- Advertisement -

Мойынқұмның кең жері халқына неге жетпейді?

79

- Advertisement -

Тараз қаласының төңірегінен немесе облыс орталығына жақын аудандардан жерді пайдалануға байланысты дау шықса, оны түсінуге болады. Ал енді шалғайда жатқан, көлемі жағынан өңіріміздегі ең үлкен аудандардың бірі Мойынқұмда жерге қатысты дау шығады деп ойламаппыз. Бірақ аталған аудандағы Биназар ауылының тұрғыны Еркебек Ошақбаев өзі сияқты бірнеше тұрғындардың уәжі мен жанайқайын жеткізді. Тұрғынның жеті жылдан бері қора соғып, мал бордақылау, сауын сиыр ұстау үшін 1-2 гектар жер ала алмағанын түсінуге де қиын.

ЖАС КӘСІПКЕР НЕГЕ ҚОЛДАУДАН ШЕТ ҚАЛАДЫ?

Мәселе жалпақ жұртқа түсінікті болуы үшін бірқатар ақпараттарды айта кетейік. Еркебек Ошақбаев өзі де еңбекпен өркендеп отырған адам. Сондықтан болар, 25 жастағы ұлы Нұрбол Асқар да туған жердің төсінде мал өсіріп, шаруа қожалықтың тасын өрге домалатуды көздеген екен. «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп Абай хакім айтқандай, бірақ оқудың жөні бөлек екені рас. Бірақ арнаулы оқу орнын бітірген соң, шаруа қожалық ашып, бір ауылға пайдамды тигіземін, кәсібімді дамытамын деген жігіттің ниеті құптарлық. Бұл жөнінде сол данышпан Абай: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демеді ме?

Ал ақын Мұқағали Мақатаев «Мен де кеттім, сен де кеттің, ол да кетті ауылдан, осынымыз ұят болды-ау, ұят болды- ау қауымнан…» дегенде, осы Нұрбол секілді туған жерді түлетуді көксеген азаматтарды іздеген шығар. Ендеше, мұндай еңбекқор азаматтарды неге қолдамасқа. Бірақ «Болам деген жігіттің бетін қақпа, белін бу» дегенді жергілікті атқамінерлердің ойламай отырғаны өкінішті. «Нұрбол» шаруа қожалығының төрағасы Нұрбол Асқардың иелігінде қазіргі таңда 300 қой, 50 сиыр, 20 жылқы бар. Қожалықтың қолдағы төрт түлігіне жемшөп әзірлеуге техникасы жетеді.

Аталған шаруа қожалықта 4 трактор, 2 «КамАЗ» автокөлігі, шөп шабатын және тайлайтын техникасы түгелімен бар. Міне, осындай әлеуеті бар шаруашылық неге екенін қайдам, бірнеше жылдан бері жер туралы конкурсқа қатысып, ұлтарақтай жерге қол жеткізе алмай келеді. Бұл ретте Биназар ауылдық округінің әкімі Бағдат Наурызбаевтың да жауабы қысқа болды: «Жоқ жерді қайдан табамын. Жер жоқ».

Бірақ Биназар ауылдық округінде Хантау жер қорынан берілген 1156 гектар суармалы жер бар. Оның мықтағанда жылына 110-115 гектарын ғана пайдаланып отыр. Қалған 1 мың гектар жер босқа жатыр емес пе? Соны неге жайылымға немесе техникасы барларға шөбін орып алуға бермейді деген сауал туады.

Ауылдық округ әкіміне мұндай сұрақтарға жауап беру қиынға соғатын секілді. Әкім мұндайға жауап бере алса, ауыл тұрғыны Е.Ошақбаев басқа жақтан әділдік іздемес еді. Атқамінерлер «Жер жоқ» деп жүргенде ауыл-ауылдардағы көптеген шабындықты қамыс басып, уақтылы орылмай да қалады екен. Сөйтіп, Биназар ауылынан Қамқалы ауылына дейінгі бірнеше шақырым жайылым және пайдаланылмаған егістік алқаптың шөбі бірнеше күн лаулап жанып жататынын айтады жергілікті жұрт. Биназардағы жерге қатысты мәселеге көңілі толмайтын жалғыз Ошақбаев емес. Ол жағына кейінірек тағы да тоқталамыз.

БҰҚАРА БАСШЫҒА СЕНЕДІ, БАСШЫ КІМГЕ СЕНЕДІ?!

Бір өкініштісі, 2020 жылы Мойынқұмдағы Құмөзек жер қорынан 2140 гектар жайылымдық жер конкурсқа түседі. Бұл жер негізінен Еркебек Ошақбаевтың о дүниелік болып кеткен ағасының жері екен. Осы 2140 гектар жерден бес шаруа қожалық бірнеше жыл бойы шөп орып, мал азығын дайындап келген. Ағасы марқұм болып кеткен соң, жеңгесі жерді мемлекет меншігіне қайтарған секілді. Ал бұл болса «Жеріңізді өткізсеңіз өткізе беріңіз, өзім ұтып аламын ғой. Малдың, техниканың басы бар ғой» деп сенеді. Бірақ қайтадан ағасынан қалған жерге қолы жете алмай қалады. Сол кезде конкурс комиссиясының төрағасы, сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Қалымбетов болыпты. Ал әкімнің орынбасары басқарған конкурста өзінің құдағиы Бейімбетова Құмөзек жер қорынан 2140 гектар жерді, ал Көктерек жер қорынан 608 гектар жерді ұтып алады. Ол ол ма, Қалымбетовтың әйелі 39 бас сиыры үшін 2 мың гектар жердің заңды қожайыны болып шыға келеді. Бұл деректердің дұрыстығын редакцияға арызданған азаматтар дәлелдеп бере аламыз деп отыр.

Ошақбаевтың қолынан нақты дәлелдерді, түрлі газеттерге шыққан материалдарды да көрдік. Кейінірек Қалымбетовтың әйелі сол кездегі аудан әкімінің атына өз еркімен өтініш жазып, ұтып алған 2 мың гектар жерін мемлекет меншігіне қайтарып беріпті. Оған да шүкір. Көп ұзамай Бақытжан Қалымбетов аудандық мәслихаттың хатшысы болды. Айтпақшы, Бақытжан мырза басқарған конкурста Шу ауданында тұратын құдасы да Мойынқұм ауданынан әуелі 1106 гектар, кейінірек 1584 гектар жерді жамбасына иеленген. Құда мен құдағидың көңілі үшін жекенің меншігіне кетіп жатқан жерлердің кейбір тұрғындарға түрлі себеппен бұйырмауы да өкінішті. Бұл жағдайға қарап, Мойынқұмның әр тұрғыны құлаш-құлаш жердің қожасы шығар деген ойда қаласың. Бірақ шын мәнінде бәрі басқаша болып тұр.

ТҰРҒЫНДАР БЕКЕР ШЫРЫЛДАМАЙДЫ

«Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайды» деген бар. Биназар ауылында жер мәселесінің ала-құла берілуіне өкпелі жалғыз Ошақбаев емес екенін жоғарыда айттық. Мәселен, ауыл тұрғыны Қырғызбай Рысқұлов, Мәлікайдар Сүтековтың де бұл жағдайда айтары бар. Тұрғындар жер берудегі заңсыздықтар мен қиянаттарға жауап іздеп облыс әкімінің атына хат та жазыпты. Жазылған арыз-өтінішке аталған ауыл тұрғындары Берікбай Исаев, Мұхтар Мұсабеков, Исабай Күлшебаев, Алтынбек Әбдібеков бастаған оннан астам кісі қол қойған. Егер Биназарда бәрі дұрыс болатын болса, осынша кісі неге алаңдаулы?

