- Advertisement -

Дана Шерхан мен бала Шерхан

326

- Advertisement -

Осыдан он жыл бұрын жерлесіміз, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 80 жылдығы Жуалы ауданында жоғары деңгейде аталып өтті. Іс-шара Қайрат ауылындағы Бауыржан Момышұлы саябағында ұйымдастырылды. Елу киіз үй тігіліп, үлкен сахна орнатылды. Республиканың түкпір-түкпірінен қонақтар келді. Шер-ағаң ортада. Елдің игі жақсылары қасында болып, қуанышына ортақтасты.

Сахнада Шер-ағаңның құрметіне арналған негізгі іс-шара аяқталып, соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Содан кейін қонақтар киіз үйлерге қарай аяңдай бастады. Ал қонақтарға арналған дәліздің бойы үлкен-кіші адамға толы болатын. Бәрі де Шер-ағаңды жақыннан көріп, амандасып қалғысы келіп тұр. Бірақ жазушыны қаумалаған топ ортаға ешкімді жібере қоймады. Тек ортада фотоаппаратпен, камерамен жүрген журналистер ғана Шер-ағаңның әр сәтін жарыса таспаға басып жатыр. Бір кезде жеті жасар бала ортаға жүгіріп шығып, «Ассалаумағалейкум, Шерхан ата», – деп қолын созып, титімдей алақанын ұсынды.

Шер-ағаң да, оны қаумалаған жұрт та кілт тоқтап қалды. Арттағылар не боп қалды деп алдыға қарай ұмтылса, дәліз жасап тұрған жұрт бір сәтте екеуін қаумалап қоршай алды.

…Бүгінде Шерхан Мұртазаның алдынан жүгіріп шыққан кішкене Шерхан қазір студент. Сол оқиғаны бала Шерхан бүгін де тебіреніспен былай деп еске алады.

– Сол күні Шерхан атаның тойына досым Әліби екеумізді анам ертіп барды. Алғашқыда көппен бірге концерт көрдік. Содан кейін анам бізді қазір осы арадан Шерхан аталарың өтеді, ол кісіні жақыннан көресіңдер деп қонақтар жүретін дәліз бойына тұрғызды. Сахна жақта атаны алыстан көрген мен, енді жақыннан көретін болдым деп қуанып тұрмын. Әрі әкемнің: «Тойда Шерхан атаңды көріп қалсаң, «Ассалаумағалейкум, Шерхан ата, туған күніңізбен құттықтаймын!» деп құттықта» деп айтқаны жадымда тұр. Бірақ атаны қаумалаған жұртты көргенде оның қасына мені кім жолата қояды деп ойлаған болатынмын. Шыны керек, бәрі ойламаған жерден, аяқ асты болды да кетті. Ата бізге қарай жақындап қалғанда, әкемнің айтқанын орындайын деп батылданып, ортаға жүгіріп шықтым. Сөйтіп Әбілқасым атам үйреткендей қос қолымды ұсына:

– Ассалаумағалейкум, Шерхан ата, туған күніңізбен, – дедім.

– Көп жаса балам, атың кім? – деп жазушы ата маған мейірімін төге қарады.

Бұл кезде айнала тұрған жұрт бізді қоршап алған еді.

– Атым Шерхан, – дедім тақ етіп.

– Ой, айналып қана кетейін балапаным, бақытты бол, өмір жасың ұзақ болсын, оқуда озат, еңбекте абыройлы бол, – деп бауырына басып, маңдайымнан мейірлене сүйді. Мен үшін бұл естен кетпес сәт. Шерхан атадан бата алғаныма мен қуанып, әркез достарыма мақтанып айтып жүремін. Алла қаласа атам айтқандай елімнің айтулы азаматы болу үшін аянбай оқып, еңбек етемін деген ойдамын, – дейді Шерхан Нарбайұлы.

Ал Шерхан атасынан бата алған ұлының сол сәтінің куәсі болған Нарбай аға да бұл сәтті ұмытпайтынын айтады.

– Шерхан Мұртазаның 80 жылдығын атап өту үшін қызу дайындалып жаттық. Сол күндері үйге кеш қайтып жүрдім. Тойдың алдындағы күндері үйге келсем кенжем ұйықтамай мені күтіп отыр екен. «Әке, қайда жүрсіз, мен сізді сағынып кеттім» деп жүгіріп келіп мойныма асыла кетті. Шерхан атасының тойына дайындалып жатқанымды айтып отырып, ертең тойда Шерхан атаңды көріп қалсаң, туған күніңізбен деп құттықта дедім. Жұмысбасты болып жүріп ол айтқанымды ұмытып кетіппін. Қонақтарды бастап, Шер-ағаңмен бірге келе жатқанмын. Бір кезде жолдың ортасында бәрі кілт тоқтап қалды. Не болып қалды екен деп алға ұмтылдым. Сөйтсем балам атасына сәлем беріп тұр екен. Шынымды айтсам қуанып қалдым. Осы балам дүниеге келгенде есімін өзім қойған едім. Алғашында атын ырымдап Бауыржан қойғым келді. Кейіннен аты қазаққа әйгілі Шер-ағаңның есіміне тоқталып, Шер-ағаңдай азамат болсын дедім. Балам Шерханға Шер-ағаң берген батасы қабыл болсын деп тілеймін, – деді Нарбай Әбілқасымұлы.

Бүгінде Шерхан оқу озаты. Жазғы демалысында ол бірнеше кітап оқыпты. Соның ішінде Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» әңгімесі мен «Ай мен Айша» романы да бар.

 

 Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support