Жастарды тынбай еңбек етуге шақырды

Жастарды тынбай еңбек етуге шақырды
ашық дереккөз
Жастарды тынбай еңбек етуге шақырды
Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне арнайы барып, студенттерге дәріс оқыды. Шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы мақсат-міндеттердің орындалу деңгейі сарапқа салынды. Нұржан Молдиярұлы жарты сағаттық дәріс кезінде дайын мәтінді оқып бермей, бір аймақтағы басқару және атқару жүйесіндегі талаптар мен міндеттерді мысалмен байланыстыра отырып жеткізді. Сондай-ақ Жамбыл жерінің табиғи және географиялық артықшылықтарын атап өтті. Сан жылдық еңбек тәжірибесі қалыптасқан химия өндірісі мен ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек еткен облыс әкімі Жолдауда айқындалған білім саласына қатысты бағдарламаларға кеңірек тоқталды. Мұнда орта білім сатысындағы оң өзгерістер, жоғары білім беру жүйесіндегі жаңалықтар да назардан тыс қалған жоқ.

 width=

– Біз де бала болдық, студенттік кезеңді бастан өткердік. Мектепте сабақтан кейін спортпен шұғылданатынмын. Кейін Ленинград ауыл шаруашылығы институтында оқып жүргенімде сабақ арасында жұмыс істедім. Стипендиямыз 40 сом, 30-35 сом жалақы алатынмын. Әскерге барып келген соң, оқуымды жалғастырып жүріп, бір оқу корпусының коменданты болдым. Жастардың бойында күш-қуаты көп, оны елге, ата-анаңа пайдалы іске жұмсау керек. Күні ертең осы елдің иесі сіздер боласыздар. Елге қызмет етесіздер. Студенттер арасында өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыруға қатысты жаңа жобалары, тың идеялары бар жастар болса, тыңдауға дайынмын, – деді Нұржан Молдиярұлы.

 width=

Білім қуған жастарға арналған лекциядан кейін өңір басшысы Нұржан Нұржігітов студенттерге сұрақ-жауапқа көшуді ұсынды. Жастар облыс әкімінен мамандық таңдауда берер кеңесін, қазіргі қоғамдық формация, әлеуметтік желінің өмір сүру дағдысына әсері туралы көзқарасын сұрады. Тіпті білім алушылар арасында экономиканы тұрақтандыруда шетелдік инвесторларды тарту үшін қандай қадамдар жасалып жатқандығын білгісі келетіндер де табылды. Оқуға ынталы жастардың әрбір сауалына іждағаттықпен жауап қатқан Нұржан Молдиярұлы игі шара соңында студенттерді тынбай еңбек етуге үндеді.  

Есен ӨТЕУЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар