Өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан
ашық дереккөз
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан
Жетінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХVI сессиясында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов есеп берді. Өңір басшысы облыстың әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқанын жан-жақты талдап көрсетіп, аймақта үйлесімді іске асқан жобаларға кеңінен тоқталды. Күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселелерді де жіпке тізіп берді. Биыл бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 104,1 пайызға жеткен. Соның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй, сауда байланысы бойынша ірі жобалар іске асқан. Бұдан өзге 155,8 миллиард теңге инвестиция тартылса, инфляция деңгейі 110 пайызды құраған. – Өңірде агроөнеркәсіпті дамытуға 31,2 миллиард теңге субсидия қаралды. Бұған қоса, салаға құны 21 миллиард теңге инвестиция тартылып, 16 жоба іске асырылады. Соның есебінен 324 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 2,8 миллиард теңгеге 4 жоба іске асып, 110 жұмыс орны құрылды. Ағымдағы жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 756,2 мың гектарға орналастырылып, бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 5,4 мың гектарға артық. Қазіргі кезде жиналатын 371,1 мың гектардағы масақты дәнді дақылдар толығымен орылып, жалпы түсім 633,4 мың тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға артты. Сол секілді 1,1 миллион тонна көкөніс дақылдары, 187,5 мың тонна картоп және 795 мың тонна бақша өнімдері өндірілді. Жеті айдың қорытындысы бойынша мал саны 4,5 пайызға артты. Ет өндірісі 1,8 пайызға, сүт өндірісі 1,5 пайызға артып отыр. Сондай-ақ 787 тонна ет экспортталды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында 161,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,9 пайызды құрады, – дейді Нұржан Нұржігітов. Өңір басшысы облыстағы су жүйелерін қалпына келтіру мақсатында арнайы жол картасы әзірленіп, соның аясында 2025 жылға дейін 124 мың гектар алқапты қалпына келтіру көзделгенін хабарлады. Пилоттық жобаны іске асыру нәтижесінде 5 жылда экономикалық тиімділік 14,9 миллиард теңгені құрайтынын жеткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда облыста іске асқан пилоттық жоба туралы айтып, осы тәжірибені басқа аймақтарда іске асыруды тапсырғаны да берекелі бастаманың тиімділігін айғақтайды. Облыс әкімі баяндамада әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар кешенді шаралар қабылданғанын айтты. Облыстағы 106 ірі дүкенге отандық тауар өндірушілердің 10 түрлі тауарын жеткізу де баға тұрақтылығын бақылаудың тиімді әдісі болып отыр. Қала берді сауда желілерімен 10 түрлі тауар бойынша форвордтық келісім жасалғаны да құптарлық іс. Осы ретте мониторинг жұмыстарының нәтижесінде тауарға үстеме ақы қосып сатқан саудагерлерге хаттама толтырып, айыппұл салынуда. Сондай-ақ облыста кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жаңа бизнес бастамаларды іске асыру үшін 2,6 мың кәсіпкерге 10,5 миллиард теңге шағын несие, 2,6 мың кәсіпкерге 3,3 миллиард теңге қайтарымсыз мемлекеттік грант (400 АЕК) бөлінген. Ал «Өндірістік инфрақұрылымды дамыту» тетігі бойынша 9 жобаны іске асыру мақсатында 2,3 миллиард теңге қаралса, «Қарапайым заттар экономикасы» аясында 69,6 миллиард теңгеге 187 жоба мақұлданып, 60 миллиард теңгеге 185 жоба қаржыландырылған. Жыл соңына дейін жалпы 201 жоба іске асырылмақ. Облыс әкімі өз сөзінде ауыз су, газ, тұрғын үймен қамту, мәдениет, спорт, білім және тағы басқа да салалардағы атқарылған жұмыстар мен көрсеткіштерге жан-жақты тоқталды. Баяндамадан соң облыстық мәслихаттың депутаты, Еңбек ері Мұқаш Ескендіров өңір басшысына жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша өңірлік бағдарлама қашан әзірленетінін сұрады. –Облыста 248 мың жас бар. Соның ішінде 24 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылмаған әрі оқу оқымайды. Иә, жоғарыда атап өткен ақпараттық-статистикалық мәлімет мемлекет қаражаты есебінен іске асқан жобаларға қатысты. Жыл сайын өңірде мектеп, мәдениет ошақтары, ауруханалар ашылуда. Мұнда жастар тұрақты жұмыспен қамтылуда. Ал енді өнеркәсіп саласында 16 инвестициялық жоба іске асса 324 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қолға алған ісін кеңейтіп, жаңа жұмыс орнын ашуды көздеген кәсіпкерлерге әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Енді өнеркәсіп саласында 2025 жылға дейін 2 триллион 100 миллиард теңгеге 75 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін ауыл шаруашылығында 711 шағын жобаға 75 миллиард қаражат қарап ауылдық жерлерде 4 300 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Сессияда облыстық мәслихаттың депутаттары Ерқанат Манжуов, Ерболат Саурықов, Сәуле Рысбаева, Уалихан Болатбек облыс әкіміне өңірді дамыту бағытында бірнеше сұрақ қойып, мардымды жауап алды. Атап айтқанда, мәслихат депутаттары қоғамдық көлік, инфрақұрылым, студенттер жатақханасы, мәдени-көпшілік саябақтар мен аллеялардың тазалығын қадағалау, қалалық АХАЖ бөлімі ғимаратының сапасы сын көтермейтіні секілді мәселелер қаузалды. Мұнан соң облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешімге енгізілетін өзгерістер ретін баяндады. Осы ретте облыстық мәслихаттың депутаты Ерқанат Манжуов облыстық бюджеттен 6 миллион теңге қаралып жатқан «Тазалық сақшысы» жобасының тиімділігі туралы сауал қойды. Ерқанат Нұрбапаұлы саябақты тазалап, көше сыпыру, ағаштарды бұталау сынды жұмыстарға тартылған жастар жоба аяқталған соң, 100 пайыз тұрақты жұмыспен қамтылатынына күмәнмен қарайтынын айтып, бөлінген қаражатты тиімсіз деп ойлайтынын жеткізді. Бұған өңір басшысы Нұржан Нұржігітов жастармен кездескенде «Жасыл ел» жасағындағы жастардың жұмысын көрсету мақсатында саябақтарды бөліп беру туралы ұсыныс айтылып, жастармен келісілгенін жеткізді. Ал облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасына бөлінетін «Тазалық сақшысы» жобасын дауысқа салды. Кейін бұл ұсыныстан үш депутат қалыс қалып, көпшілік дауыспен «Тазалық сақшысы» жобасы іске асатын болды.  

Сәндібек ПІРЕНОВ

 

   

Ұқсас жаңалықтар