 50- ге жуық делегация келді. Саммитте АӨСШК-нің бақылаушы мемлекеті болып табылатын Беларусь президенті де бой көрсетті.

Саммиттің басты тақырыбы – қауіпсіздік пен тұрақтылық

13 қазанда Астанада құрамына 27 мемлекет кіретін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі VI саммиті өз жұмысын бастады. Азия кеңесі – қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде мемлекеттердің ынтымақтастығы мен өзара ықпалдастығын нығайтуды мақсат еткен халықаралық ұйым. «Биыл осы Кеңесті шақыру туралы бастаманың көтерілгеніне 30 жыл толды.

Осы кезең ішінде бұл жиын көпжақты ынтымақтастық тұғырына және заманауи дипломатияның халықаралық институтына айналды. Кеңеске 1999 жылы 15 мемлекет мүше болса, қазір олардың саны 27-ге жетті. Бұл, шын мәнінде, форумның Азия елдері және жалпы әлем қауымдастығы алдындағы беделі арта түскенін көрсетеді», – дейді Қазақстан Президенті.

Азиядағы өзара ықпалдастық саммитіне төрағалық еткен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «біздің алдымызда тұрған ерекше маңызды міндет – туындаған зор қауіп- қатерлер жағдайында халықаралық қатынастардағы тұрақтылыққа қол жеткізу» екенін атап өтті. «Көпжақты механизмдерге тың серпін беру және ашық диалогқа оралу аса маңызды», – деді Тоқаев. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК саммит барысында азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін көтерді. Сонымен қатар климаттық дағдарыс әскери қақтығыстарға алып келуі мүмкін екенін айтты. «АӨСШК кеңістігінде шын мәнінде жұмыс істейтін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін механизм қажет. Біз маңызды өнімдердің ұлттық стандарттарға сәйкестігін бағалаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. «Климаттық дағдарыс әскери қақтығыстарға алып келіп, алапат әрі басқаруға келмейтін миграциялық нөпірдің катализаторына айналуы мүмкін», – деді Мемлекет басшысы саммитте сөйлеген сөзінде. Қауіпсіздік пен тұрақтылық – саммитте айтылған басты тақырып болды. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Украина дағдарысына тоқталып, елінің мақсаты қантөгісті тоқтату екенін айтты. «Біз аймақтық және жаһандық ауқымда Украинадағы дағдарыстың зардабын әлі де көріп отырмыз. Мен әрқашан әділетті әлемге дипломатия арқылы қол жеткізуге болатынын айтамын. Соғыста жеңімпаз жоқ, ал әділетті әлемде жеңіліс жоқ. Біздің мақсатымыз – қантөгісті тезіре Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінде мүше мемлекеттер АӨСШК- ны толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру туралы Астана мәлімдемесін қабылдады. Қабылданған келесі құжат қауіпсіздік және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы АӨСШК көшбасшылары мәлімдемесінің жобасы болды. Мұнымен қоса, саммит барысында АӨСШК қорын құруға қатысты құжат қабылданды. Бұдан бөлек, БҰҰ Қауіпсіздің Кеңесінің терроризмге қарсы резолюциясын жүзеге асыру үшін АӨСШК-нің іс- қимыл жоспары қабылданды. Саммитте ЕАЭО және АӨСШК өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Сонымен қатар Кувейт АӨСШК-ге мүше мемлекет мәртебесін алды. Азия – ең көп халық шоғырланған континент. Жер бетіндегі халықтың 60 пайызы осы құрлықта тұрады. Сондықтан болар, мұндағы мемлекеттер арасында саяси дау жиі болып тұрады. Астанада өткен саммит – бірліктің бастауы болады. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес туралы қазақстандық сарапшылар осылай деді. Белсенділер геосаяси ахуал ушыққан, алмағайып кезеңде халықты қиындықтан алып шығатын тек бейбітшілік екенін айтады. Сондықтан тұрақтылық пен татулық туын желбіреткен саммит тек Қазақстан үшін емес, Азия мемлекеттері үшін аса ауқымды маңызды шара болды. Қазіргідей геосаяси жағдай күрделі кезеңде өткен жиыннан тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Азия жемісті нәтиже күткені рас. Қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуді мақсат еткен халықаралық ұйым өз міндетін тағы бір рет дәлелдеді деуге болады. Сарапшылардың сөзінше, жиында айтылған ұсыныстар мемлекеттер арасындағы бірлікті нығайтып қана қоймай, дамуға жол бастайды. Сарапшылар саммит 11 мемлекет басшысы мен 50-ден аса делегатты жинап қана қоймай, өзекті тақырыптарды көтерген ашық диалог алаңына айналды, дейді. АӨСШК саммиті ережеге сәйкес төрт жылда бір рет болады, яғни келесі саммит 2026 жылы өтеді.

ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі 

14 қазанда Астанада достастықтың жоғары органы – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің басшылары кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары қатысты. ТМД мүше мемлекеттер басшыларының кеңесінің қарауына гуманитарлық серіктестікке, қауіпсіздікке және ынтымақтастығымыздың басқа да аспектілеріне қатысты маңызды мәселелер ұсынылды. Отырыс барысында сондай- ақ Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Ресей президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомоли Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, сонымен қатар ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев, Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко сөз сөйледі. Астанадағы саммит қорытындысы бойынша ТМД көшбасшылары қандай құжаттарға қол қойды? Саммитте қауіпсіздік саласындағы өзара іс- қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшылары 2023- 2025 жылдарға арналған терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық бағдарламасын бекітті. Саммиттің тағы бір құжаты мемлекет басшыларының климат саласындағы ынтымақтастық туралы мәлімдемесі болды. Онда климат мәселесінде ТМД елдерінің бірлескен іс-қимылдары маңызды екені атап өтілді. ҚР Президентінің бастамасы бойынша ТМД-дағы байқаушылар мен серіктестердің мәртебесін белгілеу туралы құжаттарды дайындау жұмысы басталады. Бұл достастықтың жұмысына басқа елдер мен халықаралық ұйымдарды тартуға мүмкіндік береді. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ТМД адам құқықтары жөніндегі комиссия туралы жаңа ереже қабылданды. Саммит аясында екі халықаралық шартқа қол қойылған. Бұл – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының консультативтік кеңесін құру туралы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастық туралы келісімдер. ТМД мемлекеттері басшыларының келесі отырысы 2023 жылғы 13 қазанда Бішкекте өтетін болды.

«Орталық Азия – Ресей» саммиті

Жұма күні Астанада алғашқы «Орталық Азия – Ресей» саммиті өтті. Үлкен жиында Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері алтыжақты форматтағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев шекара мәселесін көтеріп, ол тек бейбіт жолмен реттелу керектігін айтты.

«Тұрақсыздыққа алып келетін тағы бір фактор – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі. Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс», – деді Президент. Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірлік қауіпсіздікті күшейту жөнінде шаралар әзірлеуді ұсынды.

Саммитте Ресей мен Орталық Азия елдерінің президенттері елдер арасындағы алауыздықты өршітуге жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауға келісті. «Жалпыадамзаттық құндылықтар мен қоғам бірлігіне қауіп төндіретін қазіргі заман сын- қатерлерінің өсуіне алаңдаушылық білдіреміз.

Біз ұлттық, тарихи, мәдени, тілдік немесе діни негіздерде алауыздықтың өршуіне жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз», – делінген бірінші саммит қорытындысы бойынша мемлекет басшылары мәлімдемесінде. Өткен аптада еліміздің астанасында үш бірдей саммиттің өтуі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін тағы да асқақтата түскені сөзсіз. Геосаяси ахуал шиеленіскен алмағайып заманда Астанада өткен айтулы шараға әлем елдерінің назары ауғаны айтпаса да түсінікті.

Одан бөлек, саммитке Түркия, Қатар және Ресей президенттерінің қатысқаны да алқалы саммиттің салмағын арттыра түскендей. Оған қатысушы мемлекет басшыларының ашық диалог алаңына айналған Астанада саммитін бірліктің бастауы болады деген қорытындыға келуі де халықаралық іс-шаралардың салмағын арттырғаны анық. Сонымен өткен аптада сан-салалы саяси оқиғаларға толы болған Астана саммиті қазақстандықтардың есінде тағы несімен қалды? Бір-екеуін ұсынып көрейік.

14 қазанда Астанада өткен баспасөз мәслихатында Владимир Путин журналистердің сұрақтарына жауап берді. Журналистер Ресей президентінен 21 қыркүйекте ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін елден кеткендерге қатысты жеке пікірі қандай екенін сұрады. Владимир Путин әрбір нақты жағдайда эмоционалды түрде емес, құқықтық баға беру керектігін айтып жауап берді. «Біреу бір нәрседен қорқып кетті, біреу мобилизациядан жалтарғысы келді, біреу белгілі бір себептермен кетті. Әрбір нақты жағдайда заңды баға беру керек. Ал нақты адамға қатысты тек осы негізде әрекет ету керек. Басқаша әрекет ету мүмкін емес», – деді Путин.

Күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Өткен аптада елордада шет мемлекеттер мен үкімет басшыларының қатысуымен жоғары және аса жоғары деңгейдегі бірқатар ірі халықаралық іс-шаралардың өтуіне байланысты Астана полицейлері 10 қазаннан бастап күшейтілген жұмыс режимінде жұмыс істеді.

Стационарлық бақылау бекеттерінің базасында елорда аумағына кіруді бақылау күшейтіліп, бекеттерде қызмет атқаруды тәулік бойы құрамында полиция қызметкерлері мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері бар мобильді топтар жүзеге асырды.

Сондай-ақ елордада жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол қозғалысы ережелерін сақтауға ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек қаланың жаңа әкімшілік орталығында жолдардың кейбір учаскелерінде қозғалыс уақытша ішінара шектелді.

ТМД басшылары қандай көлікпен жүрді?

Астанадағы кеңеске қатысқан ТМД елдері басшылары мінген көліктер де көпшілікті қызықтырмай қоймады. ҚР Президенті Телерадиокешенінің ресми арнасындағы бейнероликтен олардың көпшілігі «Mercedes» көліктерін таңдағанын байқауға болады.

Кеңеске Әзербайжан президенті «Майбах 62S» көлігімен келсе, Армения премьер-министрі мен Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстан президенттері «Mercedes-Benz Maybach S-класс»-тың әртүрлі нұсқаларын таңдаған. Тәжікстан президенті мен Беларусь басшысы да кейбір әріптестері сияқты «Mercedes-Benz Maybach S-класс» көліктерін таңдаған.

Ал Ресей президенті Владимир Путин отырысқа өзінің «Aurus Senat» лимузинімен келген. Бұған дейін оның баспасөз хатшысы Путиннің іссапарлар кезінде стратегиялық тұрғыда жабдықталған және барлық қажетті қауіпсіздік талаптарына сай келетін өзінің көліктерімен жүретінін айтқан еді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар