- Advertisement -

Қайсар қайраткер

125

- Advertisement -

Жаратушының адамзат пешенесіне бұйыратын мағыналы ғұмыры бар-жоғы жиырма-отыз жыл шамасында екен. Кісі пендесінің қалған уақыты ес жиып, етек жабумен және тамақтану, ұйықтау сияқты нәпсілі харекеттермен өтетін көрінеді. Жан атаулының барлығы да ас ішіп, көз іліндіретін табиғат заңына мойынсұнатыны белгілі. Дейтұрғанмен асқар тұлға – Асанбай Асқаровтың басып өткен өмір белестеріндегі мағыналы ғұмырының әр сәті де текке өтпегеніне біздің көзімізді жеткізеді.

Асекеңнің көшелі іске ұйтқы болған көсемдігі, шешіліп сөйлейтін шешендігі, ғалымдық кемеңгерлігі мен ұстаздық тәлімгерлігі, ақынға тән ұшқыр шабыты, саясатшыға тән ұстамдылығы, кесімді пікір, кесекті ойымен баурайтын жазбалары, қанатты сөздері – осының бәрі де мағыналы ғұмырының мәнін аша түсетіндей.

Талант туғаннан бойға бітеді. Әрбір жан иесі пешенесіне жазылған осы бармақтай бағымен өмір есігін ашса да, есейе келе бұл қасиеттері дараланып, азаматтың тұлғалық келбетіне ажар беретіні көп емес. Жарты ғасырлық еңбек жолының тең жартысында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, соғыс өртін де көріп, қарапайым солдаттан комиссар дәрежесіне көтерілген Асанбай Асқаров – тумысынан берілген таланты арқылы кемел биікке көтерілген аз тұлғаның бірегейі.

Асқар тұлға ағамызға талантты қаншалық үйіп-төгіп берсе, жаратушы оның тағдырын да мейлінше күрделі еткенге ұқсайды. Бала жасынан-ақ әкеден айырылған ұл өмірдің ащысын ерте татады. Бірақ намысын қайрап, тез есейіп, жұрт ісіне жастайынан жегіле- ді. Ұстаздықтан басталған еңбек жолы – комсомол қатарынан аудан басшылығына, кейіннен облыс деңгейіне дейін ұласады. Жиырма алты жыл бойы облыс басқарып, елге еңбек етудің бөлекше үлгісін қалыптастырады.
«Ел дегенде езіледі жүрегім,
Елімді мен бақытым деп білемін».
Сөз жоқ, Асекең – елін, жерін жан жүрегімен қалтқысыз сүйген
жан. Ұлтына деген ұлы сезімін өн бойына өлшеусіз сіңірген тұлға. Халқының бақытын өзінің бақытына балаған басшы. Бұған Асекеңнің ел мұраты үшін атқарған игілікті шаруалары толық дәлел.

Асекең атқа мінген жылдарда ел-жұртының шын жоқшысы болды. Алмас қылыштай өткірлігімен ешкімнен тайсалмай асқақ үн қатып, батыл істерге барды. Сол үшін де ол барлығына бірдей жақпады. «Өз халқының мұң-мүддесін түсінген адамды ұлтшыл деп кінәлауға бола ма?», дейді Асекең, – Өйткені адам ұлттық сана сезімге көтерілмейінше интернационалист бола алмайды. Халық қалай итере салсаң, солай жығыла салады деп есептейтіндер қателеседі. Халықтың күші оның ұлттық сана-сезімінде екенін ұмытпау керек… Халықтың өзіне тән категорияларымен ойлайтын адам елінің мүддесінсіз өмір сүре алмайды. Өз халқын сүю басқа халықты да сыйлауға итермелейді».

Өмір сүрудің осы принципі біздің ойымызға Алаш арысы – Міржақыпты оралтады. Балақтан бөрі, жағадан жау жармасып, «жаусың» деп жаналқымнан алғанда Жақаңның ашына жазатыны бар еді: «Бізде қазір шын коммунист болдым деп отырғандар – кешегі ұлтшылдар. Мұнан кейін де шын коммунист болуға жарайтындар – тағы да сол бұрынғы ұлтшылдар» , дейді.

Екі арыстың ой толғамындағы осы үндестік, осы тамырластық «Халыққа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген Әлекең (Әлихан Бөкейхан) философиясына еріксіз әкеліп жүгіндіреді. Жеке болашағын халқының келешегімен тығыз байланыстырған Асанбайша айтсақ, «Өз халқының жайын өз ұлы түсінбесе, кім түсінеді!?» Ендеше, Асекең халқын шын сүйген ерекше тұлға болды.

Асекеңнің халқына деген риясыз сүйіспеншілігі бақай есеппен күнелткен әлдебір жандайшап опасыздарға таптырмас пұрсат берді. Олар осы бір алмағайып кездің осал тұсын сәтті пайдаланып, арызды қардай боратты. Әрқашан таланттылардан қаймығып келген коммунистік режім Асекеңнің ұлтына деген қалтқысыз пейілі мен «іскерлігінен» сескеніп, егде тартқан шағында есіл ерді істі қылады. Тоталитарлық өктемдік пен шовинистік менмендікке көре алмаушылық пен күндестік қосылады. Ақыры есіл ер егде тартқан шағында төрт жыл, төрт ай тар қапаста отырды. Саналы ғұмырын түгелге дерлік ел игілігі жолында сарп еткен, сол үшін Социалистік Еңбек Ері, Ленин ордені, «Еңбек Қызыл Ту» ордені сияқты басқа да толып жатқан атақ-марапаттар иесі осылайша әп-сәтте «зиянкес» болып шыға келді. Мұны сол кездің трагедиясы дегеннен басқа айтарымыз жоқ, әрине. Әйтпесе, арда өскен асыл азаматтың ел- жұртын көркейтуден басқа жазығы жоқ еді. Сұрақ көп, жауап жоқ…

Асекеңнің осынау өмір жолдарын көңіл көкжиегімде толқытып, абыз аға туралы ойға шомғанымда жүрек түкпірімде «Нар тұлға жазықсыз жапа шегіп, төрт жарым жыл тас түрмеде қамалмағанында ұлтының мерейін арттыра түсетін тағы да талай игі іске бастамашы болар еді-ау» деген өкініш шарпиды. Әрине, бұл біздің пенделік ойымыз, өзекті өртеген жүрек сырымыз. Бәлкім, Әбділда ақын Тәжібаев айтқандай көп қинаған, қорландырған түрменің Асекең поэзиясына берген олжалы жағын да көре білуіміз керек шығар? Талант иесінің өзі де: «Қалай дегенде де өткен күндерге өкінішпен қарай беру жараспайды. Қоғам, орта, жалпы жұрттың ықыласымен жүріп, дамығанымен оның әр алуан қырлары адамның еркіне көне бермейді» депті ғой. «Жаратқан да пендесіне көтере алатын тағдыр нәсіп етеді» деген рас та шығар, бәлкім…

Амал нешік, қазір бізде халқының жайын емес, қарақан басының қамын күйттеп кеткен бишікештер мен олигархтар аз ба?! Осындайда, әттең, аса байлары көп, «Асанбайлары» жоқ дүние-ай дейсің!
«Ер жігіттің басына не түспейді,
Сен мені ойлай берме, жасымағын»
Асекең адал жары Фатима апайға жолдаған өлең жолдарын
осылай құрады. Өзінің түбі ақталатынына иланды. Ақиқаттың жеңетініне күмәнсіз сенді. Оны жүрек түкпірінен шыққан мына өлең шумақтары растайды:
Елімді ойлап сөгіледі қабырғам,
Намысым мен арым артық
жанымнан.
Елім-жұртым ақтығыма сеніңдер,
Ұлың едім адалдыққа табынған.
Сен арқылы елге сәлем жолдаймын,
Жарты жолда егіледі бордай кім?
Қазір мейлі кім не десе, о десін,
Тірі болсам өзімді-өзім қорғаймын!
Бір жақсысы, асыл азамат морт сынған жоқ. Бойындағы қуатын
ойындағы жыр шумақтары арқылы көрсетті. Төгілдіріп жыр жазды.

Бірақ Асекеңдей арысты күйіндіргені, жанын ауыртқаны дұшпандарының жаласы емес, сенген серіктерінің өзінен теріс айналғаны, бетін басқаға бұрғаны болды. Мұны ақын өз өлеңінде былай жеткізеді:
Айтшы досым,
Болады заман қандай?
Айтысуға барады шамам қалмай.
Мынау өмір шынымен толғаны ма?
Табандары тайғанақ адамдарға-ай!
Кімге айтамын сырымды,
Кімге сенем?
Қайтып қана көгерер бұл көсегем?
Сатып кетті сыртымнан
кейбір сабаз,
Тамақ ішкен бір аяқ,
Бір кесемен…
Бұл жақсылық бар жерде жамандық болатынын, адалдық пен арамдық қатар жүретінін тағы да дәлелдеді. Тағы да дейтінім, осыдан бір ғасыр бұрын Ахаң да: «Қиын емес, абақтыға жапқаны, Қиын емес дарға асып атқаны. Маған қиын осылардың бәрінен, Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны,» деп опынған екен.

Өмірдің тәттісін де, талқысын да теңдей татқан Асанбай аға ғұмыры бізге ұлт үшін күюдің оңай еместігін ұғындырады. Өйткені тарихтың қай бетін парақтамайық, жұрты үшін жанын салып, елі үшін терін төккен арлы арыстардың атына күйе жағылмағаны аз болмапты.

Асекеңнің қолтаңбасы да айрықша. Көзімен көрген, жүрекпен түйсінген өмір құбылыстары, сыр-толғамдары қамтылған бірнеше кітабы жарық көрген. Олардың ішінде «Тағдыр», «Көзқарас», «Ұлы Тұранның ұлдары» атты ғұмырнамалық, публицистикалық, тарихи пәлсапаға толы еңбектерін оқып отырып, кемел білім мен терең ойдың қазынасына құнығып кеткеніңізді сезбей қаласыз. Оқыған сайын жан-дүниеңмен беріле түсесің. Ал «Жұмақ пен тозақ жырларына» ой тоқтатқанда: «Пах, шіркін! Ақын осындай болсайшы» деп, жырдың мөлдірлігіне, жүректің көзін дөп басатын шеберлігі мен өлеңдегі ұйқастың өткірлігіне тәнті болмасқа еш амалымыз қалмайды.

