- Advertisement -

Тұрмыстың тауқыметін тартып отырсақ та, әкем газетке жазылуын тоқтатпайтын

316

- Advertisement -

Мен ол кезде мектеп оқушысымын. Анам қарындасымды босанып, декреттік демалыста отырған жылдар болатын. Үйде әкем ғана жұмыс істейді. Әкемнің арнайы мамандығы жоқ. Жазда «стройка» істейді. Қысқы жылыту маусымында мектепте «качигар» болып еңбек етеді. Яғни, бұл маусымдық қана жұмыс болатын. Ағам да мектепте оқиды. Күнкөрісіміз әкемнің аз ғана айлық-шайлығы.

Өзіміз «битімізді сығып» отырғанда әкем тағы газетке жазылады үзбей. Бас алмай оқитыны – республикалық «Жас Алаш», облыстық «Ақ жол» және аудандық «Құлан таңы» газеттері. «Жас Алаштан» Нұртөре Жүсіп (сол жылдары бас редактор ол кісі), Қали Сәрсенбай (бас редактордың орынбасары), Есей Жеңісұлы, Сәкен Сыбанбай, Жұлдыз Әбділдә секілді журналистердің, «Ақ жолдан» қазір елімізге танымал жазушылардың бірі Елен Әлімжан, білікті журналист Ақылжан Мамыт, ақын, сақа журналист Баймаханбет Ахмет және өзіміздің жерлесіміз Сейсен Қожеке, газеттің Қордай ауданындағы меншікті тілшісі Құрманбек Әлімжан секілді ағалардың әртүрлі жанрда жазған мақалаларын оқып отырады. «Құлан таңынан» Кәріпжан Нүсіп, Тұрсынхан Жаманбаев, Досан Құлбеков секілді ағалардың жазған-сызғандарын қалт жібермейді. Өзіміз тиыннан-тиын құрап, тұрмыстың тауқыметін тартып отырсақ та, әкем газетке жазылуын тоқтатпайтын. Қазір 300 мың теңгеден астам айлық алатын мұғалімдеріңіздің өзі газетке жазылмайтын заман келді ғой. Сол кездегі газет оқуға деген көзқарас, зейін қандай десеңізші, иә?!

Қазір ойласам, әкем бізге өнеге берген екен. Қандай сана көгіндегі биіктік деп ойлаймын осы күні. Бәлкім, «мен көрген тауқыметті балаларым көрмесін» деп ойлады ма екен?! «Оқысын» дегені де болар, сірә!… Содан әкеміз оқитын газеттерге біздің де аңсарымыз ауа бастады. Мектепті «Алтын белгіге» бітірмесек те, үздіктер қатарында болдық. Ауданда өтетін көркемсөз оқуларына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беретін мұғаліміміз мені үнемі алып баратын.

Жасыратын несі бар, қоржын бос қайтқан кездер көп болды. Ондай кезде көңілім пәс болып, құр сүлдерім сүйретіліп, үйге ұнжырғам түсіп келетін. Балалық қой. Сондай сәттерде жұбататын жалғыз жан тағы да сол – асқар таудай әкем.

– Балам, оқып, талмай ізденсең ғана зау биіктерді бағындырасың, – деп, әкем жігерімді жанитын. Әкемнің осындай қанат бітірер сөздері менің журналистикаға түсуіме сеп болды. Алғашында ҰБТ-дан төмен балл алып, оқуға түсе алмай қалдым. Дегенмен, тағы да сол ата-анамның үлкен қолдауының арқасында келесі жылы қара шаңырақ КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түстім. Алаштанушы, академик Өмірхан Әбдиманұлы, профессор Кәкен Қамзин, жұрт түр- түсін тани қоймаса да, бірақ жазған өлеңі арқылы көпшілікке таныс алдаспан ақын Мұрат Шаймаран, мистикалық жанрда көркем шығармалар жазып жүрген Қойшыбек Мүбәрак, жазуы да, сөзі де мірдің оғындай Орынтай Ошанова бізге дәріс берді. Сондай азуын айға білеген дарабоз ұстаздардан тәлім алдық. «Дала уәлаяты», «Қазақ» секілді газеттер мен «Айқап» журналында жарық көрген мақалалардың мазмұнын сол қара шаңырақта оқып жүріп, жіті түсіндік.

