Оларды қалай асыраймын? (әзіл-шыны аралас)

Оларды қалай асыраймын? (әзіл-шыны аралас)
ашық дереккөз
Оларды қалай асыраймын? (әзіл-шыны аралас)
Таңқыбайдың әйелінің аяғы ауыр. Төрт қызы бар. Енді, міне, тағы да жүкті. «Бір ұл керек қой» деп ұмсынып, Таңқыбай да тоқтар емес. Құдайдан жалынып, жалбарынып сұрайтыны – бір ұл. Сөйткен, Таңқыбайым елең-алаңда сөлпиіп есік қағып тұр. – Тілеуіңді бергір, Тәкежан, әйелім толғатып жатыр. Көлігің бар ғой. Тездетіп перзентханаға жетпесек, болмайды. Қараң өшкір қалада сенен басқа кімім бар. Досым деп саған келдім, – дейді. Мен не дейін. «Жазған құлда шаршау жоқ», ілбіп алдына түстім. Перзентханаға да жеттік-ау, әйтеуір. Күтіп отырмыз. Таңқыбай Құдайға жалбарынып, шекесі торсықтай бір ұл сұрауда. «Досымның тілегін бере гөр!» деп, ішімнен тынып мен отырмын. Бір уақытта доғдырдың домалақ басы көрінді. – Сіздер кім боласыздар? – деді салған жерден. – Мынау – әкесі, ал мен – оның досымын,– деп таңдайым тақ ете қалды. Сол-ақ екен доғдыр «Құттықтаймыз, әйеліңіз ұл босанды» деп, Таңқыбайдың арқасынан қағып қолын қысты. Таңқыбай байғұста ес қалмады. Елпелектеп кетті. «О, Құдайым, бар екенсің ғой. Рахымы шексіз Алла, рақмет, рақмет саған!» деді де, «Сүйіншіңіз дайын, міне» деп 2 мың теңгені доғдырдың қолына қыстырды. Сол-сол екен доғдырдың өңі өзгеріп, мұрнын тыжырайтып қалды. Сөйтті де «Мұны еден жуып жүрген кісіге бере салыңыз» деп, жақтырмаған қалпы, жөніне кетті. Байқаймын 2 мың теңгені пұл деп, менсініп тұрған жоқ. Тек кетіп бара жатып: «Бағың бар екен, бір емес, үш ұл туды әйелің», деді. Қуанышы қойнына сыймай, жайнап тұрған Таңқыбайым осы кезде еңіреп жылап жіберді. Қуанған мен қайғырған бірдей деген осы да. – Міне, бауырым, ақ түйенің қарны жарылды деген осы да. Үшем құтты болсын! Құдай тілеуіңді берді. Бір ұлға зар болып жүр едің. Енді, міне, бірден үш ұлды болдың, – деп шын ықыласымды білдіріп, шыр-пыр болдым да қалдым. Бірақ Таңқыбайым еңіреуін тоқтатар емес. Жылаған былай тұрсын, өкіріп, өкси бастады. «Өй, саған не болды, сонша? Қуаныштан көз жасыңа ерік бергеніңді түсінемін. Болды енді. Одан да сүйінші сұрайық, ағайын-туыстан», дей бердім шыдамым таусылған мен. Осы кезде Таңқыбайымның «Тәкежан, мен сүйініштен емес, күйініштен жылап тұрмын», – демесі бар ма күйдіріп. – Тәйт ары. Не деп тантып тұрсың?! Күйініші несі? Бір ұл деп едің, міне, үшем дүниеге келді. Бұдан басқа қандай бақыт керек саған, – дедім бастырмалата. – Тәкежан, тыңдашы. Мен сарыла, сарғая он жыл бойы бір бала күттім. Құдайдан шын көңіліммен сұрадым. Енді үшемді қайтіп асыраймын. Төрт қызымның тентіреп жүрісі – анау. Менің жұмыссыз жүрісім – мынау. Жатақхананың қуықтай бір бөлмесінде қалай күн көреміз? –деп еңіреп жіберді ерім. – Ой, қоя тұр. Сен де қайдағыны айтады екенсің! Үшем дүниеге келген соң, әкімдік те қарап қалмас. Оның үстіне әйелің «Батыр ана» атанады. Алтын алқа алады. Көр де тұр, тілеуіңді берер тәңір. Үш бөлмелі пәтер алып, ырғап-жырғап қаласың әлі. «Бір тоқты туса, бір түп жусан артық өседі» деген, – дедім. – Солай ма? –деп көз жасын сүрткен Таңқыбайым қазір мен жап-жаңа үйдің кілтін қолына ұстата салардай үмітпен қарады. «Кеттік онда қалтамда қалған 1 мың 500 теңгеге бірдеңе алып, жуайық», – деді. – О, жылай бергенше, бағаналы бері солай демейсің бе? Қуаныш ортақ, жусақ, жуайық, – деп Тәкеңнің артынан томпаңдап ердім. Екеуміз ентелеген бойы «Кафе, қайдасың?» деп тартып отырдық. *** Араға алты ай салып, Таңқыбайды аялдамадан жолықтырдым. Ұнжырғасы түсіп кеткен. Жеті баланы жеткізу оңай ма? Ебіл-дебілі шығып кетіпті. – Не болды, қалың қалай?–демеймін бе баяғы жөн сұрап. – Әй, бәрі құрысын! Құдайдан бала тілеп нем бар еді. Төрт қызымды жетілдіре алмай жүргенде, енді міне, үш ұл қосылды. Әйелім де, мен де ұйқыны қойдық. Тар бөлмеде түрегеліп ұйықтайтын халге жеттік. Әсіресе қыздарыма обал болды. Бізді аяп, олар да жатпайды. «Сіздер демалып алыңыздар» деп бәйек болып, көз ілмейді, – деп зарын айта бастады. – Қалалық әкімдік не дейді? – Не деуші еді, олар? «Үшемді біз үшін тудыңдар ма? Өздеріңде төрт қыз бар екен, жатақханада тұрасыңдар. Үшем туылды дегенде асылып өле қалмадыңдар ма? Қайда тұратыныңызды білесіз, тудырып неңіз бар?» дейді. Асылып өлмейсіз бе дейді. Расында сөйтейін десем, әйелім мен балаларымнан обал. Мені жерлейтін жер таба алмай ұяттан жер бола ма деймін де. Жарайды автобусым келді. Балаларға сүт апаруым керек. Кеттім, – деп Тәңкібайым аузы-мұрнынан шығып, ентігіп келген автобустың артқы есігіне жармасты. Жармаспағанға көлік те жоқ, сүт те жоқ. Қайтеді, енді? Ол кетті де қалды. Менің көңілім әлем- тапырық. «О, Құдайым-ау, дүние не болып барады? Шынымен баладан безетін кез келді ме? Бізде 15 миллион халық, Қытайда 1,5 миллиард, Ресейде – 150 миллион. «Мәңгілік ел» дейміз-ау. Әне, халқы көп Қытай мен Ресей мәңгілік ел болуы әбден мүмкін. Ал біз... Түйені түгімен жұтатын шенділер тұрғанда, Құдайын танымайтын әкімдерге не дерсің?! Ішіп-жеуден өздері тойса да, көздері тоймайтын тоң мойындар тоқтамға келмесе қиын. Жеті баласын жеткізе алмай, Таңқыбайдың елпеңдеп жүрісі мынау. Шиеттей баласын жеткізе алмай басы қатып жүрген жалғыз Таңқыбай емес қой. Не болар екен?!  

Бақытжан СОВЕТҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар