- Advertisement -

Мұзжарғыш мұңы

246

- Advertisement -

Шерхан Мұртазаның қарамағында бір күн болса да қызмет істеу қай журналистің де арманы болса керек. Бізге ондай бақыт бұйырмапты… Алайда ту сыртынан сүйсініп, алдына баруға айбарынан қамығып, жүздесуге жүрексініп жүрген кезім аз емес. Тым болмаса бір рет те болса өлермендікке салынып, сұхбат алуға ұмтылмағаныма оңашада налитыным рас. Өз ойымша, қиял әлемінде Шерхан Мұртазамен талай сұхбат құрғандаймын. Сонда ол кісінің батылдығы мен батырлығы туралы емес, ішкі мұңы туралы сауал тастағам: жан әлеміңіздің қалтарыс тұсында не бар, айтпаған, айта алмаған қандай мәселеңіз бар еді, көңіл түкпірінде көміліп жатқан ойларыңыз, опық жеген, олқы тұтқан тұстарыңыз жөнінде не айтасыз, басшы болғанда, шешім қабылдағанда кейде асығыс, кейде байқамай мүлт кеткен кездеріңіз болды ма, жұмыр басты пенде ретінде өзегіңізді өртейтін не жағдай бар деп талай рет сұрақ та қойғам… «Бір кем дүние» атты еңбегіңіз арқылы соның бірсыпырасына жауап та бергендейсіз… Жауабын таба алмаған сауалдарым көп еді…

Әдетте, біз жаратылысы жойқын қуатқа ие, кез келген істі жапырып атқаратын жандарды мұзжарғыш кемеге теңеп жатамыз. Шерхан Мұртаза да сол теңеуге әбден лайық тұлға. Қай басылымға болсын басшы болып барғанда тыңнан түрен салып, шалажансар рухани әлемнің шаңын шығарып, ескіні сілкіп қағып, тозғанды түлетіп, қазақты күзетіп, руханият әлемінің шырағын жағып, ұлтты қайрап, жұртты жайғап жүретұғын қайсар қайраткердің бүкіл өмірбаяны ел-жұрттың көз алдында. Өзі өмірден өтсе де, кесек-кесек сөзі қалды артында.

Найзағайдай жарқылдап, қыран бүркіттей саңқылдап, шындықты шырылдатып айтатын айбары жұрт жадында жатталып қалды.
Осы күнгі қазақ қиналса, Шерханды іздейді.
Қиналсам, мен де іздеймін.
Жабырқау жаныма сыртекі сұлбасының өзі жадау болар еді…
Күрсініске толы көңіліме сұсты келбетінің өзі жалау болар еді…
Жалғыз мен ғана емес, Шерхан Мұртазаны сағынып іздейтін мың сан қазақ бар! Қазақ тарихынан белгілі: қалың ел қай кезде де Батырға, Биге, Байға арқа тіреген;
Батырға елдің қорғаны ретінде пана тұтып қараған, Биге адалдық пен әділдік үшін жүгінген, Байға ішерге асы, тігерге қосы болмаған тұста қарайлаумен күн кешкен; Шерағаң бай болған жоқ, бірақ батырлық пен билік ету бақыты маңдайына жазылған, Мәскеуден полиграфия мамандығын алып, елге оралған кезінен бастап ұлттық баспасөздің жалаугері болды; Ақиқат пен Адалдық жолында ұлттың алаугері болды!
Сондай сом тұлғада МҰҢ бар ма еді?!.
Ұлтының мұңы! Жұртының мұңы! Тілдің мұңы! Ділдің мұңы! Мұның бәрі Шерағаң болмысында атойлап тұрған мұң! Бәрін айтты. Бәрін көтерді. Бәрін жеріне жеткізе сөз етті.
Өз мұңы ше?

