Береке бастауы – бірлік, ел іші – қызу тірлік

Береке бастауы – бірлік, ел іші – қызу тірлік
ашық дереккөз
Береке бастауы – бірлік, ел іші – қызу тірлік
Жалпы адамзат тарихына үңілсек, әлемдегі озық өркениеттер ұлттық сипаттан бастау алғандығын білеміз. Біз әлемге еліміздің жаңаша бет-бейнесін танытып, өткен дәуірден қалған қағидаларды өзгертіп, жаңа прагматикалық сипаттағы деңгейге қол жеткізу жолында байыпты қалыпта кезең-кезеңімен дамып келе жатқан елміз. Жаңа Қазақстан даму үрдісіндегі қазіргі басты талап – бірліктің арқасында бірегей жетістіктерге жету және қазақ тілімен бірге әлемдік тілдерді игеруге ұмтылу. Бұл біздің ғаламдық үрдіске толыққанды араласуымызға жол ашып, әлемдік озық тәжірибелер мен жетістіктерге қол жеткізуімізге мүмкіндік бермек. Алдымен ел тұрмысына елеулі көңіл бөлген мемлекеттік саясат ендігі кезекте жеткен жетістіктерімізді еселеп келеді. Осыған қатысты этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат көпэтносты Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-гуманитарлық ортасының негізгі факторларының бірі саналады. Бүгінде татулығы мен бірлігі жарасқан облысымызда 87 этнос өкілдерінің басын қосқан 75 этномәдени бірлестік өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуы жолында тынбай еңбек етуде. Достықтың отын жаққан осы 75 ұйымның 31-і қоғамдық аккредиттеуден өтіп, Ассамблея құрамына енген. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бүгінде Ұлы дала елінде этносаралық саладағы барлық жұмыстың жүйесін жаңғырту кең ауқымда іске асырылуда. Қазіргі таңда біздің өңірде «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, сонымен бірге облыстық ассамблея өз жұмысын бірлік пен татулықтың арқасында үйлестіріп отыр. Жұмыс сапасын арттыруға бағытталған қатарда ғылыми сарапшылар тобы, журналистер клубы, қоғамдық келісім кеңестері, шеберлер клубы, облыстық «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі, қоғамдық келісім кеңесі, медиаторлар және Аналар кеңестері бар. Татулық пен бірлікті ту еткен барлық құрылымдар бірыңғай негізде, ортақ міндеттер мен бағыттар бойынша жұмыс атқарып келеді. Осының ішінде ассамблеяның Медиация институтының рөлі өте зор. Өйткені бұл этностар өкілдері арасындағы бірлік пен келісімді барынша нығайтуға ықпал етуде. Медиация кабинеті медиация институтын дамыту бойынша ҚХА медиаторлары халыққа практикалық және медиативтік көмек көрсете отырып, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Сыртқы және ішкі істер министрліктерімен және Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, ҚХА қоғамдық құрылымдардың өкілдеріне арналған шетелдік және отандық сарапшыларды тарта отырып, этносаралық қатынастар саласындағы этномедиация және кәсіби келіссөздер курстарын жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен ұйымдастырып отырады. Нәтижесінде, биыл ақпан-наурыз айлары аралығында пилоттық режимде «Этносаралық саладағы қақтығыстарды реттеу ерекшеліктері» оқу курсы өткізілді. Білім алушылардың мақсатты тобы облыстың ықшам елді мекендерінің тұрғындарынан, атап айтқанда, Қордай, Шу, Меркі, Байзақ және Жамбыл аудандарының құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім беру жүйесінің өкілдері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен қоғамдық көшбасшылардан құрылған. Жаттықтырушылар құрамына кәсіби медиатор-жаттықтырушылар, ҰҚК Академиясының психологтары, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының конфликтологтары, этносаралық қатынастар саласындағы сарапшылар кірді. Осыған орай, облыстағы жаппай жанжалды жағдайларды шешуде келіссөз жүргізушілер дайындалды. Облыста жыл сайын Қазақстандағы этносаралық ахуалдың бірыңғай әлеуметтік мониторингі өткізіліп отырады. Этносаралық қатынастар – еліміздің ішкі саясатындағы аса маңызды салалардың бірі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдардың этносаралық саладағы барлық жұмыс жүйесін жаңғырту жүргізілуде. Этномәдени бірлестіктер өкілдерінің, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру технологиялары бойынша кәсіби білімдері мен дағдыларын арттыру үшін аймақтық семинарлар өткізілді. Қазіргі уақытта қоғамдық келісім кеңестері билік пен халық арасындағы әмбебап диалог алаңына айналды. 