- Advertisement -

Әзілдері әдемі әріптестер әлемі

481

- Advertisement -

«Aq jol»-дың арқасында 2008 жылы Астана қаласының он бір жылдық мерейтойына қатысудың сәті түскен еді. Бас қаламыздың төл мерекесі бар сән-салтанатымен тойланды. Маған соның барлығын күнделікті топтастырып газетке жолдап отыру жүктелді.

«Қазақпараттан» «Өрт» шығарған едім

Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен еліміздің түкпір- түкпірінен келген журналистерге хабар тарату үшін арнайы медиа орталық жұмыс істеп тұрды. Бір күні сонда барсам қаптаған кезек екен, жуық арада интернетке отыру мүмкін болмайтын сынды. Ал редакциядағылар газет шығатын күні қарбалас болғандықтан мақаламды тездетіп жіберуді сұрап қайта-қайта мазалай берді.

Содан Тараздан Елордаға «Қазақпарат» Ұлттық Ақпарат агенттігіне жұмысқа ауысқан әріптесім Зарина Нохрабековаға хабарласып, бұйымтайымды жеткіздім. Сөйтіп, «Қазақпаратқа» қарай құстай ұштым.

Бірнеше қабатты үлкен ғимаратқа кіріп, күзет бөлімінен Заринаның ішкі телефонына қоңырау шалып, төменде күтіп тұрғанымды айттым. Ол келгенше жоғарыға көтерілетін баспалдаққа сүйеніп, қабырғада ілулі тұрған түрлі ақпараттық материалдарға көз жүгіртіп, уақыт өткізе бастадым.

Қазір түсемін деген Зарина әлі кешігіп жатыр. Дегбірсізденіп, тағатым таусылып тұрғанда қолымдағы барлық қағаздар салынған папкамды түсіріп алдым. Қағаздарым әр жерге шашылып, сау етіп төгілді де қалды. Оларды еңкейіп жинай бергенімде, аяғым тайып кетті. Құлап кете жаздап барып, баспалдақтың жиегінен шап беріп ұстап алдым.

Бір кезде бүкіл ғимарат «ию, ию» деген дабылдық дыбысқа басты. Күзетші «не істедіңіз?» деп өз бөлмесінен атып шықты. Менде үн жоқ. Қағаздарымды жинай бастадым. Ештеңе түсінбей тосырайдым да қалдым.

Бір кезде бүкіл ғимаратта отырған қызметкерлер тұс-тұстан «Өрт!Өрт!» деп шулап сала берді. Кейбірі төменгі қабатқа жетіп те үлгерді. Күзетші жалма-жан «жалған ақпарат орын алды» деп жұртты сабасына түсірді.

Кейін аңғарсам мен әлгінде баспалдақтың жиегіне елеусіздеу орнатылған өрт шыққанда сақтандыратын дыбыстық белгіден ұстаған екенмін ғой. Көптен күткен Заринам да келді. Амандық-саулықтан кейін болған істің менен келгенін бірден аңғарып: «Не болды Фариза қыз, мен уақтылы шыға қоймаған соң, бүкіл ғимаратты «өртке» орадың ба? Бастығымызға дейін кабинетті тастап қаштық қой. Зәремізді алдың», – деді күліп. Бұл сөзді естіп тұрған күзетшінің де ішегі қатты…

«Аq jol»-дың абыройы, басшылықтың тапсырмасы үшін Астананың қақ төрінде осылай күлкіге де қалған кезіміз болды. Журналистика мамандығы қызығы мен қиындығы қатар жүретіндіктен, құнды болса керек.

«Жалаң аяқта» жүргенмін…

2005-2008 жылдары белгілі журналист, марқұм Мақұлбек Рысдәулет ағамыздың бас редакторлық еткен тұсында ата басылымға жас мамандар бірімізден кейін біріміз көптеп жұмысқа қабылдандық. Алдыңғы толқын ағаларымыздың «қолы ұзарып», бәрімізге тапсырманы үйіп-төгіп беретін. Жүгіріп жүріп жұмыс істейтінбіз. Әрқайсымызды әр бөлімге тілші етіп қойды.