Анығында, түсіндіріп, оқытты ұстаздар. Профессор Кәкен Қамзин қазақ баспасөзінің тарихы жайлы толғана сөз сөйлейтін. Ахмет Байтұрсынұлы мен Ғани Мұратбаевтың газет тарихында орны ерекше тұлғалар екенін оқушы кезде оқыдық қой. АлайдаТауман Амандосов, Зейнолла Қабдолов, Сұлтанғали Садырбаев, Темірбек Қожекеев, Марат Қабанбай, Қажытай Ілиясов,Тельман Жанұзақов, Балғабек Қыдырбекұлы, Ержұман Смайыл, Сейдахмет Бердіқұлов, Дидахмет Әшімханұлы, Таласбек Әсемқұлов, Болат Бодаубай, Жанат Елшібек, Асқар Алтай, Несіп Жүнісбайұлы, Сауытбек Абдрахманов, Жанболат Аупбаев, Дүрәлі Дүйсебаев секілді алдыңғы толқын ағалардың есім-сойы бізге беймәлім еді. Әсіресе Шерхан Мұртазаұлы мен Камал Смайыловтың «Егемен Қазақстан» газетінде ой толғап, елдегі әлеуметтік, проблемалық мәселелерді қаузап жазған мақалалары мен публициситкалық толғамдарын өз басым университетте оқып жүргенде білдім және оқыдым.

Екі алып тұлғаның сол хаттары арқылы жазысқан ой толғамдары эпистолярлық жанр екенін ұғындық. Кейіннен Шерхан Мұртазаұлы мен Камал Смайыловтың осы жазғандары 2002 жылы Шерхан Мұртазаұлының 70 жылдығына орай «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген жазушының алты томдық шығармалар жинағында «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда!» деген тақырыпта басылды. Қазір бұл жанр «газет біткеннің бетінде жоқ» десек болады. Кім осылай, батыл жаза алады, айтыңызшы енді. Кәкен ағай осы алдыңғы толқын
Мәселенің мәнісі ұрпақ өкілдері айтқан тәмсіл сөздермен бөлісіп, олар жазған мақалалардың тігінділерін алып келіп, оқып беретін студенттерге. Қазақ баспасөзінің тарихымен осылай таныстық мына біздер.

2013 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде Сауытбек Абдрахмановтың Қазақстанның Халық артисі Асанәлі Әшімовтен алған сұхбаты жарияланды. Тақырыбы: «Шеберліктің шыңы – шындық» деп аталады. Ол кезде 3-курста оқимыз. Сұхбатты тұтастай оқып шықтым. Бір әңгімеге татитын сұхбат екен расымен. Сауытбек аға кейіпкерінің адами болмысын айрықша аша білген сол сұхбатта. Қойған сұрақтары қандай ғажап! Профессор Қамзиннің сол кезде бізге «Сауытбек Абдрахманов – сұхбат жанрының сардары» деп айтқаны есте. Оқушы кезімізде біз олардың атын да білмедік, шыны керек.

Осылайша, жүрек көзімізді ашқан – КазГУ-дегі ұстаздар болды. «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарған Жұмабек Кенжалин, «Жас Алашта» бас редактор болып жұмыс істеген Жүсіпбек Қорғасбек, «Айқын» газетін басқарған Бауыржан Омарұлы «Түркістан» газетін басқарған Шамшидин Паттеевтің де есімдерін білдік деп те айта алмаймын. Дана ұстаздардың арқасында олардың да шығармашылығымен таныстық. Ақын Мұрат Шаймаран: «Телевизияда әрі кетсе, 10 жыл жұмыс істеуің мүмкін. Одан кейін сен ТВ-ға керек болмай қалуың да бек мүмкін. Сондықтан алғашқы еңбек жолдарыңды газеттен бастағандарың дұрыс» деген еді. Осы сөздің маған тереңдігі басымдау болып көрінді. Сөйтіп, оқу бітірген соң өзіміз бала күннен оқып, өскен аудандық «Құлан таңы» газетіне жұмысқа орналастым. Бұл – 2014 жылдың шілде айы болатын.

