Сәуленің сәулелі жырлары

Сәуленің сәулелі жырлары
ашық дереккөз
Сәуленің сәулелі жырлары
«Өлең – сөздің патшасы» деген ұлы Абай ақындарды поэзия тағына отырғызып, бастарына жыр тәжін кигізген болатын. Шындығында, өлең – сөздің пірі екендігі ақиқат. Сондықтан да ежелгі грек ақындары: «Поэзия – Құдайдың тілі» деген болатын. Бұл дүниедегі қырық құбылатын замандардың ақиқат пердесін ашып, қынаптан суырылған қылыштай шынайы суреттеп, өлең – өмір айнасы екендігін дәлелдеген ақындардың аттары ұмытылмай мәңгі жасай бермек. Өйткені олар ана сүтіндей асыл жырларымен әдебиет әлемінің рухани қазынасының алтын сандығына өз үлестерін қосып, сан ғасырлардың құзар шың-асуларын бағындырып келеді. Ордалы ойын оймақтай сөзге қондырып, қаламына періштелер үн қосқан ақындар қазақ жерінде де аз емес. Мысалы, Абылайдай арыстанға ақыл айтқан Бұқар жыраудың мерейін тасытқан да өлең құдіреті емес пе?! Киелі семсер сөз иелерінің өкшесін басып сүбелі дүниелер жазып жүрген Жамбыл облысында талантты жас ақын-жазушылар да жеткілікті. Олар сулы-нулы өлкеміздің сұлу табиғатын, терең тамырлы тарихын, мұз жастанған таулары мен ұлан-байтақ даласын, туған жерін, алтын бесік ауылын, өз замандастарын шығармаларына арқау етуде. Әрине, сүттей ұйытып, уыздай уылжытып, жан сарайыңды тазартар кәусар жақұт жыр жазу оңай шаруа емес екені белгілі. Әсіресе, нарық заманы қысқан қиын шақта өлең жазбақ түгілі кітап, газет оқымайтын адамдар көбейген кезде иығына үлкен жүк артып, алдына ірі мақсаттар қойып, ақ қағазды ақ жайнамаздай қастерлеп өлеңге ден қойған талапкерлерді көрген сайын қуанып қалатыным жасырын емес. Сондай жастардың бірі – Қордайда тұратын Сәуле Нақысбекова. Алматы мен Астанадан, тіпті облыс орталығы Тараз қаласынан шалғай тұрса да, информатика пәні мұғалімінің өлең-жырға құштарлығы оқырмандарды тәнті етуде. Оның «Ауылым» атты жыры сүбелі сөзге, сүйекті ойға құрылған, әрі қулыққа қоңсы қонбайтын аңғал қазақы мінезімен де ыстық. «...Ауылымнан таптым ырыс-бақытты, Шабытты да... Жырдай асыл жақұтты. Туған жердің гүлін теріп, асыр сап, Өткен күннің бәрі ғажап, тәп-тәтті!   «Арал төбе» сонау қырдан қараған, Сонда жатыр бауыр, туыс, ата-анам. Күнделікті Құран оқып, еске алмай, Мен қалайша баласы болып жата алам?!.   «Құдай» деген құр алақан қалмайды, Ғибадаттық Алла жолын таңдайды. Әке... Шеше... Туған жерді ұмытқан Әулекінің бақ жұлдызы жанбайды», – деген жыр шумақтарының оқырманға берер өз ғибраты бар. Мұндай тілі жеңіл, ойы орамды, терең тебіреніспен жазылған «Ақындар туралы» өлеңі де күңгірт көңілдерге сәуле шашқан сәтті туынды. Ай мен Күндей күндіз-түні күлімдер, Бір ұлы күш бар екені білінер. Ақын болам деген ақын болмайды, Адам ақын боп туарын біліңдер!   Өмірі де ұқсамайды ешкімге, Мейлі ерте, мейлі болсын кеш мүлде. Ақын жаны қартаймайды ешқашан, Жас боп тұрар мынау жалған бес күнде.   Ақша бұлтты жалаң аяқ кешеді, Айға қарап, жұлдыз санап өседі. Саф сезімге сұлу әуен үйлесіп, Жүрегінен жұмақ желі еседі.   ...Ақын жаны тым ерекше әдемі, Өзгешелеу бар болмысы, әлемі. Табиғатты сезінем деп жүрекпен, Тауып алған, басында көп әлегі, – деген автордың айтар ойы да қаққан қазықтай дәл, ұтымды, әсерлі шыққан. Мұхаммед Пайғамбардың хадисінде: «Алланың алдында болатын істің ең сорақысы әрі жазалауға лайық – ерлі-зайыптылардың ажырасуы» деп жазылған. Некенің бұзылуына Сәуле де қарсы. Оның «Ғашық болдым басқаға» атты өлеңі де өмір шындығын боямасыз бейнелейді, шаңырақтың шайқалмауын армандайды. «Бұлбұлдың қуаты – үнінде, қыранның қуаты – қанатында, ақынның қуаты – өлеңде», – дейді халқымыз. Поэзия әлеміне атбасын бұрған Сәулеге бойға қуат, ойға қанат бітіретін әдемі өлеңдерің көбейе берсін дегім келеді.  

 Шырын МАМАСЕРІКОВА,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

     

Ұқсас жаңалықтар