- Advertisement -

Ақын мен шенеунік (этюд)

128

- Advertisement -

Есік алдында орта бойлы, қара шашы артына тік қайырылған, болмысы тәкаппар кісіге бұрылып сәлем бердім.
–Қай баласың?
–Шалдың баласымын.
–Қайдансың?
–Шиеліден.
–Е-е, естігем. Әбділданың бір өлеңін
оқышы?
–Жазса Тарас Днепрді,
Жазса Пушкин Еділді.
Неге маған жырламасқа,
Сырда туған елімді…
Тәкаппар кісі ұйып тыңдап тұр.
– Әрі қарай, – деді.
– Сол кезде де жаным, ана,
Өзіңменен тең болам.
Сырда туған Сырдың ұлы,
Жаңа Гейне мен болам.
– Иә, Әбділда – Гейне. Өзі де Гейнелерді
тауып кетті.
Ол кісі бетіне сұраулы жүзбен қарағанымды сезді де, «Егер Әбділда болмаса Мұқағали… «Талант – тас жарады», бірақ дәл осындай деңгейге дер кезінде жетер ме еді, жетпес пе еді», – деді.
Мен жауап бере алмадым.
Есік алдындағы екінші кездесуде өзімді еркін сезіндім. Ол кісі қазақ поэзиясын жатқа айтып, талдап, түбін түсірді. Шыдамсыз ұрпақтың өкілі екенім белгілі – кетіп қалуға ұялып, үлкендігін сыйлап әрең тұрмын.
– Осы, Асанбай аға, Мұқағали қайтқанда сізге Әбекең телефон соғыпты ғой, – деп едім, жалт қарап, сөзімді іліп әкетті.
– Иә… «Асанбай-ау, ана Мұқағали өмірден өтіпті. Көметін жер бермей жатыр деген не сұмдық», – деп Әбекең селк-селк етіп тұр. «Болады, бәрі де дұрыс болады, Әбеке!» – дедім. Шынайы шындық, тұтас суретті өз аузынан естіп тұрмын.
Арада біраз су ақты. Асанбай Асқаровпен үшінші кездесуім. Бұл – ол кісінің төрт жыл темір торда отырып қайтқан беті. Өзгермепті, өмірге деген өкініші өкпек жел боп өңінен де, сөзінен де сезіліп тұр.
– Ертең Әбекеңе барып шығайық. Сен бірге жүр. Жұбайы қайтқалы көрген жоқпын. Жолбарыс жалғыз қалды ғой…
Мәшиненің шопырына: «Шевченко мен Интернациональный көшелерінің қиылысы», – деп Асекең барар жердің бағытын сілтеді. – Мен осы үйде он жыл тұрдым, көшерде Әбекеңе қалдырып кеттім. Екі қабатты жер үй. Әбекеңдей ақын еркін демалып, еркін тыныстасын деп…
Бұл үйде болғанмын. Алматыға келгенде осы үйге түскенмін.
– Сен, өзі, ауылың туралы Әбекеңнің өлеңін білесің бе? – деді тосын сұрақ қойып.
Шайқатылған құйын-перен мәшиненің ішінде тербеліп отырып: «Кемітеді Сырымды, Сарыарқалық былай деп…» деген шумақты бастап жібердім.
– Айт. Аяғына дейін айт.
– Кемітеді Сырымды Сарыарқалық былай деп: – Жауыны аз, желі көп, Тұра алмас ем бір ай деп. Кемітеді Сырымды Сарыарқалық былай деп: – Масасы көп, шаңы көп Сырдариясы ылай деп. Бір жылыңа бермес ем, Мен Сырымның бір айын. Сағынамын көрмесем Шаңы менен ылайын.
– Жиырмаға жетпей Гейне боп қалды. Әбділдаға өлең арнағандар көп. Тұманбай жүз өлең арнады. Шынында, Тұманбайдың өлеңдегі әкесі ғой. Бірақ, Мұқағалидың «Әбділдаға» деген үш шумақ өлеңінің мысы басым. Мұнда Әбекеңнің ақындық, адамгершілік, ұстаздық тұлғасы тұр, – деді де: «Тұрғанда ұйқы-тұйқы ақ самайың, Мен сені, Әбе, қалай жат санайын, Абыржып, асаңды ұстап отырғаның, Ашулы Грозный патшадайын», – деп күбірледі.
Қос қабатты «дворяндар ұясы» секілді үйдің сұлбасы көрінді.
Асекең есіктен аңырап кірді. Әбекең таяғына сүйеніп қалт-құлт етіп жылап тұр. – Өзің аман-есен келдің бе? – деді даусы
қарлығып.
Бұл ақын мен шенеуніктің соңғы құшақ
айқасуы еді. Соған куә болдым. Асекеңді қайтып көрген жоқпын. Әбекеңнің қарлығыңқы даусы құлағымда. Екеуінің де аузынан Мұқағали түспей кетті.

 

Қуандық ТҮМЕНБАЙ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support