Айтпақшы, Биназар ауылында есепте тұрған 20 мың бас қой, 2500 бас сиыр, 700 бас жылқы, 40 бас түйе бар екен. Оның ішінде иелері 6 мың қой, 1500 сиырды жердің болмауына байланысты ауылдың ішінде ұстап отыр. Ауылда 200- 300 мүйізді ірі қарасы бар азаматтарға ауыл маңынан 20 немесе 30 гектар жер берілуде. Соның салдарынан ауыл маңы жылдан жылға тақырланып, тозып барады.

Айта берсе, Биназар батыр атындағы ауылда әңгіме көп. Тұрғындардың бірқатары «Нұрбол» шаруа қожалығының төрағасы Нұрбол Асқарға сұраған жері берілсін деген ұсынысты да айтып отыр. Енді кәсібімді дамытамын, ауылдың өсіп-өркендеуіне пайдамды тигіземін деген азаматқа деген қолдаулары шығар. Біз бұдан ауылдың тасы өрге домаласа, тірлігі өркендесе деген жақсы ниетті байқадық. Ал Нұрбол Асқар деген азамат ауылға қайырымы мол жігіт екен. Ауылдың 10 адамын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек, өз техникасымен
дайындаған шөбін ауыл тұрғындарына екі есе арзан бағамен беріп, көмек көрсетуде екен. Бұл туралы Еркебек Ошақбаев «Аудандық жер бөліміне барсам, бізде жердің картасы жоқ дейді.

Жер теліміңіздің бар-жоғын облыстық жер басқармасынан біле аласыз деген жауап естідім. Бізді осынша сарсаңға салған аудандық жер бөлімінің басшысы Елдар Көкішев, облыстық жер басқармасының бас маманы Ермек Рахымбаев алдындағы компьютерді ашып, жөнін айтқанға қиналады. Мемлекет басшысы Жолдауында жемқорлықты және бюрократтықты жоюды, әкімдер мен жауаптылардың халыққа жақын болуын тапсырып айтып жатыр. Ал жергілікті жердегі атқамінерлер одан нәтиже шығарып жатқанын көре алмай отырмыз.

Ал өз жағдайымызға келейік. Биназар ауылының жер қорынан қора соғамын деп емес, дүкенге қойма соғамын деп жазып, шамалы жер алдым. Оның шаршыметрін 120 теңгеден өз ақшама сатып алдым. Қазір малқорамның орны құжат жүзінде қойманың орнында тұр. Осындай оралымсыздыққа кім кінәлі? Жер жоқ, жер жоқ дейді. Мен малқора соққан жердің дәл қасынан 9 гектар бос жатқан жер шықты. Осы жер неге конкурсқа салынбайды? Неге оны жұмыс істеп тұрған шаруа қожалық ұтып алмайды? Жер туралы конкурсқа қатысуға да жүрегіміз шайлығып, көңіліміз соқпай қалды. Бәрібір тамыр-танысы барлар иемденіп кетеді. Мойынқұм ауданының бұрынғы әкімінде де болдым, қазіргі әкімінде де болдым. «Баяғы жартас, сол жартас» дегендей, шешіліп жатқан ешқандай іс жоқ. Нағыз іс бастаймын деген азаматқа неге кедергі жасала береді? Қайта қолдау болмай ма?» дейді ашынып.

Көпшіліктің жанайқайы орынды. Бүгінде мемлекет тарапынан ауылды жерді көркейтуге тиісті көңіл бөлініп келеді. Бірақ ауылда тұрамын, ауылда кәсібімді дамытамын деген азаматқа неге қолдау болмай жатқанын түсіне алмадық. Ауылдың бірнеше тұрғындары қол қойған өтініш хат облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің атына жолданыпты. Биназарлық тұрғындар осы хаттан нәтиже шығады деген үмітте. Алайда басқа-басқа Мойынқұм ауданында жайылымдық және шабындық жер жоқ дегенге сену қиын.

 

Есет ДОСАЛЫ

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support