«Ай мен Айша» романы арқылы Анасына арналған мұңды Алашына ақтарып салды. «Ай мен Айша» – қуғын-сүргін көрген, ашаршылықта қырылған, небір сұрапыл сұмдықтарды басынан өткерген қазақтың Анасына көркем сөзбен қойылған мәңгілік ескерткіш!
Ал әке дидарын бір көруге зарыққан, «құлыным» деген сөзді естімей қамыққан, торыққанда тіреу, қорыққанда сүйеу болар жан таппай, оңашада жабыққан Шерхан Мұртаза мұңын кім сезінді? Қаршадайынан қарға тілеу қарашадан көзтүрткі көрген, мысық тілеу майдалардан мысын басар жәбір мен зәбірді естіп өскен адамның Әкеге деген аңсары мен шағар мұңын былайғы жұрттың қайсысы қаперіне алар еді? Қасына кім келер еді? Маңдайынан кім сипар еді? Арқасынан кім қағар еді?

«Бір кем дүниесінде» «Соттар қателесіп, кінәсіздерді өлімге бұйырады. Кінәсіз екені анықталғанда қайтадан тірілте алмайды. Не істеу керек? Бір кем дүние. «Халық жаулары» дегендердің көбі солай өлтірілді», – деп тұтас дәуірге бір ауыз сөзбен баға берген Шерағаң.
«1998 жыл. 9 май еді. Жеңіс күні. Алматы. Панфилов паркіндеміз. Мереке күнімен бір-бірімізді құттықтап жатырмыз. Өзі бір «кампанбыз». Қалың қарағай түбіне шағын дастарқан жайылды. Әсіресе жазушы Бек (Совхозбек) Тоғысбаев көңілділеу.

Мен сөз кезегінде Бекке қарата: – Әкең сенің осындай азамат, жақсы жазушы болғаныңды көрмей, – Майданда қаза тапты, әттең… – деп едім, Бек кенет еңкілдеп жылады. Алпыстан асты ғой. Әлі бала. Әке үшін. Ес білмей, жастай қалған жетім, соғыс жетімі жылады. Міне, бұл ұлы сезім, жүрегі жібіп, елжіреді. Жүрегі елжіремейтіндерден қорқу керек. Ондайлар жазушы бола алмайды. Алпыс жылдан кейін әкесі есіне түсіп жылаған жетім. Соғыстан қалған жетім. Бұл да бір кем дүние…».

Осы жолдардың астарында «Ашаршылықтан қалған жетім» ретінде Шерхан Мұртазаның өзі тұр. Мұның астарында «репрессиядан қалған жетім» Шерхан Мұртаза тұр. Шерханның – Шерхандығы сонда болса керек, ол ЖЫЛАҒАН жоқ!

Шарболаттай берік адам, жұрттың көшін бастаған адам жыласа, қалғанымыз қайтер едік?!.
«Ай мен Айшаны» бітіргеннен кейін «екінші ескерткішім әкеме арналады» деген сөзін естігенбіз; әкесіне арналған көлемді туындыны бітіріпті деген жақсы хабарды да құлағымыз шалған; пәнейі себептермен сол туынды «қолды болыпты» дегенге де ұзынқұлақтан хабардар болғанбыз…

Өкініш пе? Өкініш!
Мұң ба? Мұң!
Шерағаңның «Бір кем дүние» кітабында «Ауыл иттері» деген жазбасы бар. «Ахмет Байтұрсынов: – Қинамайды абақтыға жапқаны, қиын емес дарға асқаны,
атқаны. Маған ауыр осылардың бәрiнен өз ауылымның иттерi үрiп, қапқаны, – деп едi-ау.
Әттең, дүние-ай, 1937 жылы бiздiң әкейдi де өз ауылымыздың шолақ белсендiлерi нақақтан жала жауып, ұстатып жiбердi де, жоқ қылды ғой. Обалы кiмге? Қорлықты көп көрдiк қой.
1937 жылы «Халық жауы» деп ұсталып, атылған, айдалған, асылғандардың бәрi кейiн ақталды. Бiрақ жазықсыз жапа шеккендер қайта тiрiлген жоқ.
Бiр кем ғана дүние ме екен? Орны толмас орасан обал дүние», – деп жазады Шерағаң. «Орның толмас обал дүние» деген сөзді жазып отырғанда жазушының жүрегі тілім-тілім болмағанына кім кепіл?