Маған «Асекең тек шығармашылықпен шұғылданғанда талантты жазушы, танымал әдебиетші болатыны шүбәсіз-ау» деген ой келеді. Бұл, әсте, Асекеңнің қолдағы еңбектерін олқысынғаннан емес. Керісінше, сүйсінгендіктен, қалам қуатына толық иланғандықтан туған ой дер едім.

Еңбекпен ержеткен ер зейнет демалысына шыққанда да қол қусырып қарап отыра алмады. Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Бәйдібек-Сыланды» қоғамының және Мұхаммед Хайдар Дулати қорының Президенті міндеттерін атқарып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Бұл Асекеңнің жұрт жұмысы мен қауым харе- кеті үшін жаратылған айрықша жан екенін аңдатады. Егер, «Мен шаршадым, оңаша болуға мұрсат беріңдер» десе, Асекең биігі еш аласармас еді ғой. Жоқ, олай істеген жоқ. Қашанда халық үшін күш- қуатын аянбай сарп етті.
Сөз арасында айтудың реті келеді, бізде билік тізгінін ұстаған басшылар аз болған жоқ қой!? Алайда билікте жүрген кезінде қолпаштауды көп көргенімен, тізгін тапсырып, тақтан түскен соң олардың халық қаперінде қалғаны, жұрт назарында жүргені аз.

Есте қалғанынан ұмытылып жатқандары көп сияқты. Керісінше, ел ардақтысы Димекең мен Асекеңнің жұрт жүрегінен түпкілікті орын алуы неліктен? Меніңше, бұған Асекеңнің: «Халқымнан айналайын. Халқым үшін керек болса, қазір де садаға болуға дайынмын. Халқымнан басқа күннің де, түннің де маған керегі жоқ. Халқым аман болса, мен де аманмын. Мен халқымның арасындағы бір қауызымын. Халқым парықтайды. Түрмеден мені шығарып алған да осы халқым деп ойлаймын» дейтін риясыз жүрек сыры толық жауап беретін тәрізді. Халқының шын жанашыры, елінің шын тілекшісі, сол жолда жанын да, малын да құрбан қылуға, өзін садаға етуге дайын адам ғана халықтың жадында мәңгі сақталады. Жалпақ жұрттың Асекеңе араша түсіп, «Асанбайды құтқару комитетін» құрулары себебінің сыры осында жатса керек.

Асекең бір тұста Димекеңмен екеуара әңгімесін былайша сабақтайды: «Орысты ренжiтсең, Мәскеуге шабады. Қазақты ренжiтсең, қайда шабады? Өзiңнiң алдыңа айналып келедi, Асанбай. Орыстың артында тұрған Мәскеуi бар. Қазақтың артында тұрған Мәскеуi жоқ. Қазақтың Мәскеуi – бiздермiз, Асанбай. Қолыңнан келгенше қазақты жылатпауға тырыс. Қорлыққа берме. Қорлыққа көнген халық зорлыққа да көнетiн иiсалмас, ынжық болып ке- тедi. Ұлт өзiнiң мүддесiн өзi қорғай алатын дәрежеге жетуi керек. «Кезiнде қазақтың жанын сақтап қалсақ екен…» дедiк қой. Бiз ол дәуiрден өттiк. Ендi қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек!» дейтiн маған Димекең» деп еске алады.

Осы сөз бұл тұлғалардың халық жүрегінде мәңгілікке қалатынының түпкі себебінің кілтін ұстатқандай болады. Қазақ мемлекетінің бекемдігі үшін белін буып кіріскен, Алаш жұртының өркендеуі жолында жанын салып жұмылған, сөйтіп, жаңғырған жа- ңа қоғам құруға бір кісідей терін төгіп, еңбек еткен Асанбай Асқаров ағамыз тірі болса жүздің жүзін көрер еді. «Жақсының аты өлмейді» деген қазақтың ой орамына сүйеніп, біз Асекең тұлғасының өз халқымен мың жасайтынына иланамыз.

Асекең – артына соны соқпақ қалдырған айтулы тұлға. Сол соқпақпен бүгінде талай жас мақсат-мұратына беттеп келеді. Оны үлгі тұтқан көптеген жеткіншек елі мен жеріне еңбек етуге құлшына кірісуде. Еңбектің ащы тері кескіндеген Асекең бейнесі уақыт озған сайын биіктей түсетіні, ұрпақ ауысқан сайын асқақтай беретіні шүбәсіз. Біз бұған кәміл сенеміз.

 

Намазалы ОМАШЕВ,

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
«Eqemen Qazaqstan» газеті, 21 қыркүйек, 2022 жыл.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support