Ол кезде газеттің бас редакторы Тұрсынхан Жаманбаев еді. Жасыратыны жоқ, Тұрсынхан аға мені әбден «пісірді». Мына республикалық, облыстық газеттерде әртүрлі бөлімдер бар. Мәселен, саясат, әлеумет, мәдениет және спорт деген секілді. Ал аудандық газетте ол қайдан болсын? Өзі бар-жоғы жазатын 2 журналист. Бас редактор орынбасарының мақала өңдеуден қолы тимейді. Тегінде, Әзілхан Нұршайықовтың «Бас редактор – демалыста, орынбасары – қиналыста жүреді» деген сөзі айнымас шындық.

Қойшы, содан не керек, Фатима әріптес екеумізге күнде бір жиналыс дайын тұрады, әйтеуір. «Анда шапқылаймыз, мұнда шапқылаймыз» дегендей. Содан бір күні аудандық мәдениет үйінде облыстық іс-шара өтті. Бас редактор іс-шараны жазуды маған жүктеді. Бұл шараға облыстан Мақұлбек аға (марқұм) Рысдәулет келіп қатысты. Бардым. Бірдеңелерді түртіп отырдым әйтеуір, блокнотыма. Біздің газеттің бас редакторы Тұрсынхан Есімқұлұлы Мақұлбек ағамен жақсы қарым- қатынаста екен. Мені таныстырды. Шатаспасам, сол жылдары Мақұлбек аға облыстық архивте жұмыс істейтін.

Сырттай танимын ғой, негізі. Бірақ, жүзбе-жүз алғаш көруім. Алдында «Ақ жолда» бас редактор болды. Жазғандарынан хабарым бар. «Хат-хабар алмасып, байланыста болайық, шырағым» деген еді сол кезде Мақұлбек аға. Бірақ, содан кейін Мақұлбек ағамен дидарласқан жоқпыз. Хабарласпадық та. Ол менің кемшілігім деп білемін. Кейде өкініш өзегімді өртейді. «НЕГЕ БІЗ ОСЫ!» деп…

Арада бір-екі жыл өткенде облыстық «Ақ жол» газетінің Тұрар Рысқұлов және Меркі аудандарындағы меншікті тілшісі болып, Нұрболат Әлдибек қызмет атқарды. Нұрекең «Жас Алашта» да еңбек еткен. Тегін жақсы танимыз сырттай. «Жас Алаштағы» тақырыбы сойқан мақалаларын оқығанбыз талай рет. Біздің редакциядан арнайы кабинет берілді Нұрекеңе. Танысып, жақсы араласып кеттік екеуміз. Жаңа оқу жылы басталатын уақыт таяды.

Аудан аумағынан шалғай жатқан Әбжапар ауылында жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілетін болды. Редакция көлігімен Нұрболат Әлдибек екеуміз бардық сол салтанатты жиынға. Хамит Есаман да осы қуанышты жаңалықты жазуға келіпті. Хамағаң сол жылдары облыстық «АР-АЙ» жастар газетінде мәдениет бөлімінің меңгерушісі болуы керек, шатаспасам. «Қараша хаттарын» оқып шыққанбыз. Жақсы ақын екенін білеміз Хамағаңның. Нұрекең мені таныстырды. 2014 жыл ғой деймін, бұл кез. Жақын араласып кетпесек те, содан көрген жерде Хамағаңмен аман-саулығымыз түзу.

Әдетте, «Киелі Құланды журналистер көптеп шығатын қасиетті өлке» дейтіндер бар. Ол рас, тегінде. Айталық, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, қазір «Аq jol» газетінің тізгінін ұстап отырған бас редактор Хамит Есаман, ғасыр жасаған аға басылымның бас редакторының орынбасары Фариза Әбдікерімова, қазір ел газеті «Егемен Қазақстанның» облысымыздағы меншікті тілшісі, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Табиғат Абаилдаев, көркем жазуымен оқырманға есімі жақсы таныс Ардақ Үсейінова, бәрі-бәрі облысқа, тіпті республикаға танымал азаматтар мен азаматшалар. Олар – Құлан өлкесінен шыққан хас таланттар. Оларды ел біледі. Аудан жұртшылығы да оларға әрқашан тілеулес болып отырады.