Былай қараған адамға Шерхан Мұртазада ешқандай арман болмаған сияқты. Жастайынан атқа мінді. Елге еңбегі сіңді. Қартайғанда да қайраты кетпеді. Ибасы мен иманын жоғалтқан жоқ. Өзі жазған жоқ па? «Біреулерге Құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан – бәрі бар. Төрт құбыласы сай. Бірақ Иман жоқ. Ең сорлы адам сол. Бір кем дүние…».
Сорлы болмай, қорлы болмай ғұмыр кешуден артық не бар?

Қаламгер үшін әр туынды іштен шыққан перзент сықылды. Кез келген өзекті жан үшін перзентінен айырылудан асқан қайғы бар ма? Ал Шерхан Мұртазадай жазушы үшін жазған дүниесінен айырылу қандай рухани соққы! Шау тартқан шақта шаруасы қисайса, кем-кетіктің орнын ұрпақ толтырар, саусағына сүйел біткен, қолын қалам қажаған қаламгердің қанжығаға бөктерген кесек туындысының орнын кім толтырар?!. Ішкі қыжыл мен өксік, өзекжарды өкініш, алпыс екі тамырды билеген ашу, табылмасын білгендегі таусылу, миды солқылдатқан сағат, төзімді тауысқан тағат, абайсыздық пен ағат Алатаудай алыптың өзін алып жықпай ма? Күндей күркіреген, жауындай дүркіреген Шерхан Мұртазаның күрт сынып, қудай құлазып, жанына таппай бір азық өмірден озуына да осы оқиға әсер етпеді деп кім айтар?!.

Шерағаңмен «жасаған сұхбаттарымда» осындай ойлар маған ырық бермей кете беретін еді… Жақсы ағаның жан әлеміне енгім келіп, жұбатып айтар сөзіне сенгім келіп, өз тарапымнан кішкентай болса да бір қуат бергім келіп, қанша түн кірпігім айқаспады…
Жазушыға жолай алмадым. Жақындай да алмадым. Шынымды айтсам, мені Шерхан Мұртазаның мысы басып тұратын. Қате сөз айтуға, қисық сұрақ қоюға, қисынсыз әңгіме өрбітуге құдайшылығын айтайын: шынымен қорқатын едім!

Шерхан Мұртаза – таза кие! Киесінен қорықтым. Киелі сөздің иесінен қорықтым. Қазір ғой: батыр болып отырғаным, батырсынып отырғаным… Өмірден өткен соң, Өзі кеткен соң!..
Шерхан аға кейінгі жылдары қатты сырқаттанып жатқанда халін біліп, көңілін сұрауға барған бір-екі қаламгерге жан баласына тіс жармаған жан сырынан хабар беріпті. Барған жігіттер хал сұрасып ұзақтау отырып қалғанға ұқсайды. Шәугім қойылмаған. Шай ішілмеген. Сол тұста Шерағаң қатты күңіреніп: «Мұртаза әулетінің жібі үзілгені ме, түтіні өшкені ме?» деп қатты шамырқанса керек… Артына қалар ұрпақ жалғанбағанына деген ішкі өкініш өзегін өртеп кетті ме екен?!.

«Бір кем дүние» – менің ең сүйікті кітабым! Шерағаңның әр жазбасы көңілге түрлі ой салады. Көңілге түскен кірбің шайылады. Бойыңызға нұр жайылады. Қараңыз: «Адамның жүрегінен от көрініп тұратын болса…
Жақсы адамдікі жұлдыздай жарқырап тұрса… Жаман адамдікі күңгірт, қарайып тұрса… Сонда айыру оңай болар еді.

Жақсыға жақындар едің, жаманға жоламас едің. Өкініш: ондай белгі жоқ. Тану қиын.
Дүние содан бүлікшіл». Қандай қысқа. Қандай дәл. Анық та қанық.
Жаным жараланса – Шерхан Мұртазаны іздеймін.
Көңілім жабырқаса – Шерхан Мұртазаны іздеймін.
Сүйеніш пен сүйінішті ағаның шығармаларынан табамын. Бірақ дәл Шерхан
ағаның өзіндей тіректі ағаны, тілекті ағаны, үлкен жүректі ағаны енді қайдан табамын?!.

 

Анар ҚОНЫС

журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support