- Advertisement -

Аманат

90

- Advertisement -

Мен Түймекент ауылында тұратын қарапайым ғана еңбек ардагерімін. Арагідік аудандық, облыстық басылымдарға қалам тербеп қоятыным бар. Менің мойнымда бір аманат жүр. Соны «Aq jol» газеті оқырмандарымен бөліскім келеді. 2022 жылы шілде айының басында Алматыда тұратын Тілеухан Тоқтамысұлы деген немере ағамның көңілін сұрап бардым.

Ол кісі қатты науқастанып жатыр еді. Кәдімгідей сылынып, тор еттен төмен түсіп қалған екен. Асыл жары –жеңешем Базаркүл, баласы Сабыр басында күзетіп, күтімін жасап отыр. Содан ағамның жағдайы белгілі болды. Оңашада жеңгем мен ініме: «Меңдеп кеткен секілді. Беті бері қарайды деу қиын. Қамдарыңды жасай беріңдер», дедім. Дегенмен бой жазды ма, мен барған күні аға басын көтеріп, аздап тамақ ішіп, ауылдың амандығын сұрай бастады. Арасында: «Сен қайтып кетпе, саған айтам сөзім бар. Саған жүктейтін аманатым бар», деді. «Жарайды, осындамын, аға» деп жатырмын. Біраз уақыттан соң, мені қасына шақырып алып, Сайлаубек Жұмабектің «Шерхан Мұртаза – жұлдызы нұрлы суреткер» атты кітабын ұсынды да, жаныма отыр дегендей ишара жасады.

Бір әңгімені бастағысы келіп отырғанын байқап қасына жайғастым. Аға сөзін бастап кетті.
– Ниязхан, саған осы кітап – аманат. Алғашқы бетінде Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 2011 жылы 12 тамызда маған «Тілеухан Тоқтамысұлы! Тұлпар мініп ту ұста! Көп жаса! деп берген қолтаңбасы бар. Жазушының бұл тілегін бата деп қабылдауға да болады ғой. Енді қолтаңбаның қалай нәсіп болып қалғанын айтайын. 2011 жылдың тамыз айының басында Тараз қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы шипажайда демалған едім. Содан емімді алып жүрдім. Менің шипажайдағы демалысымның бітуіне екі күн қалғанда «Осында демалуға Халық жазушысы Шерхан Мұртаза келіпті» деген сөз тарады. Содан сыртқа шыққан бір сәтімде ойламаған жерден демалушылар сөз етіп жатқан, аңыз адам Шерхан Мұртазамен кездесіп қалдым. Амандықтан кейін, аты-жөнімді, Алматыдан келгенімді айтып таныстым. Ал ол: «Мен Шерхан Мұртаза деген жазушы боламын, – деді. Былай да кім екенін біліп тұрмын, өзінің таныстырғаны жақын тартқаны болар деп ойладым.

Түріне барлап қарап өттім. Қара мұртты, қара қасты, қайратты, батыр тұлғалы, сымбатты кісі екен.
– Тілеухан батыр, сен қашан қайтасың Алматыға? –деді Шераға жұрттың бәріне таныс екпінді даусымен нығырлап.
– Менің екі күн ғана мерзімім қалды аға? деп барып тоқтадым.
– Алматыға қайтпай қоя тұр. Менімен бірге боласың сен, қалай қарайсың? –деді.
– Сіз қалай шешсеңіз, солай болады, – деп, сыпайылық танытып жатырмын.
– Олай болса, қазір екеуміз осы шипажайдың директорына барып, сенің демалыс мерзіміңді ұзартамыз, – деді Халық жазушысы.

Шер аға айтқандай болды. Демалысым ұзартылды. Мен Шерхан ағаның ең сенімді інілерінің біріне айналдым. Халық жазушысы Шерхан Мұртазаға келіп жатқан адамдар өте
көп. Көпшілігін мен танымаймын. Шерхан аға оларға мені інім деп таныстырады. Кейбір сый табақтарды мен жайғастырамын. Қымыз, шұбат, қазы, қарта, басқа да ас- сусындар ағылып келіп жатыр. Ондайда: «Көршілерді шақыр», дейді Шерағаң. Көрші бөлмедегі демалушыларға айтып келемін. Лезде бәрі жиналады. Содан әзілдесе отырып, жылы жұмсақ асты ортаға аламыз. Бәріміз көңілдіміз. Осылайша, Шерхан ағамен бірге қызыққа толы он күннің қалай өткенін білмей де қалыппын. Шерхан Мұртазамен кездесіп, пікірлескеніме сондай қуанамын, ол күндерді сағынышпен еске аламын, – деп сөзін түйіндеді Тілеухан ағам.

Шерхан Мұртазаның өмірінде болған бір жүздесудің жай-жапсары осындай. Мен бірақ, ағамның Халық жазушысы Шерағаңмен кездескенін кеш естідім. Естіген сәтте қуанып, ағам үшін мақтандым. Ағам Шерханмен кездескенін маған айтып, қолтаңбасы бар кітапты аманат етіп үлгеріпті. Өкініштісі, осы әңгіме айтылған соң үш күннен кейін Тілеухан ағам өмірден озды. Тілеухан ағамның Қордай ауыл шаруашылығы техникумын, кейіннен Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтты бітірген механик-инженер, педагог маман екенін, ұзақ жыл механик, кейіннен ұлағатты ұстаз болғанын айта кеткен
жөн шығар.

Бақилық болған ағамнан маған жауапкершілік болып аманат кітап қалды. Міне, сол аманатты Шерхан Мұртаза жазушының 90 жылдық тойы қарсаңында «Aq jol» газеті редакциясына тапсырып, өзім жеңілдеп қалдым.

 

Ниязхан БЕЙСЕНОВ,

Түймекент ауылдық округі ардагерлер кеңесінің комиссия төрағасы.
Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support