Жалпы, менің журналистикада еңбек етіп жүріп түсінгенім – газетті нағыз жазу-сызудан хабары бар адам басқарғаны жөн. Редактор – Тұлға болуы тиіс. Сол тұлғалық бедел газеттің тағдырына да әсер ете ме деймін. Мен оның бір-ақ мысалын айтайын. Мәселен, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сайыпқыран журналист Көсемәлі Сәттібайұлы облыстық «Аq jol» газетін басқарды. Тамсанып оқитынбыз газетті. Макеті қандай еді.
Айдарлардың да түр-түрі жарық көретін. Сол кезде «Аq jol» газетінің оқырман саны 23 000-ға дейін жеткенін өз көзіммен көргенмін.

Бұл – сол, Тұлғалық болмыстың әсері болуы керек, шамасы. Одан соң, бас редактор болған Қуат Әуесбай да «нашар газет» шығарған жоқ. Сөзі келісті, мақаласы өрісті Оралхан Дәуіт ағамыз да «Аq jol»-дың абыройын Алаш жұртына танытты. «Аq jol»-да жарық көретін мақалалардың тақырыптары да өзгере бастады. Оралхан аға бас редактор болып тұрған кезде, яғни 2020 жылы «Аq jol» газеті «Үркер» ұлттық сыйлығын иеленді. Облыста ешқандай газет мұндай атаққа ие болмаған. Міне, бұл – әлгінде атап өткен жазу-сызудың арқасы әуелі, содан соң Тұлғалық болмыстың нақты көрінісі.

Бүгінгі таңда «Аq jol» газеті облысымыздағы бас басылымның бірегейі екені шығар күндей шындық. Қазір де жақсы дүниелер жарық көріп жүр газетте. Талай жақсы-жайсаңдар, марқасқа сайыпқыран саңлақтар еңбек еткен киелі қара шаңырақ қой, қанша дегенмен. Осы күні газетте бүгінде қызмет істеп жүрген Маржан Рақай, Марат Құлибаев, Есет Досалы, Гүлжан Рахман, Эльвира Жарылқасынова, Нұржан Қадірәлі, Есен Өтеулі, Сәндібек Піренов секілді аға, әпке, замандастардың әртүрлі жанрда жазған мақалаларын үзбей оқып отырамын өз басым.
Газет – ұжымдық жұмыс. Қанша алтын басты редактор болсаң да, жалғыз өзің көпке шаба алмайсың. Оны «Егемен Қазақстанға» бас редактор болып тағайындалғанда Шерхан Мұртазаның өзі айтқан. Ол: «Жалғыз ағаш орман емес» деп айтқан еді сол кезде.

Оралхан Бөкейдің «Құм мінезі» повесінде «Басшы болсаң, әділ болсаң нағыз еңбекшінің жанында жүр. Көр өз көзіңмен: кім пәруана, кім жалқау. Кім ауырдың үстімен, кім жеңілдің астымен жүретінін. Көр. Біл. Әділеттілік сонда ғана орнайды» деген жолдар бар еді ғой. Кешегі Шерхан, Сейдахметтер осыны әрқашан қаперде ұстаған. Есесіне, газеттің таралымы артты. Беделі зор болды. Түйдек-түйдек мақалалар жарияланды. Бүгінгі қазақ баспасөзінің бас редакторлары да бұл қағиданы қаперге ілгені жөн. Бұл тұрғыда «Аq jol»-дың бағы бес елі деп ойлаймын. Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ауыз өтірік айтса, мұрт білер, журналист өтірік айтса, жұрт білер» деген афоризмі бар. Қазір көрерменнің санасын улайтын шоу бағдарламалар, жалған ақпарат жазып, «подписчик» жинайтын сайттар көп екені белгілі. «Аq jol»-дың танымдық жағынан оларды он орап өтетініне ешкім шек келтірмейді. Жүз жылдық жылнамаларыңыз құтты болсын!

 

Марат Диханбай,

журналист.
Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support