- Advertisement -

Алла өзі қолдайды адалдарды

320

- Advertisement -

Алла өзі қолдайды адалдарды

Жарық беріп жалғанға таң атқанда,
Адамзатқа шапағын таратқанда.
Бақыт көріп, сол сәтті тәубе етемін,
Айтамын да мың рақмет Жаратқанға.

Жеміс тердім, гүл жидым өмір бақтан,
Көгімде күн ақ нұрын төгіп жатқан.
Шексіз алғыс алдымен Тәңіріме,
Тілегімді қайтармай беріп жатқан.

Айналысып қалған тірлікпенен,
Биіктерге жол тарттым үмітпенен.
Мұның бәрі Алланың арқасында,
Киім бүтін, денім сау жүріп келем.

Төккен кезде арманым арай нұрын,
Сәтті болып өтпейді қалай күнім?
Ризашылық танытып Раббымызға,
Жаздым сонда мадақтық талай жырын.

Алла өзі қолдайды адалдарды,
Құтты етіп, ақ ниет қадамдарды.
Сосын бәрін береді үйіп-төгіп,
Жадыратып мұңайған жанарларды.

Ана

Қадірі, киесі бар әр ананың,
Алладан соң, анадан нәр аламын.
Жанының жылуына орап алып,
Биікке жетелеген балаларын.

Аналар алдыменен салар әнім,
Шегі жоқ, жемісі көп дара бағым.
Тоя алмай мейірім мен пейіліне,
Сол бақты келді мәңгі аралағым.

Қаласа арайлы етіп аспаныңды,
Жер түгіл өсіреді тасқа гүлді.
Адамдар, айтыңдаршы ең алдымен,
Ардақтаймыз анадан басқа кімді?

Анасын құрметтемес жалғанда кім?
Жаныңа жарық берер, таңнан бұрын.
Сөндіріп алмайықшы ей, адамдар,
Ананың жанарында жанған нұрын.

Пейіліндей қазақтың далада өскем

Анамдай боп аймалап самалы ескен,
Пейіліндей қазақтың далада өскем.
Мен де биік болсам деп ақ тілеумен,
Биік-биік тауларға қарап өскем.

Атқан таңы, бататын сәнді кеші.
Ауылы жоқ қазақтың мәнді несі?
Ауылдағы халықтың әдемі ғой,
Айтылатын әні мен әңгімесі.

Бірлігі мен тірлігі өнегелі,
Бақ пен даңққа еңбекпен бөленеді,
Ауылдардан шығуда көбінесе,
Әр заманның Жібек пен Төлегені.

Ақ батасы өрлеткен өрге мені,
Арман гүлім ауылда өнген еді.
Жарықтары өшсе де қалалардың,
Ауыл оты жақсы ғой сөнбегені.

Ауылдарды ардақтап, жыр ғып өтем,
Шабыт тағы белімді буды бекем.
Ауыл деген тамыры солмайтұғын,
Тұлғаларды туғызатын ұлы мекен.

Жүріп келем…

Жүріп келем, тұман басқан түнде мен,
Елесіне еріп, өткен шақтардың.
Естімеген, ешкім әлі білмеген,
Жан-сырымды келеді бір ақтарғым.

Жүріп келем, оңашалап әдейі,
Бөлек кетіп, жаным сүймес жандардан.
Табылардай осы түннен жан еміс,
Басталардай дәл бүгіннен балдай мән.

Жүріп келем, жырмен жанды жұбатып,
Небір жақсы ойлар келді санама.
Құпияңды қара түнге сынатып,
Керек кейде, жалғыз жүру далада.

Ескі сурет

Ескі сурет естілгелі өткеннің,
Қайран жастық бақшасындай көктемнің,
Бүгін біздер қыран құстай боп тұрмыз,
Балапаны секілді едік кептердің.

Ескі сурет көрінісі кешеннің,
Сәні болып жүруші едік көшенің,
Сол көшені жалғастырып даңғылға,
Орнын бастық әке менен шешенің.

Ескі сурет бәрін еске түсірер,
Сол суретті сақтағандар түсінер.
Бозбала мен бойжеткенді сондағы,
Бүгінгілер құрмет тұтып, кісі дер.

Ескі сурет елестетіп қыр гүлін,
Өткен күнді сағындырып жүр бүгін.
Ескі суреті ішіндегі достарым,
Өрге сүйреп кетсе екен бір-бірін.

Сол саябақ

Бейнеленген әр сұлу талы қызды,
Құшағына сыйғызған бәрімізді,
Гүл сыйлап, құстарға ән салдырған,
Сол саябақ күтуде әлі бізді.

Аралаумен ішіне салып ізді,
Жүруші едік, жайнатып жанымызды,
Ғашықтардың айналған мекеніне,
Сол саябақ күтуде әлі бізді.

Бізбен талай қарсы алып таңымызды,
Сырымызбен тыңдаған әнімізді,
Жапырағы мөп-мөлдір шыққа толы,
Сол саябақ күтуде әлі бізді.

Одан сайын кіргізіп сәнімізді,
Жігерлі етіп жіберер тәнімізді,
Қол ұстасып баратын кеш түскенде,
Сол саябақ күтуде әлі бізді.

Жайып тұрып күтетін жанын ізгі,
«Ашылсын!» деп тілейтін бағымызды,
Қос жүректі сезіммен жақындатқан,
Сол саябақ күтуде әлі бізді.

Қаламайтын көңілі сары күзді,
Білгісі кеп тұратын хәлімізді,
Келші, жаным, бір барып қайтайықшы,
Сол саябақ күтуде әлі бізді!..

Ақын деген…

Ақын деген – адамдардың алыбы,
Ал жанары – жазғы таңның жарығы.

Ақын деген – ар-ұяттың ұясы,
Нұр боп тамған қаламының сиясы.

Ақын деген – екі дүние елшісі,
Жан дүниесі – күрең күздің көршісі.

Ақын деген күн мен айдың жаршысы,
Өлеңдері – тағдырлардың тамшысы.

Ақын деген – әр заманның жыршысы,
Ал жүрегі – татулықтың кірпіші.

Ақын жыры – елге сый мен құрметі,
Ал болмысы – тылсым өмір суреті.

Ақын деген – ғибраттың өзегі,
Ал кеудесі – шөл даланың өзені.

Ақын деген – игіліктің көмегі,
Ақ жүрегі бәріне де көнеді.

 

Бақытжан Әліқұлов,

ақын.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support