2019 жылғы «Қордай оқиғасынан» кейін барлық аудандарда саяси ахуал бақылауға алынған. Ассамблея жұмыс істеу бағыттарының бірі – «Қайырымдылық» жобасы аясында облыс кәсіпкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, меценаттар, жалпы биыл елімізде орын алған Қаңтар оқиғасынан бастап, зардап шеккен адамдар мен аз қамтылған отбастарына түрлі көмек көрсетті. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дегендей, облыстық этномәдени бірлестіктердің «Күшіміз – бірлікте», «Жақсылық айы», «Құдайы тамақ», «Жылу», «Мейірімділік керуені», Алғыс айту күніне «Берекеміз – бірлікте», «Жан жылуы» акциялары, Наурыз мерекесіне орай облыстық ассамблеяның «Мейірімді жүрек», сондай-ақ «Мектепке жол» және Қостанай облысындағы қайғылы оқиғаға көмек қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. Жалпы «Қоғамдық келісім» мекемесі, яғни өңірлік ассамблея этномәдени бірлестіктері мен ҚХА мүшелерінің қатысуымен 13 мыңнан аса адамға қайырымдылық жасалды. Қазіргі таңда этнос өкілдері тығыз шоғырланған Қордай, Меркі, Шу, Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу, Жуалы аудандарында Бірлескен қоғамдық келісім кеңестері жемісті еңбек етуде және өткен жылдан бастау алған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында аталмыш кеңес отырыстарында биыл біршама мәселелер көтеріліп, оның 56-сы жергілікті деңгейде шешімін тапса, 75 мәселе тиісті органдарға жолданды. Ассамблеяның әрбір іс-шаралары мен отырыстарында ұлттар достығын нығайту, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, жастарды қазақстандық патриотизмге баулу, жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу, ерте неке, дін мәселесі, әскер қатарына шақыру, этностық топтар тығыз тұратын ауылдық округтердегі балабақшаларда мемлекеттік тілде тәрбие беретін және оқытатын топтарды, мемлекеттік тілде оқытатын сыныптарды ұлғайту бойынша жүргізілген жұмыстар туралы, тағы басқа да мәселелер қаралып тұрады. Ассамблея жанындағы Қоғамдық келісім кеңестері жыл басынан бері 670 шара өткізді. Облыстық прокуратураның «Сенім» маршруты аясында, құқық қорғау органдары қоғамдық келісім кеңесінің мүшелерімен бірлесіп Талас және Меркі ауданының бірқатар ауылдарында тұрғындармен, этнос өкілдерімен кездесулер, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырды. Аталған кездесулерде көтерілген мәселелердің 21-і жергілікті деңгейде шешімін тапса, 14 мәселе тиісті органдарға жолданды. Облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі де жыл басынан бері 100-ден аса іс-шара өткізді. Кеңес мүшелерінің қатысуымен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша көшпелі отырыстар өткізіліп, дүнген, әзербайжан этнос өкілдері қыздары арасында ерте тұрмыс құру, жәрдемақы тағайындау, қандас әйелдердің азаматтық алуы, 3 ауысымдық мектеп мәселелері көтеріліп, бірқатары шешімін тапты. 