Мыңбұлақ бауырындағы мүшәйра

Мыңбұлақ бауырындағы мүшәйра
ашық дереккөз
Мыңбұлақ бауырындағы мүшәйра
Халық жазушысы, ұлтымыздың біртуар перзенті Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында қаламгердің туған жері Талапты ауылында жас ақындардың облыстық «Шынның жүзі – Шераға» атты жыр мүшәйрасы өтті. Оны Жуалы аудандық «Жастар ресурстық» орталығы мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова сөз сөйлеп ашып берді. «Қадірлі көпшілік! Бұл ауылдың тарихи ауыл екенін білесіздер. Шерхан Мұртазаұлы туған топырақта осындай жыр додасы өтіп жатқанына қуаныштымыз. Жас талапкерлерге сәттілік тілейміз» деді ол. Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев та жастарға жылы лебізін арнады. Талабы таудай 24 жас ақынның өнерін ақындар, ҚР Мәдениет саласының үздігі Үміт Битенова, Нұржан Дербісәлі және Жуалы ауданының Құрметті азаматы Дәулетжан Байдалиев саралап, әділ бағасын берді. Бұл өлең додасынан есімі көпшілікке танылып қалған жүйріктерден бөлек, жарқылдаған жаңа есімдерді де көріп қуандық. Олар халық жазушысын, Мыңбұлақтың мақтанышы болған Шерағаның тұлғалық қасиетін сан қырынан ашып, жырлай білді. Жастар оқыған өлеңге Талапты ауылының бүкіл тұрғыны қолдау білдіріп, қызыға тыңдады. Бұл іс-шараны Шерағаның келіні Райхан Мұртазаева, жеңгесі Камила Мамытова, немере інісі Әлижан Мұртазаұлы көпшілікпен бірге тамашалады. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орын тараздық Аят Бәтейге бұйырды. Ал Жамбыл ауданынан келген Алина Айдаралы «Жас қалам» аталымына, байзақтық Бексұлтан Қоштаев «Поэзияға адалдығы үшін» аталымдарына ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталды.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар