- Advertisement -

Таңдауымыз – жаңару мен жаңғыру жолы

90

- Advertisement -

Соңғы уақытта әлемдегі өзге елдер секілді Қазақстан да ауқымды саяси-экономикалық өзгерістерді, жаңа тарихи кезеңдерді басынан өткеруде. Осы сындарлы уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салмақты саясатымен, байыпты басшылығымен және жігерлі жауапкершілігімен әрдайым халқымен бірге екенін көрсетіп келеді.

Бүкіл әлем елдері сияқты бірнеше жылға созылған пандемиядан соң етек-жеңін қайта жинай бастаған қазақстандықтар биыл жыл басынан бері бірқатар саяси оқиғаларды бастан өткерді.

«Қасіретті қаңтар» оқиғасымен басталған 2022 жыл ел Үкіметінің отставкаға кетуімен, одан кейін Мемлекет басшысының 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының жариялануымен, 5 маусымдағы бүкілхалықтық референдумның өтуімен, Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі тағы бір Жолдауымен, Қостанайда ел мен жерге айтарлықтай зардап әкелген алапат өрттің шығуымен, одан қала берсе көрші жатқан Ресейде жарияланған мобилизациядан кейін ағылған қашқындар легінің «жырымен», сол арада 21 қыркүйекте елде кезектен тыс Президент сайлауының жариялануы сияқты саяси жағдайлардың орын алуымен есте қалары анық.

Мемлекет басшысы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Менің бүгінгі бастамаларым өте ауқымды. Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек.

Біз Тәуелсіздік жылдарында небір қиындықтан аман өттік. Сын-қатердің бәрін еңсеріп, осы күнге жеттік. Енді елімізді түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі халықаралық ахуал Қазақстанға да әсер ететіні анық. Бірақ, заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз.

Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз. Біз әр шешімді мұқият саралап, әр істі байыппен жасауға тиіспіз. Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалайда жетеді. Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру», – деген сөзі елді жыл аяғында бір өзгерістердің күтіп тұрғанын, жыл соңына дейін Президенттің кезектен тыс сайлауы болатын күн алыс емес екенін аңғартқандай еді.

«Бүгінде жер жүзінде геосаясаттың дүлей дауылы соғып тұр. Сондықтан мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын және ұлттық мүддемізді қорғауды көздейтін стратегиялық бағдардан айнымауымыз керек. Негізгі міндет – осы! Біз ең басты құндылығымыз — Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Ең бастысы – еліміздің егемендігі! Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат.

Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік!» деген Мемлекет басшысы биыл 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауға өзінің де қатысатынын жариялап, алдағы уақытта сайлауалды тұғырнамасын ұсынатынын айтты. «Жақын арада мен сайлауалды тұғырнаманы ұсынамын, онда елді жан-жақты трансформациялау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі шаралар болады. Менің сенімім бойынша, біздің мемлекет өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған теңдестірілген, көп бағытты, сындарлы сыртқы саясатты жүзеге асыруы тиіс», – деген Президент 6 қазанда Астанада өткен форумда сөйлеген сөзінде Қазақстан халықаралық қатынастардағы теңдік пен демократия қағидаттарын, халықаралық құқық пен БҰҰ жарғысын ұдайы сақтауды үнемі қолдайтынын айтты.

Осының алдында Мемлекет басшысы Астанада өткен «Amanat» съезінде ұлтты ұйыстыратын жеті қағидатты мәлімдегені белгілі.

Біріншіден, Тәуелсіздік бәрінен қымбат, мемлекет мүддесі дегеніміз – халықтың мүддесі екенін айтты. Жұртты адастырып, теріс жолға салудан сақтанған жөн деді. Президент заң алдында бәрі тең екенін, басты мақсатымыз – Отанымызды өркендету екенін баса айтты. «Халқымыз «ұйымдасқан ұтады» деп бекер айтпаған. Бірлігімізді бекемдей білсек, елдігімізді сақтап қаламыз. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз» – деді ол.

Сонымен біз жаңа саяси дәуірге қадам бастық. 20 қарашада өтетін кезектен тыс Президент сайлауы, бұл – болашақ даму бағдарымызды айқындайтын аса маңызды науқан болғалы отыр. «Түрлі қоғамдық ұйымдар маған өздерінің атынан сайлауға түсу туралы ұсыныс білдірді. Мен бұған дейін Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтарап болу қажеттігін айттым. Осы ұстанымым өзгермейді.

Баршаңыз ұсынған ортақ кандидат ретінде Президент сайлауына түсу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік, – деді Президент бейсенбі күні өткен халықтық коалиция форумында сөйлеген сөзінде.

Айта кетсек, халықтық коалиция Қазақстан Президенттігіне қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидаттығын ұсынды. Тоқаев бұл ұсынысты қабыл алды. «Коалицияда басты саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың болуы өте маңызды. Себебі, онда барлық әлеуметтік топтар қамтылған», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстандықтармен бірге бүкіл әлемнің сарапшы- саясаткерлері көз тігіп, құлақ түріп отырған Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауы болатын күн де алыс емес. Алдағы сайлау – саяси үдерістегі өте маңызды дүние, ал халық үшін ерікті түрде өз қалауын білдірудің зор мүмкіндігі, қабылданған саяси реформаларды жүзеге асырудың тетігі.

Бұл сайлаудан халық не күтеді? Қазіргі таңдағы әлемде болып жатқан геосаяси күрделі ахуал заманында, әрине жақсы септігін тигізу керек. Себебі, президенттік өкілеттікті қайтадан созып алғаннан кейін, орнына заңды түрде отырғаннан кейін алдағы болатын біздің елдің даму жолындағы экономикалық, саяси, әлеуметтік жағдайларды арттыруға бұл сайлаудың ықпалы зор болады деп күтілуде.

Азаматтар осы сайлауға қатысу арқылы еліміздің саяси жаңғыруына, жаңа демократиялық модельге көшуіне қолдау білдіреді. Ең бастысы, сайлау қарсаңында жетекші саяси күштердің ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмылуы елді жігерлендірері анық.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support