7-8 қазанда Алматы қаласында республикалық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының тұжырымдамасын іске асыру, этнотәлім және тәрбие жұмысы сияқты жұмыс бағыттары талқыланған іс-шараға біздің облыстан да Аналар кеңесінің өкілдері, республикалық дүнген орталығы Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова, Тараз қаласының «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» мекемесінен Аққу Қаратаевалар қатысып келді. Биыл «Қоғамдық келісім» мекемесінің Баспасөз қызметі орталығында республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары журналистерінің қатысуымен 17 қазанда Журналистер клубының отырысы мен облыстық, қалалық және аудандық БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Бір шаңырақ астында» облыстық байқауы өткізілмекші. Облыстық байқаудан бас жүлде алған жеңімпаз Астана қаласындағы республикалық «Шаңырақ» байқауына қатысып, республикалық журналистер арасында бағын сынайды. Биыл этножурналистика саласындағы аталмыш республикалық байқауға өңірдің барлық журналистері өтінім бере алады. Сонымен бірге, Баспасөз қызметі орталығының ұйымдастыруымен мектеп жасындағы балалармен жұмыс істеуге бағытталған, республикалық жобалар аясында ұсынылған «Ассамблея бөбектері» жобасы облыста өңірлік ассамблеялар арасында ең алғашқылардың бірі болып 2020 жылдан бері қолға алынған болатын. Өткен жылдың қарашасында облыстық ҚХА-да аталмыш іс-шара өткізіліп, биыл мамырда Қазақстан халқы Ассамблеясының XХХІ-сессиясындағы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде жобаның атауы «Жаңа Қазақстан бөбектері» болып өзгертілді. Аталмыш облыстық жоба 2023 жылда да жалғасын таппақ. Биыл ақпанда «Азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдардың диалогы – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбында облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық тобының кеңейтілген отырысы өтті. Қазақстан өңірлеріндегі этносаралық ахуалдың жай-күйін, динамикасын және әсер ету факторларын зерделеу мақсатында қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатқа, «Жамбыл облысындағы этносаралық ахуалдың бірыңғай әлеуметтік мониторингі» жобасын іске асыру бойынша өңірдің 10 ауданында ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімі әлеуметтік сауалнамалар және фокус-топтық зерттеулер жүргізді. Жергілікті жерлерде тұрғындардың қатысуымен «Жамбыл облысындағы этносаралық жағдай» тақырыбында 91 адамды қамтитын 9 фокус-топ ұйымдастырылды. «New Group.kz» психология және тұлғаны дамыту орталығы» ЖШС-мен жасалған келісімшарттың негізінде өңірде ІІІ-тоқсан бойынша этносаралық ахуалдың бірыңғай әлеуметтік мониторингі бағдарламасы негізінде кешенді әлеуметтік зерттеу жұмысы жүргізіліп, қорытындысы ұсынылды. Респонденттердің іріктемелі жиынтығының көлемі екінші тоқсанда облыстың 10 ауданында, оның ішінде Тараз қаласында тұратын кемінде 1000 адамды құрайды. Бұған қоса, үстіміздегі жылдың маусым, шілде және қазан айларында ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің ұйымдастыруымен Қордай, Шу және Талас аудандарында «Мемлекеттік саясаттың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы қазіргі жай-күйі: өңірлік даму ерекшеліктері» тақырыбында аймақтық коучинг өткізілді. Облыстық «Ассамблея жастары» өңірлік қоғамдық бірлестігі биыл жыл басында «Ассамблея жастары» жастар ұйымының ресми тұсаукесерін ұйымдастырып, алты негізгі бағытты ұсынды: «Social Assembly» – жастарды әлеуметтік қолдау, олардың білім алу деңгейін арттыру және жұмысқа орналасуға көмек көрсету; «Бірлік тілі» – мемлекеттік тілді үйрену; «Ел мұрасы» – тарихи-мәдени мұраны сақтау; «Таза орта» – экология мен қоршаған ортаны қорғау; «Қасиетті парыз» – әскери-патриоттық тәрбие беру; «Jastar media» – медиа-жобаларды дамыту және медиа-сауаттылықты арттыру. Алға қойылған осы іс-шаралар бойынша өңіріміздің ассамблея жастары өз міндеттерін тыңғылықты атқарып келеді. «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы – мемлекеттік қызметке орналасуға ниет білдірген жастарды оқыту және мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өткізуге бағытталған. Жоба Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мен облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалы арасында жасалған үшжақты өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске асырылады. Жобаға «Ассамблея жастары» мүшелері қатысып сертификат алды. Облыстық Махмұд Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігі және «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ашық есік күні» өтті. Іс-шара «Жаңа Қазақстан бөбектері» облыстық жобасы бойынша жүзеге асырылып, Тараз қаласындағы №24 гимназияның оқушылары мен ұстаздары қатысты. Олар үшін Достық үйіне экскурсия ұйымдастырылып, қатысушылар түрлі этностардың мәдениеті, этномәдени бірлестіктердің жұмысы туралы мағлұмат алды. Биыл тамызда Достық үйінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров облыс жастарымен кездесті. Бұдан соң «Ассамблея жастары»-ның өкілдері аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовпен кездесуге қатысты. Іс-шара қаланың Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында өтті. Әкіммен болған әсерлі кездесу ашық, сындарлы диалогтық форматта жастардың ойын анық жеткізуге бағытталды. Жас ұрпақтың белсенді және перспективалы өкілдерін қолдау жолдары, жастарда жиі кездесетін мәселелерді ортаға салып, талқылады. Қонаев қаласында өткен «Ассамблея жастары» – «Жаңа Қазақстан – тарих, дәстүр және мүмкіндік бірлігі» атты I-ші республикалық слетіне облыстық «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінен делегаттар қатысып қайтты. Жастардың қатысуымен «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде облыстық форум ұйымдастырылды. Қаланың сәулетті келбетін еселеп қана қоймай, оның көрікті жерлерінің бірегейіне айналған шаңырақ іспеттес күмбезді Достық үйі – жай ғимарат емес, ұлт пен ұлыстарды ұйыстыратын, бірлік пен бейбітшілікті дәріптейтін маңызы зор мекенге айналған. Өңіріміздегі мәні жоғары, мәртебесі биік этносаралық қатынас Тәуелсіз Қазақстанның ішкі саяси бағытындағы мемлекеттік идеологияның ажырамас аса маңызды салаларының бірі болып қала берері сөзсіз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да халыққа Жолдауларында ұлт болып ұйысуымыздың өте маңызды екенін алға тартқандығы – мәңгі жадымызда ұстар дүние. Өйткені біздің жеткен жетістіктеріміздің негізі – халқымыздың ынтымағында. Бәріміз үшін бағалысы да, маңыздысы да – ел бірлігі. Санамыздың ізімізден озып жүруі, ұлттық рухымыздың бойымызда мәңгі қалуы – ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылудың бірегей жолы. Бұл бағдар әрбірімізге үлкен жауапкершілік жүктейді деп сенеміз. Қазақстандықтар аумалы-төкпелі заманның барлық нәубеттерін еңсеріп, әлемдік сахнада дәуірі гүлденді. Қаншама ұлт пен ұлысқа ортақ болған Отанымыздың қырандай биіктерде қалқып, белестерді бағындыруына елім деген әр азаматтың сүбелі үлесі бар. Бүгінде еліміз алып, құқықтық, дербес демократиялық мемлекет ретінде жер-жаһанға танылды. Жерінің асты кілкіген байлыққа, үсті парасатты халыққа толы құтты мекеніміз – Ұлы даланың әр тұрғынының ырысы ортаймасын, намысы тапталмасын деп тілеген халқымыз бар. Тірлігінен бірлігін алға қойған халықтың бейбіт әрі ынтымағы жарасым тапқан алтын уақыты ғасырларға ұлассын деген жұртымыз бар. Ендеше, мемлекет дамуы мен өсіп-өркендеуінің темірқазығына айналған этносаралық татулық пен өзара келісімді сақтау, мемлекет байлығына айналған ынтымақ пен бірлікті ұйыстырып отыру – барша полиэтносты халқымыздың ортақ парызы болмақ.  

Мүбәрак ЖИНАҚБАЕВА,

«Қоғамдық келісім» коммуналдық

мемлекеттік мекемесінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар