Интернет іздеп қыр асқанды қашан қоямыз?

Интернет іздеп қыр асқанды қашан қоямыз?
ашық дереккөз
Интернет іздеп қыр асқанды қашан қоямыз?
Бүгінде жаңа технологиялардың мүмкіндігі молайып, цифрлы технологиялар өркен жая бастады. Нақ қазір халыққа қызмет көрсету орталығына сабылмай-ақ, ұзын-сонар кезекке тұрып әуре болмастан жұмысқа орналасу, жер кезегіне тұру секілді мемлекеттік қызмет түрлерінің біразын үйден шықпай-ақ алуға болады. Әсіре се қала тұрғындары электронды қызмет жасауға жақсы төселіп алған. Төлемді де электронды түрде жүргізуге бейім. Жол жүру билетінен бастап, сауда нүктелері, такси қызметі де осы жүйеге әбден машықталған. Мұның барлығы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бағыты бойынша іске асқан ауқымды жұмыстардың нәтижесі екені анық. Осындай қолайлы әрі қолжетімді қызметтердің арқасында халықтың да цифрлық с ауаттылығы артып келеді. Бірақ... Цифрлы технологиялар мен жүйелердің шарапатын кейбір шалғай ауылдағы ағайын әлі күнге дейін көрмей отыр. Мысалы, Мойынқұм ауданы, Ұланбел ауылының тұрғындары жоғары жылдамдықты интернеттің жырын талай мәрте көтеріп, бармаған жері, қақпаған есігі қалмағанын айтады. Бұған дейін тиісті мекемелер интернет орнатамыз деп уәде бергенімен, істің қайыры болмаған. Тек 2020 жылы жергілікті билік ауылға Activ компаниясының жылдамдығы төмен (3G) интернет орнататынын хабарлаған. Содан не керек, ауыл азаматтары «біздің өтінішіміз билікке жетті, енді балалар интернет іздеп ауыл шетіндегі төбені жағаламайтын болды» деп көңілі жайланған. Бірақ жұрттың қуанышы ауылға интернет құрылғысын орнатқаннан кейін су сепкендей басылыпты. Өйткені компанияның интернетін сол күйі ешкім пайдаланбаған. – Несін жасырамыз, ауылға интернет тартқаны рас. Бірақ, оның жылдамдығы мессенджерден келген хаттардың өзін ашуға қауқарсыз. Ұланбелден 53 шақырым қашық жатқан «Амангелді» газы бар. Онда «Теlе2» интернеті жақсы тартады. Бірақ ондағы құрылғының мүмкіндігі біздің ауылды интернетпен қамтуға жетпейді екен. Содан не керек, 2020 жылы қарашада «Beeline» интернетін қосты. Олар да 3G орнатты. Тіпті интернет орнатуға компаниядан келген үш жігіттің қасында мен де болдым. Ауыл халқы әупірімдеп жүріп интернетке қосылғанда, интернет тек бір сағат ғана жұмыс істеді. Кейін лезде өшті. Себебі «Beeline» компаниясы Ресейге қараған соң, жергілікті әкімдік келісім бермеген. Сонда әлгі жігіттер «Сіздерге Activ компаниясы келіп интернет орнатады» деп жауап берді. Бірақ олар сол кездің өзінде-ақ «Activ» интернетінің ауылды қамтуға қауқары жетпейтінін айтқан. Өйткені бізде интернет орнатуға қолайлы екі аймақ ауылға емес, сыртқа қарап тұр. Ауылда интернеттің дұрыс орнатылмағаны туралы хабарды солардан естідік. Алыстағы ағайынның жіберген хабарламалары әлі күнге дейін түннің бір уағында келіп жатады. Үйге WiFi орнатамыз деп сәуірде «Транстелеком» акционерлік қоғамынан да мамандар келген. Олар әкімдіктің маңындағы мұнараға интернет құрылғысын орнатуға жергілікті әкімдік рұқсат берсе, интернетке қосылуға болатынын айтты. Бірақ олар да сол кеткеннен қайырылмады, – дейді ауыл тұрғыны, кәсіпкер Жұмакүл Жұмабаева. Ұланбелдіктер орайы келсе, мектептің интернетіне қосылып, соның мүмкіндігін молынан пайдаланудан үмітті. Алайда мектептегі интернеттің шектеулі минуттарын мұғалімдердің өзі қасқалдақтың қанындай үнемдеп пайдаланады екен. Ауылда жарық өшсе, «Activ» компаниясының интернетін айтпағанда, кәнігі ұялы байланыс бірден үзіледі екен. Өйткені батарея жоқ. Ал «Beeline» компаниясының батареясы электр қуатынсыз бес сағат жұмыс істеуге ғана қауқарлы. Ұланбелден шамамен 95 шақырым қашық жатқан Сарыөзек ауылына аудан орталығынан интернет келіп тұр. Өйткені аталған ауыл аудан орталығынан шамамен 60 шақырым қашық жатқан көрінеді. Соны бажайлап отырған ауыл тұрғындары Ұланбелден 53 шақырым қашық жатқан «Аменгелді» газының төңірегінде «Beeline» мен «Tеlе2» абоненттері үшін жоғары жылдамдықты интернет барын айтады. Оның радиусы шамамен 30 шақырымға дейін жетеді екен. Ауыл жастары сол бағытқа 30 шақырымдай жол жүріп, қас қарая қырға жеткенше асығады. Содан ұланбелдіктер жергілікті әкімдікке қырға биік мұнара орнатып, ауылға интернет тарту туралы ұсыныс тастаған. Әзірге осы сұраққа да ешкім мардымды жауап бермеген. Ауыл тұрғындары дәл осы мәселені ауданға бұрынғы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров келгенде бірнеше рет көтерген. Кейін жеке қабылдауына да кіріп хабарлағандар бар. Ұланбел тұрғындары интернеттің жоқтығы мектеп жасындағы балаларға қиын екенін айтуда. Өйткені былтыр Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға ниетті 17 түлектің ішінде интернет іздеп қалаға барғандар да жоқ емес екен. Биыл да М.Әуезов атындағы орта мектепте тестілеуге баратын оқушылардың саны былтырғы көрсеткішке жетеғабыл. Ұланбелден 55 шақырым қашықта жатқан Жайлаукөл ауылы, одан әрі Сарысу ауданына қарайтын Қамқалы, Шығанақ, Досбол, Көкдала елді мекендердегі тұрғындардың өтініші де «интернет қашан қосылады?» деген сауалдан әрі аса алмай тұр. Жалпы Ұланбел ауылы аудан орталығынан 167 шақырым қашықтықта жатыр. Яғни ауданға ең қашық орналасқан ауыл. Аталмыш елді мекендерде карантин кезінде басқа-басқа, балалар қалай білім алды екен, деген орынды сауал туады. Сөйтсек, студенттер қаладан қайтпай, жалдамалы пәтерде тұрса, оқушыларға тапсырманы мұғалімдер қоңырау шалып мәтінін баяндап отырған. Кейін ауыл мұғалімдері үй-үйді аралап оқушылардың дәптерін жиып, тексеріп, қас қарайғанша қайта таратып әбігер болған. Ауыл тұрғындары: «Жергілікті әкімдіктің Ұланбелдің интернеті күн тәртібінен түспейді» дегеннен бізге келер пайда болмай тұр. Бізге нәтиже керек қой. 3G интернетті айтпай-ақ қоялық, жылдамдығы 2G интернетке қосылсақ та жарар» деп отыр. Облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, өңірдегі 371 елді мекеннің 183-і талшықты оптикалық байланыс желісімен қамтылса, 188 елді мекенде мұндай желі жоқ. Сол секілді 86 елді мекен радиорелелік байланыс желісіне қосылған. 11 елді мекен мобильді интернетпен мүлде қамтылмаған. Шу ауданындағы Алайғыр, Құлақшын ауылдары, Сарысу ауданындағы Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл, Үлкен Қамқалы, Кіші Көкдала, Шағалалы, Ақтам ауылдары, Меркі ауданында Құмарық және Мойынқұмдағы Ұланбел ауылы да интернетке қосылмаған елді мекендердің тізімінде тұр. Биылғы жоспар бойынша 156 елді мекен жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен қамтамасыз етіледі екен. Байланыс операторларымен бірлесіп интернет желісі және мобильді байланыспен мүлдем қамтылмаған 11 елді мекенге антенна мачталық діңгек орнату мүмкіндігін зерделеп, шешу жолдары қарастырылып жатқан көрінеді. Байқағанымыздай, Ұланбелдегі жайдан облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы да хабардар. Бірақ басқарма басшылығы мәселенің мән-жайын тұрғындарға жіті түсіндіріп, оң шешімін айтып беруге асығатын емес секілді. Соған қарағанда, Мойынқұм ауданының орталығынан қашық жатқан ауылға әзірге интернет келмейтін сыңайлы. Ал ауыл тұрғындары цифрлық жүйелер былай тұрсын, балалардың ғаламтордағы қарапайым дереккөздерді де оқып біле алмай отырғанына наразы...  

Сәндібек ПІРЕНОВ

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар