- Advertisement -

Көбеюге не кедергі?

239

- Advertisement -

Көп арманымыздың бірі – көбею. Бұған мүмкіндігіміз мол бола тұра, әлі межеге жете алмай келеміз. Халық денсаулығын сақтау жылдан жылға дамып келеді. Көпбалалы отбасыларға бөлінетін әлеуметтік жәрдемақы елімізде көп мемлекеттермен салыстырғанда көш ілгері. Ал онда көбеюге не кедергі? Осы сауалды алдымызға көлденең тартып көрдік.

Дүдәмал ой тастауымызға бірнеше фактор себеп болып тұр. Мәселен, осыған дейін қазақтардың 1930 жылдардағы аштықтан ең көп жапа шеккен халық екенін айтып келдік. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, 1926 жылы қазақтың саны өзбектен 10-15 пайызға көп болған. Тіпті түркі халықтарының ішінде Осман империясынан кейін саны жағынан қазақ ұлты екінші орынды алатын.

Белгілі демограф, марқұм Мақаш Тәтімов ағамыздың: «Егер аштық болмағанда, біздің санымыз қазір 32-35 миллионнан асып, оның 28-30 миллионы Қазақстанда тұратын еді…» деген өкініші де есімізде. Иә, сөйтіп, Екінші дүниежүзілік соғыстың салдары мен тың игеру жылдарындағы қиындықтар қазаққа үлкен қасірет әкелді.  Алайда тәуелсіздік бізді осы бір ғасыр бойы бастан өткерген қиындықтардан құтқарды емес пе? Онда неге азбыз?

Осы жерде еңсемізді басып, басымызды көтертпей отырған бірнеше мәселенің ұшы шыға бастайды. Оның алғашқысы – экологиялық ахуал. Белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қазақтың көбеймеуіне экологияның бұзылып, қоршаған ортаның ластануы үлкен әсер етіп жатыр дегенді айтып жүр.

Белгілі ақын Олжас Сүлейменов ұрпағымыздың азаюына табиғаттың бұзылуы себеп деп, нақты мысалдар да келтіреді. «Қазақ халқы репрессиядан бөлек 40 жыл бойы Семей полигонының қасіретін шекті. Оның залалы әлі де сезіледі» деді ол. Оның үстіне, ұзақ уақыт үздіксіз мұнай мен жер қойнауынан қазбалы байлық өңдеуден де табиғат әбден ластанған. Мұның бәрі тұрғындардың денсаулығына кері әсер етеді.

Экологияның бұзылуынан қазір елімізде ұрпақ сүйе алмай жүрген жастар да, жарымжан болғандар да көп. Ал қоғам қайраткері Амангелді Айталы халықтың басым бөлігі осы қалыптасқан жағдайға келісетінін айта отырып: «Сондықтан дер кезінде экологиялық мәдениет қалыптастырып, қолдағы барлық мүмкіндікті пайдалана білу маңызды» дейді.

Бұл – бір. Екіншіден, бұрын әр қазақтың шаңырағында кемі 5-6 қара домалақтан дүниеге келіп жатса, бүгінде ондай отбасылардың санын саусақпен санайтындай күйге жеттік. Денсаулық пен біз әңгіме еткен экологиялық жағдайды алға тартатындарды айтпағанның өзінде, бұған әлеуметтік жағдайдың қатты әсер етіп отырғанын аңғарамыз.
«Баламыз көп болса, оларды жеткізсек» деп, көбеюді мұрат тұтып қосылатын жастар жағы азайды. Үйленбей жатып, үйінің іргесін сөгетін, жауапкершілігі аз отағасылар көбейді. Баланы бірінші орынға қойып, тек соның жолында бәріне дайын аналар азайды. Мойындасақ та,
мойындамасақ та қоғамның шындығы – осы. Өйткені дәл қазір ажырасудан ТМД елдері арасында алғашқы ондықтамыз.

Мемлекет халық санының көбеюін құптап, көпбалалы отбасыларды қолдап отырғандай көрінгенімен сөз бен істің арасы алшақ. Үкіметтің демографиялық саясатына көптің көңілі толмайды. Мәселен, 2011 жылы Демографиялық саясат тұжырымдамасының қолданыстағы заңды күшінің мерзімі аяқталды, бірақ бұдан кейін оның жаңа бағдарламалық құжаты жасалған жоқ.

Мәжіліс депутаттары ана капиталын енгізу туралы ұсыныс көтергенде Үкімет бұл ұсынысты Қазақстанда бала туу көрсеткіші онсыз да жоғары деген желеумен қабылдамады. Оның үстіне билікте де, бұқарада да көпбалалы отбасыларды масылдық психологиямен байланыстыратын шолақ ойлар мен айыптаулар жиі айтылатын болды. «Баланы асырай алмаса несіне табады?» деген сұрақтың дәуірі жүріп тұр. Ал мұның бәрі онсыз да көп емес қазақтың басына шоқпар болып тиіп отыр.

Өзіміз демографияға дем сала алмай отырған қоғамда оған қауіп төндіріп отырған бұл бірнеше мәселенің шешімін Үкімет қолға алмаса тағы болмайды. Жоғары жәрдемақы, қолайлы салықтық жеңілдіктер, қолжетімді балабақша, сапалы медициналық қызмет, ата- анасының лайықты табыс табуы және тағы басқа да қажеттіліктер толық ескерілетін әлеуметтік пакеттер жасалу керек. Сонда әр азамат өз отбасының демографиялық саясатына өзі жауап беретін болады.

Түйін: Халық санының 19 миллионнан асқаны мен былтырғы «бэби-бум» көңілді тоқ қылатындай көрсеткіш емес. Біз әлі азбыз. Көбею керек, көбею керек және көбею керек!

 

Гүлжан РАХМАН

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support