- Advertisement -

Асқаров жайлы архив деректері

264

- Advertisement -

Еліміздің тарихында есімдері халық жадында сақталатын тұлғалар аз емес. Солардың бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров. Биыл Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві қоғам қайраткері Асанбай Асқарұлына арналған тарихи- құжаттық көрмені Жамбыл облысының Меркі ауылында ұйымдастырды. ҚР Президент Архивіне 2011 жылы Асанбай Асқаровтың жеке тектік қоры мемлекеттік сақтауға түсті. Онда құжаттар саны 97 істі құрайды, оның 37 ісі фотосуреттерден тұрады.

Архив қорындағы құжаттардың негізінде А.Асқаровтың өмірбаянына қысқаша тоқталсақ. Ол 1922 жылы 15 қыркүйекте Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Меркі ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын 1939 жылы Қырғыз КСР Фрунзе ауданы, Калинин ауданы, Сергооск ауылындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған. 1942 жылдың мамыр айында А.Асқаров Қызыл Әскер қатарына шақырылып, Мешхед қаласында (Иран), одан кейін Ходжент қаласында (Тәжікстан) жаяу әскер батальонында әскери борышын өтеді. Әскерде атқыштар мектебін, содан кейін САВО әскери-саяси училищесін бітіріп, офицер-саяси қызметкер атағын алды, содан кейін рота командирінің саяси жетекшісінің орынбасары болды. Әскерден кейін, 1946 жылдың мамыр айында Меркі ауданына оралып, Қазақстан Коммунистік партиясының аудандық комитеті хатшысының көмекшісі болып жұмыс істеді. 1946- 1951 жылдар аралығында А.Асқаров насихаттау және үгіттеу жөніндегі Меркі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Комсомол жастар одағының Жамбыл облыстық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.

1951 жыл мен 1954 жылға дейін А.Асқаров Мәскеу қаласындағы Кеңес Одағының Коммунистік Партиясының Орталық Комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебінде оқып, оны үздік бітірді. 1954 жыл мен 1958 жыл аралығында ол Жамбыл облысы Қазақстан Коммунистік партиясының, Меркі аудандық комитеттерінің бірінші хатшысы лауазымын атқарды. 1958 жылы А.Асқаров еңбекшілер депутаттарының Жамбыл облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып бекітілді және осы лауазымда 1959 жылға дейін қызмет атқарды. 1959 жылдың желтоқсанынан 1965 жылға дейін А.Асқаров Қазақстан Коммунистік партиясының Жамбыл облыстық комитетінің бірінші хатшысы лауазымында болды. Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық комитетінің 1965 жылғы 14 сәуірдегі қаулысымен А.Асқаров Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы және Қазақстан Коммунистік партиясының бюросының мүшесі болып бекітілді.

А.Асқаровтың Коммунистік партия қатарындағы әртүрлі қызметтеріне тоқталсақ, 26 жыл бойы Қазақстанның үш облысының бірінші басшысы болып жұмыс істеп, 27 жыл – Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі, 14 жыл – Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитеті бюросының мүшесі, 23 жыл бойы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 15 жыл жастар саясаты жөніндегі комиссияның төрағасы болып қызметтер атқарған.

Оған 1986 жылы 16-18 желтоқсанда Алматы қаласында жастардың демонстрациясын ұйымдастырды деген айып тағылып, 1987 жылы сәуірде тұтқындалып, Мәскеу қаласында қамауда болды.

1989 жылдың қазан айында А.Асқаров Қырғыз Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы сотында өткен сот процесіне Бішкек қаласына жіберілді.

1991 жылғы тамызда Қазақстан мен Қырғызстан Президенттері Н.Ә. Назарбаев пен А.А.Ақаевтың уағдаластықтары нәтижесінде Асанбай Асқарұлы Асқаров түрмеден босатылып, Қазақстан Бас прокуратурасының ұсынысы бойынша 1995 жылы ол толық ақталды.

А.Асқаровтың басшылық қызметтен бөлек ғылымға қосқан үлесі де мол. Экономика ғылымдарының кандидаты (1968 жыл), Халықаралық акмеология ғылымдары академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры. Шымкент, Тараз қалаларының, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарының Құрметті азаматы. Ол бес Ленин орденімен, «Октябрь революциясы» орденімен, екі «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және 12 медальмен, құрмет грамоталарымен және де басқа ерекше белгілермен марапатталған. 1982 жылы А.Асқаровқа Социалистік Еңбек Ері құрметті атағы берілді.

А.Асқаровтың қалың оқырманның ықыласына бөленген «Ауыл шаруашылығының экономикалық мәселелері» (1984 ж.), «Тағдыр» (1994 ж.), «Көзқарас» (1996 ж.), «Ұлы Тұранның ұлдары» (1998 ж.) авторлық кітаптары бар. Өмірінің соңында Асанбай Асқаров ұзақ науқастанып, 2001 жылы 13 тамызда дүниеден өтті.

 

Әйгерім БАҚТЫБАЕВА,

ҚР Президенті архиві баспасөз қызметінің аға сарапшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support