- Advertisement -

Шер Шерхан (эссе-толғау)

104

- Advertisement -

Алашымда ерлер көп елім деген,
Елім бар ұландарын ерім деген.
Ақиқатты ту еткен Мұртазаұлын
Мақтан тұтып «Шерханым – Шерім!» деген.

Азан айтып қойылған Шерхан есім
Тасытты тауға өрлетіп несібесін.
«Шер» сөзі арыстанның атауы еді,
Япырмай, тапқандай-ау енді иесін.

Арыстандай айбатты болған Шерім
Шешендік сөз көсемі еді серім.
Еркін ойлар айта алған жазушының
Роман, повесть, эссесі – үлгі керім.

«Қызыл жебе» деп атап, роман жазды,
Тұрар жайлы баян қып көпті-азды.
Жебе болып атылған өзі еді-ау:
Советтердің сездірмей көрін қазды.

«Ай мен Айша» повесі – ғасыр мұңы,
Іздеп оқыр бүгінде ел бар мұны.
«Қазақтың қақ жартысын қырғын қылған
Қоғамың соқыр тиын» деді «құны».

Туды деп ана тілге қатерлі күн,
Шерхан тағы көтерді арыстан үн.
Ақыл сап Парламенттің мінбесінен
Мемлекеттік тіл жайлы ағылтты сын:

«Қазақ тілі еш тілге серік емес,
Русь тіліне және де жерік емес.
Мемлекеттік тілмен тең дейтін мәні
Заңдағы тіл тұғыры берік емес».

Деп, шіркін, туған тілін қорғалаған
Сөзінен қанды жасы сорғалаған.
Жалтақсыз әділ айтқан тіл батырын
Қазақ жоқ жаны қоштап қолдамаған.

Елім деген ер Шерхан Мұртазаның
Көмегі көп көтерген ой қазағын.
Алтайдан алып келіп, ел ері етті
Оралхан Бөкеевтей ой қазанын.

Фариза Оңғарсынның ашқан жолын,
От қыз жыры жібіткен заман тоңын.
«Шерханның шекпенінен шықтық» дейтін
Өсірген сөзге шебер дарын тобын.

Бүгінде Шерхан ізі нұрын шашқан,
Бір кем дүние арман боп өткен бастан.
Қос ғасырдың зары бар мұрасына
Еркінше сыйып тұр-ау Жер мен Аспан.

Ақиқаттың ақ туын тіккен биік
Шерханды жыға алған жоқ ешкім иіп.
Қаза қылды қақ жарған Төле бидей
Шешенін еске алады елі сүйіп.

Шерағаңды жыр ету – менің бағым,
Ұлтжандығын құрметтеу – менің арым.
Сөзінің тамырында – менің қаным,
Сөзінің жүрегінде – менің жаным.

Мен дегенім – елім ғой Қазақстан,
Бүгінде ұстанатын жаңа ұстам.
Ұлт болмысы сапасын арттыруда
Шерхан сөзі елімен бір табысқан.

 

Совет ДҮЙСЕБАЕВ,
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support