Маңызды науқанға дайындық қызу

Маңызды науқанға дайындық қызу
ашық дереккөз
Маңызды науқанға дайындық қызу
Кеше облыстық сайлау комиссиясы биылғы 20 қарашаға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын қаржыландыру және сайлауға дайындықтың өзге де мәселелері бойынша семинар-кеңес өткізді. Жиынға аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, қала және аудан әкімдері аппаратының бас есепшілері қатысты. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыс әкімі аппараты бухгалтерлік есеп бөлімінің басшысы Гүлжан Дәуренова баяндама жасап, ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын қаржылық қамтамасыз ету мәселелері бойынша өңіріміздің барлық аудандарының жергілікті атқарушы органдарының қаржы саласы қызметкерлеріне алдағы сайлауды дайындау мен өткізуге байланысты бюджетті жоспарлаудың негізгі бағыттары мен шығыстарын түсіндірді. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын ақпараттандыру жұмыстары бойынша хабарлама жасаған облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мәдиева алдағы маңызды науқанның саяси маңыздылығын ескере отырып, сайлау туралы жұртшылықты неғұрлым толық хабардар ету мақсатында ҚР Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) ақпараттық-түсіндіру бейне және аудиороликтері әзірленгенін баяндады. Облыстық сайлау комиссиясы облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесе отырып әзірлеген аудио-бейне роликтер жетекші өңірлік телевизиялық және радиоарналардың эфирінде, қоғамдық орындарда орнатылған демонстрациялық экрандарда орналастырылған. Бүгінгі күні облыс бойынша 250 дана ақпараттық баннер әзірленіп, облыстағы елді мекендердің көрнекті жерлеріне орналастыру жұмыстары жүруде. Баяндамашы бұдан бөлек ОСК-ның сайлаушыларға арналған үндеулері және өзге де ақпараттық-түсіндіру материалдары жергілікті БАҚ беттерінде және АСК интернет-парақшаларында тұрақты түрде жарияланып отырғандығын атап өтті. Облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Талғат Жамалов ҚР Президенттігіне кандидаттардың сенім білдірілген өкілдерін тіркеу және Президенттікке кандидатты қолдап қойылған қолдардың растығын тексеру жұмыстары бойынша сөз сөйледі. Ол «ҚР сайлау туралы» Заңына сәйкес Президенттікке кандидатты қолдап қол жинауды сенім білдірілген адамдар ұйымдастыратынын және кандидаттың Конституциямен және «ҚР сайлау туралы» Заңында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруден кейін бес күн мерзімнен кешіктірмей ҚР ОСК беретін қол қою парақтарымен ресімделетінін хабарлады. Ортсайлауком отырысында қабылданған қаулыда қол қою парақтарын беру және Президенттікке кандидатты қолдауға қойылған қолдардың растығын тексеру мерзімдерін қысқарту көзделген. ҚР ОСК қаулысына сәйкес Президенттікке кандидатты қолдап қол жинауға арналған қол қою парақтары оның Конституция мен Конституциялық заңмен белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін күнтізбелік екі күн ішінде беріледі. Аумақтық сайлау комиссияларының Президенттікке кандидатты қолдайтын қолдардың растығын тексеру мерзімі де күнтізбелік 10 күннен 5 күнге дейін қысқартылды. Аумақтық сайлау комиссиясы, егер қол заңнама талаптарын бұза отырып алынғаны анықталатын өзге жағдайларда да сайлаушының қолын жалған деп тануы мүмкін екендігін ескертіп өтті. Облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Әбілхайыр Боранбаев ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлаушылар тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру туралы баяндама жасап, 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыстың сайлаушылар тізіміне белсенді сайлау құқығы бар 705 911 азамат енгенін хабарлады. Азаматтардың келген жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтініштері тиісті әкімдіктерге 20 қазанға дейінгі мерзімде, яғни дауыс беру күнінен бір ай бұрын ұсынылуы тиіс. Әрбiр азамат сайлаушылар тiзiмдерiндегi өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай- ақ тiзiмдердегi сайлаушы туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы. Тіркелу орны бойынша сайлаушылар тізіміне қосылуын сайт немесе тиісті әкімдіктің Call-орталығы арқылы тексеруге болады. Жиынды қорытындылаған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов аумақтық сайлау комиссияларына іс-шаралардың орындалу мерзімдерін қатаң басшылыққа алуды міндеттеп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар берді.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар