- Advertisement -

Дос деген кім?

121

- Advertisement -

«Дала даналығында дос – сертті нәрсе. Төс қағыстырып, куәгерлікпен болған» дейді елге белгілі азамат Асаубай Майлыбаев «Ғұмырым, тұғырым, тұнығым» атты естелік-толғау кітабында. Ол туралы қариялар айтқан бір әңгімені еске алады. Ертеде жаугершілік заманда екі достың бірі жау қолында кетеді. Содан досын құтқаруға келгенде екіншісі де қолға түсіп қалыпты.

Өзінің өтінішімен жау қолбасына алып келгенде досының құнына өзінің өмірін беретінін айтыпты. Содан жау қолбасы жас жігітті қыршынынан қимай орнына екі көзін ойып алады. Көзінен айырылған жауынгер тұтқыннан босаған досын қолынан ұстап, асқақ басып бара жатыпты.
«Мұндай көзсіз ерлері бар жұртты тұтқиылдан қапыда болмаса, бетпе-бет ұрыста жеңе алмайсың», – деп қалың қолына аттың басын кері бұруға бұйрық беріпті.

Тағы да осы кітапта жаугершілік заманда жау қоршауына түсіп қалған екі дос суреттеледі. Жау қоршауында қалған достардың бірінің атына сұр жебе қадалып, құлапты.
«Аты бары айтты:
– Мен жауды бөгей тұрамын, ал сен атты мініп қаш. Құтыл.
– Жоқ, – дейді екіншісі, – Сен құтыл. Мен бөгей тұрамын жауды. – Болмайды, – дейді анау. – Сенің құтылғаның дұрыс.
– Сені тастап кетпеймін, көзім тіріде.
– Кетесің, – дейді анау.– Сөйткенің керек, досым.
– Неге?
– Мен үйлі-барандымын. Ұрпағым бар. Ал сен бас құрап
үлгерген жоқсың. Өлсең – ошағың өшеді. Түтіні азайған жұрт ертең кезегімен келіп жатқан жауға қарсы тұра алмайды. Мін атқа!..

Достыққа адалдықтың осыдан артық өнегесі бар ма?! Достық арқылы, ел-жұрттың қамын жеген азаматтықтың бұдан асқан құдіреттісі бар ма?».

Ұлы жұт – ашаршылық жылдары, аштан үзіліп бара жатқан бір әулеттен жалғыз қалған досына қойнындағы бір уыс талқанын беріп, кейіннен екіншісінің аштан өзі де өліп кеткенін атам мен әкемнен естігенмін. Ал соғыс жылдарында қарулас достарына бағытталған оққа кеудесін тосқан қазақ жауынгерлері туралы да майданнан аман оралған әкелеріміздің әңгімесінен құлақ шалатын. Соғыстан кейінгі қиын кезде де, қайта құру жылдары да жазықсыз жазаға іліккен досы үшін басын бәйгеге тігіп, «қылмысын» өз мойнына алып, пәлен жылды арқалап кеткен досты да білеміз. Қазір осындай достық бар ма? Дос деген кім?

..Оқушы кезім. Ымырт жабыла біреулердің үйдің ту сыртына келіп, ысқырмасы бар ма. Әкемнің көзін ала бере, сытылып сыртқа шықсам екі-үш досым екен. «Киноға барайық, киініп шық» дейді. Үйге кіріп, қипақтап біршама отырған соң, әкеме қарап: «Достарым келіп тұр, киноға барып келейінші» дедім. Жарықтық отты жанарын жүзіме оқтай қадап: «Отыр, қас қарая сандалмай, сабағыңды оқы, дос деген мен, мен» деп кеудесін ұрды.
Үйде әкенің әр сөзі, бізге берген тапсырмасы командирдің жауынгерге берген бұйрығындай. Қарсы бірдеңе деу қайда, жүзімді төмен салып, оқулықты қолға алып, парақтай бастадым. Ойым он сақта. «Әке мен бала қалай дос болады?» деген сұрақтың жауабын іздеймін. Таба алмадым. Балаға бірден-бір жаны ашитын, қамқор жан ол әкесі мен шешесі екенін кейін есейе келе білдік қой.

Жаугершілік замандағы досы үшін екі көзін ойып берген, ұрыста астындағы атын мінгізіп жіберген ұлы достық беріге дейін жалғасты. Шын досың, жалғыз қамқорың – әкең мен шешең ауылда болған соң, студенттер бір-біріне қорған болып, жақын жүрді, дос болды. Әлдеқайда бір студент-дос жаза басып, бір пәлеге ұшырап қалса, есебін тауып құтқарып алатынбыз.

Сосын мен студенттер арасындағы нағыз достықты 1986 жылдың Желтоқсан көтерілісінде көрдім. Курс-курс болып келген ұл-қыздар әскер шоқпарынан қан-жоса болып, жығылған, мертіккен достарын алаңнан алып шығып жатты. Өзіміз де үстімізге өрт сөндіргіш машианалар шашқан судан сырт киіміміз мұз болып қатып қалғанына, бет- аузымызды қан жауып кеткеніне қарамай құлаған жастарды алаң шетіне шығарумен болдық. Тіпті бір-бірін танымайтын, алаңға шыққан мың-мыңдаған қазақ жастарын сол бір қасіретті күндері оянған ұлы рух достастырып жіберіп еді. Кейіннен қуғын-сүргін басталғанда тағы да бір-бірімізді жанымызды салып қорғадық.

Қазір осындай достар бар ма? Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақтың қанында бар достықты жоғалтып алдық- ау осы. Қазіргі кейбір жастар бір-біріне адал емес, «амал» достар сияқты. Бірі тәуір қызметке тағайындала қалса «құтты болсын!» айтқан достарынан біраз уақыт кабинеті босамайды. Онымен қоса, әлеуметтік желіге бірге түскен суретін жүктеп «лайықты азамат, дұрыс тағайындау» деп әлгі дос-бастықты жер-көкке сыйғызбай мақтап, ізгі тілекті ағытады дейсің. Ал әлде бір нәрсеге ұрынып па, басқа жағдайда ма қызметінен босап қалса «досынан» теріс айналып шыға келеді. Міне, отыз жылда осындай жастардың бір шоғыры өсіп шықты.

Бұған кім кінәлі? Үйде ата-ана, мектепте мұғалім дұрыс тәрбие бермеді. Жастар тәрбиесімен ешқандай ұйым айналысып жарытпады.
Біздің алдымыздағы буын, тіпті біздің қатарымыз да жылдан- жылға сиреп келеді. «Дос деген мен, мен» деп кеудесін ұрған әке кеткелі де 35 жылдан асқан.

Қазақтың қанында бар бауырмалдық пен мейірімділік деген қасиетпен бірге достық та жоғалып барады-ау осы…

 

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support