Алайда бір бөлімнің қызметкерлері «бір бөлмеде отырсын» деген қағидат бар еді. Біз оған қарамай, басшылыққа өтініш жасап жүріп өзіміз құралпы қыздар мен, Шынар Сағиева, Эльвира Жарылқасынова, Маржан Рақай (тәлімдемеден өтіп жүрген болатын) төртеуміз «Баспасөз үйінің» бірінші қабатындағы қазіргі өңірлік коммуникациялар қызметіне тиесілі кең кабинеттердің бірін жайлап алдық.

Бір күні таңертең кабинетке бірінші кіріп отырғаным сол еді, артымша Шынар аптығып кіріп келді де, ҚР Премьер-Министрінің облысымызға сапарын жазуға шұғыл кету керектігін, тура редакцияның алдында аяқ киімінің бір өкшесі сынып, киюге жарамай қалғанын айтты. Сөйтті де менің аяқ киімімді сұрап алып, асығып шығып кете барды. Мен жалаң аяқ кабинетте қала бердім.

Сағат тоғыздан асқанда, жауапты хатшы Аманғали Әбуов ағамыз ішкі телефонға қоңырау шалып, «Сені бас редактор шақырып жатыр» деді. «Аға, бара алмаймын, аяқ киімім жоқ еді» дедім. Аманғали аға қатқыл дауыспен: «Әзілдейтін уақыт жоқ. Мен сонда бара жатырмын, сенде тез келерсің» деп трубканы тарс еткізіп қоя салды.

Не істесем екен? Бір демде тыпырлап, дәрменсіз күйге түстім де қалдым. Эльвираның аяқ киімін киіп бара салайын десем, оның өлшемі маған келмейді. Сасқалақтап, тыпырлап отырғанымда Маржан да келе қалды. Сәлемнен бұрын: «Маржан, тез аяқ киіміңді шешші» дедім. Ол да ештеңеге түсінбестен аяқ киімін шеше берді. Маржан «балетка» (жай табан туфли) киіп келген екен, менің тобықтан төмен түскен кең шалбарымнан ол көрінбей де қалды. Стиль қуып тұруға мұрша жоқ, онсызда көп күттіргеніме қымсынып, бас редактордың кабинетіне қарай алқынып жеттім.

Мақұлбек аға, тап қазір менің облыстық мәслихаттың сессиясына баруым керектігін, онда күн тәртібіндегі бір мәселені айрықша көрсетіп жазуды тапсырды. Шалбарым төгіліп, аяғымның басы көрінбей тұрғанын байқаған, Аманғали аға мені расында жалаң аяқ жүр екен деп ойлап қалды. «Сессияға қалай барасың?» деп ымдап қояды. Мен де сыр білдірмей иығымды қиқаң еткіздім де, шығып кеттім. Кабинетке келіп, Маржанды түске дейін жалаң аяқ тастап кететінімді айтып, шалбарымды төгілткен күйі облыстық әкімдікке қарай беттедім. Абырой болғанда бізден кейін Маржанды ешкім, ешқайда жұмсамапты.

Газет шығатын күн болғандықтан, сол сәтте қатты қарбаласып жаттық. Кейін мән- жайды Аманғали ағамызға айтып, әбден күлгенбіз. Ол кісі шынымен де мені жалаң аяқ жүр екен деп ойлап, оның себебін көпке дейін таппай, дал болыпты.

Бұрын алдыңғы толқын аға әпкелеріміз жылы достық қарым-қатынасын сипаттағанда «Бір нанды бөлісіп жегенбіз» деп айтып отырушы еді ғой, сол сияқты біз де «Бір аяқ киімді кезектесіп киіп, газет шығарғанбыз»,– деп әлі күнге езу тартып еске аламыз.

«Мәселе жоспардың орындалуында емес, жасалуында»

Мемлекеттік газет болғандықтан, бұрын облыс әкімдігі мен түрлі басқармадан медиа жоспар жасау туралы хаттар үсті-үстіне келетін. Оның барлығына жауап беру, жоспарды жасау шығармашылық топтың міндеті болатын.

Әр бөлім өздері жауап беретін тақырыптардың бөлінісіне орай бұрқыратып жоспар жасайтынбыз. Спикерлеріміз қайталанып, кейбір ұсынған тақырыптарымыздың да мағыналары ұқсас болып кетсе, жоспарымыз тиісті басқарма тарапынан бекітілмей қайтып келетін.

Осындай сәтте бас редактордың орынбасары, қашанда сабырлы Елен Әлімжан ағамыз барлығымызды жинап алып: «Әй, сендер тақырыпты ойнатып, терең дүниелерге бара берсеңдерші, содан кейін естеріңде болсын мүйізі қарағайдай танымал спикерлерді таңдаңдар» дейтін.

Біз қарсы сауал қойып: «Оларды кейін орындау қиын болып кетпей ме?» деп күмілжіп сұраймыз. «Естеріңде болсын, мәселе жоспардың орындалуында емес, мықты жасалуында. Кейін оның орнына мынаны шығардық деп есеп береміз ғой» дейтін күліп. Осылай әзілдесе жүріп, бірнеше жоспарды да асыра сілтеп орындап тастайтынбыз.

«Файлды флешкаға қуып берші»

Редакциядағы ағаларымыздың қай-қайсысы болсын, компьютермен жұмыс істеуге келгенде шорқақ еді. Соған қарамай, кейбірі мақала теруді жақсылап меңгеріп алды. Әсіресе, марқұм ұстазымыз, белгілі журналист Сапарғали Әлібай ағамыздың жаңа технологияны меңгеруге деген қызығушылығы ерекше еді. Материалын өз компьютерінде тәп-тәуір теретін де, оны флешкаға баса алмайтын.

Бір мақала жазып бітсе, ішкі телефонға қоңырау шалып: «Қызым, терген файлымды жетер жеріне жеткізейін флешкаға қуып берші» дейтін. Өзі қалай лақтырғаныңды егжей-тегжейлі көріп тұратын да, келесі де тағы шақыратын. Сөйтіп кінәлі оқушыдай ақталып: «Мен осы флешкаға материал қуу мен банкоматтан айлық алуды өмірімде ешқашан білмей кететін шығармын»,– дейтін әзілдеп.

Айлық, демекші, редакцияның жас мамандары үлкен ағаларымыздың банкомат карточкасының құпия сөзін жатқа білетінбіз. Жалақы келгенде ол кісілермен банкоматқа барып қайтудың өзі бір шағын мереке еді.

Еңбекақысын алып беріп, балмұздақтарын жеп, мәз- мейрам болып қайтатынбыз.
Заманауи технологияға мойынсұнбай, әлі күнге қолжазбамен жазатын ағамыздың бірі – Елен Әлімжан.

Бір күні Елаға ұялы телефон сатып алды. Кабинетіне мақала өткізуге кіріп қалсам: «Алматыға маңызды қоңырау шалуым керек еді. Мынаның бірлігі бітіпті. Салып келесің бе?» деді. «Жарайды» деп ақшасын алып, дәлізде кетіп бара жатқаным сол еді. Артынша Елаға: «Әй, Фариза!» деп алқынып кабинетінен атып шықты. «Ау, аға» деп қарасам. «Мынаны алмайсың ба?» деп телефонын беріп тұр. «Жоқ, ол керек емес. Номеріңізге саламын ғой» дедім. Сөйтсем: «Қайдан білейін, осы телефонды ашып ішінің бір жеріне ақша құяды екен десем»,– деді күліп.
«Қалған қатені ертең қараймыз!»

Редакцияда жұртты күлкіге қарық қылып, көңілді жүретін жанның бірі белгілі балалар ақыны, марқұм Лесбек Сайлаубеков ағамыз болатын. Жас тілшілердің арасында жұмысқа қатарласа келген алғашқы үштігі мен, Шынар Сағиева және Бекнұр Сатыбалдиев үшеуміз едік. Үшеуміз күнде үш-төрт жиналысқа барып, бір тынбайтынбыз. Соған ағаларымыз өзара көңілдері толып жүретін болса керек. Ұжымның мерекелік отырысының бірінде Лесбек ағаның: «Бекнұр, Шынар, Фариза үшеуіне ел риза» деген жолдары бар өлең шығарғаны бар еді бізге арнап.

Бірде газеттің «Атпал Аq jol» деп аталатын айына бір рет 12 бет болып шығатын кезекті санына Лесбек аға екеуміз қатар кезекшілікке түсіп қалдық. Түннің бір уақыты болған, газетті баспаға жіберердің алдында соңғы рет қарап, корректорлардың кабинетінде дайын беттерге қол қойып жатқанбыз. Лесбек аға, бір шолып қана, тарсылдатып қол қоя бастады. Корректорлар: «Аға, дұрыстап қарасаңызшы» деді. Сондай кезде кідірмейтін Лесбек ағамыз: «Бүгіндікке осы жетер. Қалған қатені ертең газет шыққан соң дұрыстап қараймыз», – дегені. Барлығымыз шаршағанымызды басып, күлкіге қарық болған едік.

«22 мың дана газетті барып шабамыз ба?»

Бас редактордың бірінші орынбасары қызметін атқарған, білікті журналист, ардақты ұстазымыз Қуаныш Иембердиев ағамыз, күнде үстелді тоқпапқтап ұрыспаса да өзіне тән сесі болатын.

Алдына кіріп мақаламызды тапсырғанда, қас-қабағына қарап именіп тұратынбыз. Ол мақала қашан ол кісінің қырағы қаламынан аман-есен өтіп, қол қойылып шыққанша, іштей бір мазасызданып жүретінбіз.

Ауылда қазақи ортада өскендіктен, орыс тіліндегі жиындарды шыны керек Қуаныш ағаның талабындағыдай індетіп жаза алмай қалатынымыз бар еді.

Бір күні еліміздің өзге ұлтты, орыс тілді Премьер-Министрі облысымызға іссапармен келді. Көбіне өндіріс орындарын, шаруашылықтарды аралады. Сол жиындарда кешке дейін мен жүрдім. Газет шығатын күн еді. Кешкі жетілерде жазуға келіп отырдым. Бастан-аяқ орысша болған жиындардың өзіме жете таныс емес жерлерін «айналып өтіп», мақаламды аса көлемді қылмай, қысқа қайырып Қуаныш ағаның қолына тапсырдым. Ол кісі тараптан онша ескерту келе қойған жоқ.

Қызықтың көкесі газет шыққан күннің ертесіне басталды. Жұмысқа келсем, хатшы қыз мені Қуаныш ағаның шақырып жатқанын айтты. Кірдім. Қабағы қату отыр екен. Қолында орысша «Знамя труда» мен біздің газет. Сөзінен байқағаным, менің кешегі есебіме қатысты жоғары жақтан бір ескерту алған сынды. Сөйтсем мен мақаламда қателеспесем «Тараз энерго орталығы» (ТЭЦ) ЖШС-на қатысты ақпарат болу керек, бір жағымды жаңалықты керісінші мағынада жазып жіберіппін. «Енді не істейміз, 22 мың дана газетті барып шабамыз ба?» (сол кездегі газет таралымы) деп Қуаныш ағаның ашуланғаны есімде қалған еді. Содан бері мақала жазғанда ақпаратты «жүз рет өлшеп, бір рет кесетін» болдым.

«Ареке, келші, мына суретті көрші!»

Басылымның бұрынғы редакторларының ішінде, көзі тірі кезінде Арғынбай Бекбосын ағамыз редакцияға жиі келетін. Қолжазбамен жазған өлеңдерін тергізіп, компьютер орталығында тексеріп, оқып отыратын.

Газет шығып жатқан күннің бірінде жастар болып, әріптесіміз дизайнер Әсем Өтепбергенованың компьютерінің алдында бір суретті талқылап, қайсысын саларымызды білмей дал болып тұрғанбыз. Сол мезетте компьютер орталығының есігін байыппен жүретін, сөйлесе нық айтатын әріптесіміз Ардақ Үсейінова ашып қалды. Мен жалма-жан қуанып, кетіп: «Ооо, Ареке, келші, мына суретті көрші!» дедім саңқ етіп. «Иә, иә» деп басқаларда жамырап қоя берді.

Сөйтсек, компьютер орталығындағылар шай ішетін қуыстағы шағын үстелде кәдімгі Арекең Арғынбай Бекбосын ағамыз отыр екен. Шкафтың ашық тұрған есігінен біз ол кісіні байқамаппыз. «Менен басқа тағы қандай Ареке пайда болды» дегендей бажырайып тұрып, біз жаққа қату қабағымен бір қарады. Жым болдық. Бірақ ештеңе демеді. Ары қарай, өлеңдерін оқып отыра берді. Содан бері Ардақты Ареке деймін өз басым. «Кейін айтып күлеміз ғой, Жамбылдың арындаған жалғыз Арекесінің алдында сені де «Ареке» атап, бірден басын ашып алғанмын»,–деп.

 

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support